Accessibility links

Тергеу, тінту, қамау. Маралды халқының алтын фабрикасына қарсы күресі


Тергеу, тінту, қамау. Алтын фабрикасына қарсы Маралды халқының күресі
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:23 0:00

Тергеу, тінту, қамау. Алтын фабрикасына қарсы Маралды халқының күресі

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары құқық қорғау органдарынан қысым көріп жатқанын айтады. Олар алтын өндіретін фабрика құрылысын тоқтатуды талап еткеннен кейін полиция ауылдағы белсенділерді жауапқа алған, кейбірін қамаған, біреуінің үйін тінткен. Азаттық сөйлескен адамдар осы оқиғадан кейін "ауылды үрей биледі" дейді.

"АУЫЛ АДАМДАРЫ БІР-БІРІНЕН ШОШИДЫ"

Жасы елуді орталаған ер адам бал арасының ұяларын аралап келе жатыр. Күннің ыстығына қарамастан қалың киініп, бетін тормен тұмшалаған оның көз алдын құжынаған ара жауып, жолды көрсетпейді. Бірақ әлгі адам соған бола қолын сермеп мазасызданбайды. Сақсынады. Айтуынша, ара шалт қимылды жақтырмай, кісінің өзіне тап беруі мүмкін.

– Ара ұясы деген өзінше бір мемлекет. Мына жерде жүз жәшік тұрса, жүз "мемлекет" бар деп біліңіз. Бірінікіне екіншісі кірмейді. Өйткені әрқайсының күзетшісі болады. Әр ұяны аналық ара басқарады. Ол бал іздеуге – барлаушыларды, оны жинауға жұмыскер араларды жұмсап, шаруаны бөліп беріп отырады, – деді ол бізге омартасын таныстырып.

Бұл – Әділ Қожақов. Халқы екі жылдан астам уақыттан бері алтын өндіретін фабрика құрылысына қарсы болып келе жатқан Маралды ауылында тұрады.

Маралды ауылының тұрғыны Әділ Қожақов. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 5 қаңтар, 2024 жыл.
Маралды ауылының тұрғыны Әділ Қожақов. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 5 қаңтар, 2024 жыл.

Сәуірдің аяғында зауыт аумағына барып наразылық білдірген Қожақов жақында он күн әкімшілік қамауда отырып шыққан. Сот оны "бейпіл сөз айттың" деп жазалаған. Әділ Қожақов фабрика қызметкерлерімен сөйлескенде аузынан балағат сөз шығып кеткенін мойындайды. Бірақ "ешкімді арнайы балағаттаған жоқпын" дейді. Қамаудан босап шыққан соң ол қараусыз қалған араларына және үйіндегі қарт шешесіне көңіл бөліп жүргенін айтады. "Үйде шешем екеуіміз ғана тұрамыз" дейді Әділ.

– Сот он күнге қамау жөнінде шешім шығарды. Мен "үйде тоқсаннан асқан қарт анам бар, ара кәсібіне құйған ақшам бар, айыппұл салсаңыздар қайтеді?" деп едім, көнбеді. Бір сағаттың ішінде бірден Алтай қаласындағы абақтыға алып кетті. Қайта қарындасым жақын жерде тұрады. Шешемді үйіне алып кетті. Өзі ауырып жүр еді, ары-бері алып жүру қарияға қиын тиді. Араларым да әлсіреп қалыпты. Айыппұл салса ғой, уақытында төлеп берер едім, – деді Әділ Қожақов.

Ол қамаудан шығып, ауылға келгенде көңілі құлазығанын айтады. "Билік өзіне жақпайтын пікір айтқандарды тұқыртуға әуес" деп қынжылады.

– Ауыл сондай жаман жағдайда. Мұқым ауылды қорқытып тастаған. Бір-бірінен шошиды. "Мені жауып тастайды", "ананы жауып тастайды" деген сөз. Ауыл ішінде сондай үрей бар, – деді Қожақов.

"ТЕЛЕФОНЫН АЛЫП ҚОЙДЫ"

Ауылдың тағы бір белсенді тұрғыны – Жанат Кәрібаева.

– Табиғатымды, суымды, жерімді қорғаймын деп басым дауға қалған көп жанның бірімін, – дейді ол.

Жанат Кәрібаева үйін полиция тінткені бала-шағасына ауыр тигенін айтады.

– Жатын бөлмемнен бастап, төсектерімнің астына, киім-кешегімнің қалтасына, тоңазытқышымның ішіне, қора-қопсыма дейін тексерді ғой. Қайсыбірін айтайын? Бала-шағамның көзінше мені қылмыскер көрсеткені жаныма батты. Бір жыладым, бір күлдім. Не дейін? "Шаш ал десе, бас алатындар" бар, – деді ол.

