Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған бір палаталы Құрылтайдың бірінші сессиясы 28 тамыз күні сағат 11-де Астанада басталатыны туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы 26 тамызда таңертең Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Парламентке өткен партиялардан депутат болатындардың нақты тізімдері ақпарат құралдарында жарияланбай тұрып, Ақорда бірінші шақырылымдағы Құрылтай сессиясы басталатын күнді белгіледі.
Бұдан бір күн бұрын, 25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлаудың түпкілікті ресми қорытындысына сәйкес, бірінші шақырылымдағы Құрылтайға 5 саяси партия өткен. Құрылтайдағы 145 орынның 110-ын биыл көктемде Қазақстанның саяси сахнасында жаңадан пайда болған "Әділет" партиясы алып, қалған орындар бұған дейін де парламентте болған "Ауыл" (10 орын), Respublica (9 орын), "Ақ жол" (8 орын) мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (8 орын) тиді.
Ал осы сайлауға қатысқан тағы екі саяси ұйым – "Қазақстан халық партиясы" мен "Байтақ" жасылдар партиясы парламентке өтуге қажет межеден аса алмады. 24 тамызда "Байтақ" партиясы жетекшісі Азаматхан Әмірхан сайлауға дауыс беру күні биліктің рұқсатымен сауалнама жүргізген ұйымдар жариялаған экзит-полл қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеп, баспасөз мәслихатына шақырып хабарлама таратқан. Бірақ ол ниетінен тез айнып қалды. Келесі күні Әмірхан сайлаудың ресми қорытындысын мойындайтынын айтып мәлімдеме жасады.
Жаңа Конституция бойынша, президент Құрылтайдың келісімімен Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғарғы есеп палатасының басшылығын тағайындайды. Құрылтайдың мақұлдауын қажет ететін тағы бір лауазым – вице-президент. Жаңа Конституцияға сай, вице-президентті президент тағайындайды және босатады, оның қызмет міндеттерін де президент анықтайды. Ал мемлекет басшысы қайтыс болған немесе қызметінен кеткен жағдайда, Конституцияға сәйкес, оның өкілеті вице-президентке өтеді.
Жексенбі күні Астанада Құрылтай сайлауына дауыс берген президент Тоқаев вице-президент кім болатыны жақында айқындалатынын айтып, "бәріңіз жақсы білетін белгілі адам болады деп ойлаймын" деген. Бұған қоса Тоқаев сайлаудан кейін үкімет құрамында өзгеріс болатынын айтқан.
Алғашқы Құрылтай сайлауына билікті жақтайтын партиялар ғана қатысты. Ал елде талай жылдан бері партия ретінде ресми тіркеле алмай жүрген оппозициялық топтар бұл жолғы саяси науқаннан да шет қалды.
Президент Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда биыл 15 наурызда өткен референдумның ресми қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енген. Оған сәйкес, елде кейінгі отыз жыл бойы жоғарғы заң шығарушы мемлекеттік орган болып келген екі палаталы парламентті бір палаталы Құрылтай алмастыратын болды. Парламентке бір мандатты сайлау округінен депутат сайлау тағы да жойылып, Құрылтай құрамын тек партиялық тізім бойынша сайлау тәртібі негізгі заңда бекітілді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы парламент сайлауына, ресми мәлімет бойынша, сайлау құқығына ие 12,6 миллион қазақстандықтың 9 351 539-ы немесе 74,08 пайызы дауыс берген. Қазір Қазақстан заңы бойынша, дауыс беруге неше сайлаушы қатысқанына қарамастан сайлау өткен болып саналады.
Маусым айында сайлау заңнамасы өзгеріп, бұл жолғы саяси науқанды бақылауға ықылас танытқан тәуелсіз байқаушылар қатары қатты сиреген еді. Бұған дейінгі сайлау науқандарын бақылап жүрген санаулы ұйымдар қауіпсіздік себебіне байланысты Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты. Ішкі істер министрлігі "сайлау кезінде өрескел заңбұзушылық болмағанын" мәлімдеді.
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ ТМД, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардан және бірқатар шет мемлекеттерден қатысқан байқаушылар алғашқы Құрылтай сайлауы заңға сәйкес өтті деп баға берді.
Құрылтай сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының өкілдері 24 тамызда көпшілікке таныстырған алдын ала қорытындысында Қазақстандағы сайлау "саяси плюрализмі аз ортада өткені" айтылған. Миссия өкілдері "саяси додаға түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмағанын, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелгенін" атап өтті.
Президент Тоқаев сайлауға дауыс беру күні қарсаңында телеарнадан жасаған үндеуінде биылғы "сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы болғанын" айтып, бұл сайлау "ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық" деп мәлімдеген еді.