Accessibility links

Ленин көшесінің атын өзгерту жоспары қарсылыққа кезікті


Павлодардағы Ленин көшесінің қиылысы. (Сурет авторы - Федор Ковалев.)
Павлодардағы Ленин көшесінің қиылысы. (Сурет авторы - Федор Ковалев.)

Павлодардағы Ленин көшесінің атын Астана көшесі деп ауыстыру бастамасы тарихи мұраға деген көзқарас мәселесіне назар аудартты. Бастамаға қарсылар "тарихқа тиіспей", көше атын осы қалпында қалдыруға шақырады. Ал жақтаушылар мұны "уақыт талабы" дейді.

"17-НІҢ ХАТЫНАН" КЕЙІНГІ ТЫҢДАУ

16 қарашада Павлодардағы Ленин көшесінің атын ауыстыру бастамасын талқылауға арналған қоғамдық тыңдауға қатысқан жұрт пікірі екіге жарылды. Ленин көшесінің атын Астана деп ауыстыруды жақтайтындар "бұл - уақыт талабы" деген уәж айтты. Ал бастамаға қарсылар қала мен ел тарихына құрметпен қарау керек деп санайды.

Қоғамдық тыңдау қаланың 17 тұрғыны (жергілікті биліктің айтуынша, қалада танымал тұлғалар) Павлодар облысы әкімі Болат Бақауовтың атына хат жолдағаннан кейін ұйымдастырылды. Хат авторлары ел астанасының 20 жылдығы алдында оған тарту жасап, қала құрметіне Ленин көшесі атын Астана деп ауыстыруды орынды санаймыз деп жазған. Әкімдік мәселені мәслихат талқысына салу туралы қаулы шығарған. Павлодар мәслихаты өкілдері Азаттыққа "хатқа жауап қатуға әрі халықтың пікірін тыңдауға тиіс болдық", сондықтан тыңдау жарияладық деп хабарлады.

Өзін "қоғамдық-саяси қайраткер" деп атаған павлодарлық тұрғын Жанна Бороздинаның айтуынша, жария тыңдау өтетінін ол соңғы мезетте ғана естіген, өйткені ашық дереккөздерден тыңдау жайлы ақпарат таппаған. Қараға көше атын ауыстыруға келіспейтінін білдіру үшін келген.

- Негізі, мен бүкіл тарихқа тиісуге үзілді-кесілді қарсымын. Ленин жақсы ма, жаман ба, лайықты ма, лайықты емес пе – онда шаруам жоқ. Мен балаларымыздың тарихи шындықты біліп өскенін қалаймын. Астана ештеңе бітірген жоқ. Миллиондаған ақша Астанаға кету үшін біз, павлодарлық азаматтар тарықтық, ашықтық. Одан да әлгі көшені Павлодар деп атаса, сол жөн болар еді. Бұл жерде әсем шағын аудан салып, адамдарды, баспана кезегінде тұрған жандарды қоныстандырып, оны Астана деп атауға болады. Астананың атақ, абыройы сонда артып, мәңгі есте қалатын болады. Ал мынау [Ленин] кішкентай көше, оған тиісіп не қылады? – дейді Бороздина.

Павлодардағы Ленин көшесінің атын өзгерту мәселесі бойынша қоғамдық тыңдауға қатысушылар. 16 қараша 2017 жыл. (Федор Ковалевтің фотосы.)
Павлодардағы Ленин көшесінің атын өзгерту мәселесі бойынша қоғамдық тыңдауға қатысушылар. 16 қараша 2017 жыл. (Федор Ковалевтің фотосы.)

Қоғамдық тыңдауға павлодарлық журналист Федор Ковалев те қатысқан. Оның сөзінше, залда көше атын ауыстыру бастамасына қарсылардан гөрі жақтаушылар көбірек болған.

- Депутаттар, мұғалімдер отырды. Шараға дайындалғандары байқалды. Жақтаушылар ұйымдасқан түрде келді. Залдағы жұрттың шамамен 30 пайызы қарсылар болды. Ленин көшесі тұрғындарының қатыспағанын байқадым, - дейді журналист.

"Көше атын ауыстыру туралы ұсынысқа қала тұрғындары тарапынан қатты қарсылық байқала ма?" деген сұраққа Федор Ковалев "Жоқ. Мұндай шешімдер былай қабылданады - өзгерту керек дейді де өзгертеді. Ешқандай пікір, ешқандай сөз ештеңе шешпейді".

КӨШЕ АТЫН ӨЗГЕРТУГЕ ҚАРСЫЛАР МЕН ЖАҚТАУШЫЛАР

Павлодарда совет көсемінің есімімен байланысты бірнеше нысан қалған. Ленин көшесінен бөлек, Ленин саябағы, Ленин ескерткіші және қалалық әкімдікке қарайтын Ленин кенті бар. Бұған қоса, 90 жылдай бұрын орнатылған Ленин мүсіні Ленин көшесіне шығатын әрі атауын бір ғасырдай бұрын алған Ленин саябағында тұр.