Маралды ауылының тұрғыны Жанат Кәрібаева. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 5 қаңтар, 2024 жыл.
Маралды ауылының тұрғыны Жанат Кәрібаева. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 5 қаңтар, 2024 жыл.

Жанат Кәрібаева 8 мамырда жүз шақты ауылдасымен бірге кәсіпорын аумағына барып, құрылысты тоқтатуды талап еткен. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу де жолдаған. Сол оқиғадан кейін полиция оның үйіне тінту жүргізіп, телефонын алып қойған. Ауылдағы ондаған адамның телефонын да алған. Ол "мұны халық әлеуметтік желіге шықпасын деген оймен жасады" деп топшылайды.

– Көптеген адамның телефоны аудандық полиция бөлімінде жатыр. Бізге осылай қысым көрсетіліп жатыр. Ауылда несиемізді телефон арқылы ғана төлейтін едік. Енді ол мүмкін болмай қалды. Халық дала-қаладағы бала-шағасы, туған-туыстарымен сөйлесе алмай отыр. Ауылда болып жатқан жағдайды әлеуметтік желіге шығып та түсіндіре алмай қапа болдық, – деді Жанат Кәрібаева.

"ҚЫСЫМ ЕМЕС, ТӘРТІПКЕ ШАҚЫРУ"

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Әнуарбеков, тәртіп сақшыларының мақсаты "наразыларға қысым көрсету емес" дейді. Ол мұны 16 мамырда Өскеменде өткен баспасөз жиынында журналистерге айтқан.

– Маралдыда жергілікті учаскелік полиция инспекторы бар, ал Күршім ауданында аудандық ішкі істер бөлімі бар. Полицияның міндеті – өздеріңіз жақсы білесіздер, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу, – деді полиция басшысы.

Маралды ауылындағы алтын өндіруші компания ғимаратын күзетіп тұрған арнайы жасақ. 8 мамыр, 2024 жыл. (Азаттыққа жергілікті тұрғындар жіберген фото)
Маралды ауылындағы алтын өндіруші компания ғимаратын күзетіп тұрған арнайы жасақ. 8 мамыр, 2024 жыл. (Азаттыққа жергілікті тұрғындар жіберген фото)

8 мамырда Маралды халқы ауыл іргесінде салынып жатқан алтын өндіретін фабрика аумағына барып, құрылысты тоқтатуды талап етіп, Тоқаевқа үндеу жасағаннан кейін ШҚО полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Қазір ауылда алты адам "ұсақ бұзақылық жасады", "фабрика қызметкерлеріне қол жұмсады" деген айыптармен 10 күннен 2 айға дейінгі мерзімге қамалған. Екі адам үйқамақта отыр.

Маралды – 500-ге жуық тұрғыны бар шағын ауыл. Полиция департаментінің ақпараты бойынша, ауылда жыл басынан бері 11 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

"НАРАЗЫЛЫҚ ЗАҢ АЯСЫНАН ШЫҚПАСЫН"

Күршім ауданы әкімдігі де халықты қарсылығы болса заң аясында білдіруге шақырады.

– Халықтың наразылығын, табиғатқа алаңдап отырғанын толық түсінеміз. Бірақ бәріміз заң аясында жұмыс істейміз. Халыққа "қарсылық болған күннің өзінде тәртіп бұзу болмасын" деп түсіндіреміз. Басқа да қарсылық білдіру жолдары бар. Сотқа беру, тәуелсіз сарапшы жалдау… Маралды деген бөлек мемлекет емес қой, осы Күршім ауданының бір ауылы, сондықтан халыққа осылай түсіндіріп айтамыз, – деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.

Маралды тұрғындары ауыл іргесінде алтын фабрикасын салуға қарсы екенін үйінің сыртына жазып қойған. 28 наурыз, 2023 жыл.
Маралды тұрғындары ауыл іргесінде алтын фабрикасын салуға қарсы екенін үйінің сыртына жазып қойған. 28 наурыз, 2023 жыл.

Ауыл адамдары бұған дейін сотқа жүгінген, ауылға тәуелсіз сарапшылар да шақырған. Сот фабрика құрылысын салу – заңды деген. Ал экологтар фабрикадан цианид ағып кету ықтималдығы жоғары дейді.

