Accessibility links

Тәжік әйелі қажыға баруға жиған ақшасын вируспен күреске жұмсады


Қағбаның қасында Аллаға мінәжат етіп тұрған мұсылмандар. Мекке, Сауд Арабиясы, 23 маусым 2020 жыл.

Орталық Азиядағы көп мұсылман ислам дініндегі бес парыздың бірі – қажыға бару үшін жылдар бойы ақша жинап, азын-аулақ квотаға ілігу үшін кезекке тұрады. Бірақ биыл коронавирус індетінің кесірінен Сауд Арабиясынан тысқары тұратын адамдарға қажыға баруға тыйым салынды. Парызын өтеуге ниет еткен мұсылмандардың кейбірі келер жылды күтеміз десе, енді бірі ақшасын қайырымдылыққа жұмсап жатыр.

КОРОНАВИРУС КЕСІРІ

Тәжікстанның оңтүстігінде тұратын дәрігер Шырын Назирмадова әр мұсылман өмірінде бір рет орындауға тиіс парызын өтеп, қажыға бару үшін көп жылдан бері тапқан-таянғанын тірнектеп жинап келді.

Бірақ басқа миллиондаған мұсылман сияқты Шырынның да жоспары биыл жүзеге аспайтын болды, себебі Сауд Арабиясы маусым айында коронавирус індетінің таралуына байланысты шетелден қажылыққа келетіндерге шек қойды. Ел үкіметі биыл 28 шілде мен 2 тамыз аралығында болатын қажылыққа Сауд Арабиясының 1 мыңға жуық тұрғыны ғана қатыса алады деп шешті.

Қажыға баратындардың жасы 65-тен аспаған болуы шарт және Мекке мен Мәдинадағы қасиетті орындарға кіру үшін коронавирусы жоқ деген анықтама қағазы болуы тиіс.

Дәрігер Шырын Назирмадова. Фахор ауданы, Хатлон аймағы. 19 мамыр 2020 жыл.
Дәрігер Шырын Назирмадова. Фахор ауданы, Хатлон аймағы. 19 мамыр 2020 жыл.

60 жастағы Шырын Назирмадова Азаттыққа сұхбатында биыл қажыға барам деп жоспарлағанын, келер жылға дейін күте алмайтынын айтты. Есесіне ол қажылыққа деп жинаған ақшасын коронавируспен күресте аса қажет заттарды сатып алсын деп, жергілікті Фархор ауданы ауруханасына қайырымдылық көмек ретінде аударған.

Ауылды жердегі аурухана бұл қаржыны қызметкерлерге қорғаныш құралдарын, антисептик пен дәрі-дәрмек алуға жұмсаған. Орталық Азиядағы 9,5 миллион халқы бар кедей ел – Тәжікстанның көп ауруханасында қорғаныш құралы жетіспейді.

Тәжірибелі дәрігер Назирмадова – коронавируспен күресте алғы шепте жүрген адамдардың бірі.

Шырын Назирмадованың қайырымдылық мақсатымен берген ақшасына алынған дәрі-дәрмек пен өзге де қажет заттар. Фархор ауданы, Хатлон өңірі. 19 мамыр 2020 жыл.
Шырын Назирмадованың қайырымдылық мақсатымен берген ақшасына алынған дәрі-дәрмек пен өзге де қажет заттар. Фархор ауданы, Хатлон өңірі. 19 мамыр 2020 жыл.

Сондықтан Меккедегі Алланың үйі – Қағбаға бас ұрып, Мина тауында шайтанға тас лақтырудың орнына ол Фархор аудандық ауруханасында COVID-19 жұқтырғандар мен басқа да науқастарды емдей бермек.

ЖАҢА ЕРЕЖЕ

Сауд Арабиясы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны жөнінен әлемде алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан үкімет қажыға баратындардың бұрынғы ақ матадан тігілген қарапайым киіміне бетке тағатын маска мен қолғапты қосты.

7 шілдедегі мәлімет бойынша, елде COVID-19 жұқтырған 217 мың адам тіркелген, 2017 адам осы дерттен көз жұмды. Сауд Арабиясы өлім көрсеткіші бойынша Таяу Шығыста Иран, Египет пен Ирактан кейінгі орында тұр.