Октябрь төңкерісінің 100 жылдығына байланысты Ленин ескерткіші алдына жиналған коммунистік партия жақтастары. Павлодар, 7 қараша 2017 жыл. (Фото авторы - Федор Ковалев.)
Октябрь төңкерісінің 100 жылдығына байланысты Ленин ескерткіші алдына жиналған коммунистік партия жақтастары. Павлодар, 7 қараша 2017 жыл. (Фото авторы - Федор Ковалев.)

Павлодар жұртына танымал өлкетанушы әрі жергілікті мұражайда 40 жылдан аса жұмыс істеген Эрнест Соколкин Ленин көшесінің атын ауыстыру идеясын құптағанын айтады.

- [Атауларды ауыстыруды] әуелгіде, алғашқы жылдары құптамайтынмын. Ал қазір құптаймын. Өйткені, түбі бәрібір болатын нәрсе. Бүгін болмаса да, ертең немесе бүрсігүні, бір жылдан кейін бе, екі жылдан кейін бе атауын бәрібір ауыстырады. Ресейдің Омбы, Барнауыл қалаларында, біздің Қарағанды мен Екібастұзда ауыстырды ғой. Енді созатын ештеңе жоқ. Жаңа заман, жаңа құндылықтар. Астана көшесі болсын депті. Меніңше, Астана деп атауға әлгі көше лайық емес. Жұтаң көше. Құптадым, бірақ әуелі оны даңғылға айналдыру керек, қараусыз қалған көше емес, әдемі көше болуы үшін дедім.

Павлодардың Ленин көшесіндегі "Ливадия" қонақ үйі орналасқан тарихи ғимарат. (Федор Ковалевтің фотосы.)
Павлодардың Ленин көшесіндегі "Ливадия" қонақ үйі орналасқан тарихи ғимарат. (Федор Ковалевтің фотосы.)

Журналист Федор Ковалев те Ленин көшесін тарихқа құрмет ретінде қалдырып, Астана деп атау үшін Павлодардың ортасындағы кең даңғылды таңдау керек еді деп санайды.

- Жұрт Ленин бізге кім еді сонша деген сұрақ қояды. Әлгі тыңдауда Ленин Қазақстан тарихында үлкен рөл атқарған кісі дедім. 1920 жылы ол Қырғыз автономды республикасы туралы декретке қол қойып, оған қазіргі Қазақстанның территориясы кірген. "Алашорда" қазақ жерлерін біріктіргісі келді емес пе, ал Ленин мұны декретімен бекітіп берді. Жаман нәрсенің бәрін ол кісіге жаба беру дұрыс емес. Тарихқа сыңаржақ көзқараспен қарауға болмайды. Қазір Қазақстанда тарихты, бірақ ежелгі тарихты ақтарып жатыр. Мұның бәрі жақсы ғой. Бірақ совет заманында Қазақстанды тұрғызған әке-аталарымыздың тарихын сызып тастауға тырысатындар бар. Меніңше, бұл әке, аталарымыздың әруағына жасалған сатқындық, - дейді Федор Ковалев Азаттыққа.

Бұрын Павлодар мәслихаты депутаты болған, ал қазір президентшіл "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Илья Теренченко көшені Астананың құрметіне атау идеясын құптайды.

- Меніңше, Ленин көшесін астананың құрметіне атаған өте дұрыс. Тәуелсіздік жылдары Астана әлемдік деңгейдегі қала мәртебесін алды. Үлкен қалалардың құрметіне орталық көшелер аталады. Атауы да әдемі, ол біздің астанамыз. Интернетте қилы пікірлер жүр, әр азамат белгілі бір тараптың позициясын қолдауға құқылы, - дейді Илья Теренченко Азаттыққа.

Қазақстанның оңтүстігіндегі аймақтарда елдімекендер "Ленин" аты мен совет заманындағы атаулардың көбінен бас тартқан. Бірақ солтүстік облыстарда олар сақталып қалған.

ВИДЕО: Лениннің атында 83 көше бар

"Лениннің атында 83 көше бар"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:43 0:00

Қазақстандағы декоммунизация процесінің өзіндік ерекшелігі бар. СССР күйрегеннен кейін Қазақстанның көптеген қаласында совет басшыларына орталықта қойылған ескерткіштерді бұзып, қала шетіне апарып тастаған, ал әкімшілік ғимараттардан совет символикасының элементтері алынып тасталған. Украина мен Балтық елдерінен бір айырмашылығы – Қазақстан коммунистік партия мен оның символдарына тыйым салған жоқ.

XS
SM
MD
LG