– Маралдының жағдайы басқа. Мұндағы фабриканы Ақмола облысындағы алтын өндіретін кәсіпорындармен салыстыруға келмейді. Себебі Ақмола облысында жазық далада орналасқан. Ал Маралдыда зауыт таудың үстінде тұр. Былтыр тамызда ауылға бардым, халықпен кездестім, тауға шықтым, көрдім. Зауыт ауылдың үстіндегі тауда. Сонымен бірге алтын өндіретін кеннің жанынан өзен ағып жатыр. Ол өзен ауылға келіп құяды. Ауыл содан су ішеді, өзге де керегіне пайдаланады. Бұл қауіпті, – деді Астанада тұратын эколог, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова.

МИНИСТР ПІКІРІ

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Маралдыдағы фабрикаға қарсы болып жүрген адамдарды "шағын бір топ" деп атады. 24 мамырда журналистер сұрағына берген жауабында министр "ол шағын топ Маралдыда тұрмайды, олар өнеркәсіп процесінен хабары жоқ ауыл тұрғындарын үрейлендіріп отыр" деп мәлімдеді.

Министр Қанат Шарлапаев журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 24 мамыр, 2024 жыл.
Министр Қанат Шарлапаев журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 24 мамыр, 2024 жыл.

– Өкінішке қарай, жауапты шетелдік инвестор Маралды ауылының экологиялық мәселесін желеу етіп, әрекет жасап жүрген шағын бір топтың құрбаны болып отыр. Олар ауылдың дамуына кедергі келтіреді. Менің ұстанымым бойынша, инвестор ақша салып, фабрика тұрғызбақ. Мысалы, Маралдыда 300-ден астам адам тұрады. Олардың әрқайсына жұмыс беріледі, жол, әлеуметтік инфрақұрылым мен басқа да нысандарды салу бойынша міндеттеме алады. Өте жауапты шетелдік инвестор келіп отыр. Жалған [инвестор] емес. Мемлекет жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін шетелдік инвесторларды тартуы керек, – деді министр.

ФАБРИКА ІСКЕ ҚОСЫЛСА, ҚАНДАЙ ҚАТЕР БАР?

Фабрика ауыл іргесіндегі таудың үстінде салынып жатыр. Қоршаудың шетінен кейбір цехтардың жартылай көтерілген қаңқасы байқалады. Халық фабриканың цианид қоспасы арқылы алтын өндіру әдісі қауіпті дейді. Ал жоба авторы қауіпсіздік шарты сақталған дейді.

– Цианидті пайдаланудың арнайы технологиясы бар. Оны ешкім ашық түрде қолданбайды. Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасында цианид жабық цехта су, белсендірілген көмір және басқа да заттармен араластырылып, қоспа ретінде дайындалады, содан кейін ғана оны жабық құбыр арқылы кенге құяды. Ал кеннің өзі ені 4 метр болатын дамбымен қоршалған жабық аумақта сақталады және ол 250 мың тонна мөлшерінде. Жабық жерде сақталған кеннің астында жерасты суын ластанудан сақтайтын арнайы экран болады. Бұл экран 30 см қалыңдықтағы бетомата тақталардан тұрады. Оның үстінде арнайы геомембрана төселеді. Жобалық шешімде оның қалыңдығы 0,8 мм болуы керек деп көрсетілсе, Маралдыдағы кәсіпорында адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін арттыру үшін оны 1,5 мм-ге дейін қалыңдатқан. Яғни, қорғаныш қабаты екі есеге дейін қалың. Содан кейін ең жоғарғы қабатына топырақ жайылады. Топырақтың бетінде кен жатады. Яғни, кенге құйылған цианид қоспасы бірнеше қабаттан өтіп болғанша құрамына алтынды жинайды да, ең түбіне жеткенде кері қарай цехқа жабық құбырмен жөнелтіледі, – дейді фабриканың жобасын жасаған эколог Дәулет Асанов.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл.

Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің өкілі 16 мамырда Өскеменде өткен баспасөз жиынында журналистерге "фабрика қауіпсіздікті күшейтіп жатыр, мысалы, жуықта анықталған бұлақты қорғауға алды" деген.

– Халық жобаны жасаған компания мен мемлекеттік органдар берген жауапты қабылдамайды. Білсеңіздер, кәсіпорын аумағынан қосымша бір су нысаны анықталған болатын. Бірақ содан кейін тапсырыс беруші арнайы шара қолданды. Яғни, соны және өзге де су көздерін қорғау шарасын іске асырды. Бұл жұмыстарды мемлекеттік органдар, соның ішінде "Ертіс" бассейні инспекциясы мақұлдады, – деді экология департаментінің өкілі Наталья Гожеман.

Күршім ауданы әкімінің орынбасарына фабрика іске қосылса, қандай қауіп-қатер болуы мүмкін деген сұрақ қойылды.