Сауд Арабиясы үкіметі қажыға келгендердің денсаулығын сақтау үшін әлеуметтік арақашықтық ұстану, дене қызуын өлшеу, дезинфекция құралдарын қолдану сияқты ережелер енгізді.

2019 жылы Аллаға құлшылық ету үшін Сауд Арабиясына 2,5 миллион мұсылман келген. Мекке, 18 тамыз 2019 жыл.
2019 жылы Аллаға құлшылық ету үшін Сауд Арабиясына 2,5 миллион мұсылман келген. Мекке, 18 тамыз 2019 жыл.

Қажылық – әлемде мұсылмандар ең көп жиналатын ірі оқиға. 2019 жылы Аллаға құлшылық ету үшін Сауд Арабиясына 2,5 миллион адам келген. Оның қасында 1 мың адам деген – теңізге тамған тамшыдай ғана.

Коронавирус дағдарысына байланысты Сауд Арабиясы биыл умра қажыға да шектеу қойды. Негізгі қажылықтан айырмашылығы – умраға жылдың кез келген мезгілінде баруға болады. Кейінгі жылдары Сауд Арабиясына 7 миллиондай адам умра қажылыққа келіп жүрген.

"МҮМКІНДІКТІ БӘРІБІР ПАЙДАЛАНАМЫН"

Тәжікстан мен Сауд Арабиясы үкіметтерінің арасындағы қатаң квота тәртібіне сәйкес, қажыға баратын тәжіктер 5-6 жыл кезек күтетін. Өтініш беретіндер саны жыл сайын Тәжікстанға бөлінген 6 мың квотадан әлдеқайда көп.

Орталық Азияның өзге елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мұсылмандары да осылай ұзақ күтеді.

Фархорда тұратын дәрігер Назирмадова енді қажыға бара ала ма, жоқ па, оны білмейді. Мемлекеттік дін істері комитеті ұйымдастыратын қажылыққа адам басына 3700 АҚШ доллары керек. Айына 150 доллар алатын ауыл дәрігері үшін бұл – өте көп ақша.

Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген комитеттің ресми өкілі Афшин Муқим 2020 жылы квотаға ілінген азаматтар қаласа келесі жылы қажыға бара алады деді. Бірақ комитет өкілі АҚШ долларымен төленетін жол ақысы алдағы жылдары сол күйі қала ма, жоқ па, ол жағын білмейді.

"Соңғы 7-8 жыл баға бір қалыпта тұр. Бірақ Тәжікстан ұлттық валютасы – сомони [соңғы жылдары долларға шаққанда] құнын жолғалтқандықтан, біздің ақшамен сапар шығыны біраз артты", - деді ол.

Қазіргі айырбас бағамымен қажылық құны 38 мың сомони тұрады. Ал сегіз жыл бұрын бұдан екі есе аз, 19 мың сомони болған еді.

Худжанд қаласында көпшілік орынға дезинфекция жасап жүрген адамдар. Тәжікстан, 15 маусым 2020 жыл.
Худжанд қаласында көпшілік орынға дезинфекция жасап жүрген адамдар. Тәжікстан, 15 маусым 2020 жыл.

Тәжікстанда жалақы төмен, ал инфляция өсімі жоғары, сондықтан қарапайым тәжіктер үшін қажылық сапарының бағасы келер жылы тағы қымбаттайтыны түсінікті.

Қажылық сапарына қатысты Тәжікстанның өз шектеулері және бар. Қажыға жасы 40-тан асқан, жергілікті басшылық оның өмір дерегін тексеріп, рұқсат берген адам ғана бара алады.

"Оның үстіне, келер жылғы қажылыққа дейін вирус жойыла ма, менің сапарға баруға қуат-күшім жете ме, оны да білмеймін", - дейді Душанбеден 15 километр жердегі Хирманак ауылында тұратын 56 жастағы жүргізуші Салохиддин Мирзоев.

Қажыға бару үшін 2015 жылы тізімге тіркелген Мирзоевтың кезегі биыл ғана келген. Жүргізушінің мардымсыз жалақысы оның ішіп-жемінен артылмайды.

"Ресейде жұмыс істейтін екі балам қажылық сапарымның ақшасын жинап берген еді. Әр мұсылман қажыға баруды армандайды. Келер жылы бұл арманым орындалады деп үміттенемін", - дейді Мирзоев.

Мақаланы жазуға Сарвиноз Рухулло қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG