Accessibility links

Дрондар шабуылынан кейін Қырым түбегі жарықсыз қалды

Қырымдағы жоғарғы кернеулі электр желісі (архивтегі фото)
Қырымдағы жоғарғы кернеулі электр желісі (архивтегі фото)

Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінің оңтүстік жағалауы мен Симферополь қаласында 6 шілде күні таңертең жарық сөніп қалды. Бұл жағдай украиналық дрондардың кезекті шабуылынан кейін болды.

Жергілікті бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет жарықтың өшуіне жоғары кернеулі электр желісінің зақымдануы себеп болды деп түсіндірді. Ал кейінірек "Интерфакс" агенттігі "Крымэнерго" мекемесінің ақпаратына сүйеніп, сыртқы әсерден болған технологиялық ақаулар салдарынан түбектің барлық қалалары мен аудандары жаппай жарықсыз қалғанын хабарлады.

Севастопольде дүйсенбі күні таңертең троллейбус қозғалысы тоқтаған. Ресей билігі тұрғындарға телефон батареясының қуатын үнемдеуге шақырды.

Украиналық Exilenova+ және "Крымский ветер" мониторинг арналары NASA FIRMS деректеріне сүйеніп, Керчь портында (ондағы "ТЭС" мұнай-газ терминалында өрт шыққаны айтылған), Симферопольдегі қосалқы электр станциясында, газ турбиналы электр станциясы маңында және Қырымдағы Гвардейское әуе базасы аумағында өрт тіркелгенін хабарлады.

Ресей тағайындаған Қырым басшысы Сергей Аксёновтың айтуынша, Керчьте бір тұрғын қаза тауып, тағы екі адам жараланған. Кейінгі уақытта Қырым аумағы жиі шабуылға ұшырап жүр. Түбекте жанармай тапшы, электр мен су жеткізу жүйесінде жиі ақау болады.

Айдар
XS
SM
MD
LG