– Халықтың алаңдап отырғаны да сол мәселе ғой. Енді қатер дегенде… Өзім сарапшы немесе заңгер емеспін. Бірақ рұқсат берілген заңнамаға сәйкес, "ешқандай қауіп жоқ" деп айтады. Яғни цианид бойынша да… Өйткені оның барлығы бір адамның емес, бір топ сарапшының алдынан өткен жұмыс болған соң, заңнамада ешқандай қауіп жоқ деп көрсетіледі. Әрине, бір өзім бүкіл фабриканы мінсіз деп айта алмаймын. Неге? Өйткені бұл жерде бір ғана бағыт емес, экологияның, құрылыстың бағыттары бөлек, жолы бар, тасымалдауы бар, – деп жауап берді Мейіржан Әлібеков.

13 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ОҚИҒА

Ал жергілікті адамдар бұлақ барын әу баста айтқанбыз, бірақ оны резонанс күшейгенде ғана анықтап, қорғауға алып жатқандары көңілдегі күдікті қоюлата түсті дейді.

– Қоғамдық тыңдауда бізге "қырық ұңғыма қаздық, 40 метр тереңдікке шейін жеттік, жерасты суы жоқ" деді. Енді қазір бұлақ бар дейді. Халық осылай өтірік айтқандарына наразы, міне. Көзбе-көз мұқым халықты алдады. Қоғамдық тыңдауларда 200-300 кісіге дейін жиналып отырды. Халықты соншалықты қараңғы, төмен етіп көрсеткендері ашуымызға тиеді. Осылай кемсітеді бізді, – деді Әділ Қожақов.

Маралды ауылындағы өзен. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 28 наурыз, 2023 жыл.
Маралды ауылындағы өзен. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 28 наурыз, 2023 жыл.

Маралды халқы осыдан он үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында алтын өндіретін фабрикадан улы зат ағып кеткенін мысалға келтіріп, қауіптенеді. 2011 жылы Глубокое ауданында фабриканың су ұстайтын қабаты бұзылып, Секисовка өзеніне рұқсат етілген нормадан 500 есе көп цианид құйылған. Салдарынан балық жаппай қырылып, шығын мөлшері 1 млрд теңгеге бағаланған.

Ауыл адамдары ара өте сезімтал дейді. Цианид иісінен және карьер қазғандағы қатты жарылыс дауысынан шошынып, жойылып кетуі мүмкін. Ауылда әлден-ақ кәсібін тоқтатып жатқандар бар.

– Менің омартам мына жарып жатқан таудың артында. Тура сол ара ұшатын жер. Сондықтан араны құрттық, – деді Маралды ауылының тұрғыны Мадияр Дүсіпов.

"ХАЛЫҚТЫ АУЫЛДАН КӨШУГЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ"

Азаттық сөйлескен адамдардың сөзінше, ауылда тергеушілер жауап алмаған адам некен-саяқ. Халық полицияны "асыра сілтеп жатыр" деп сөгеді.

– Ағасының қолына кісен салған полицияға "ағайымның қанша жазығы бар, қылмыскер ме?" деп наразылығын айтқан жас жігітті 15 күнге қамап қойды. Енді сол асыра сілтеу емес пе? – деп кейиді Маралды тұрғыны Зәмзиба Итжанова.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл.

Зәмзиба Итжанова кейінгі тергеуден соң біраз адам ауылдан көшуді ойлана бастағанын айтады. Бірақ қалаға қоныстануға шамасы жетпейтіндер де бар, олардың жағдайы қиын.

– Мұқым қаладағы бала-шағам келіп, жаздай осында жатады. Суға түседі. Мойыл, бүлдірген теруге шығамыз, шөп шабамыз. Ертең мынаның бәрі улана бастайтын болса, біз ауылда қалмаймыз ғой. Фабрика жазық жерде болса ештеңе етпейтін шығар. Бірақ ол дәл ауылдың үстіндегі таудың басында тұр. Цианид қосылған су ақпаған күннің өзінде буланады. Міне, бізге қол созым жерде тұр. Егер ол 25-30 шақырымдай алыс болса, онда жарайды, бірақ міне тұр ғой – бір-ақ шақырым, – деді зейнеткер.

Алтын өндіретін фабрика Маралды ауылында 2022 жылы салына бастаған. Халық содан бері наразы болып келеді. Жоспар бойынша фабрика құрылысы биыл тамызда аяқталып, күзде алтын өндіре бастамақ. Маралды халқы "полициямен әлек болып жатқанымызда фабрика іске қосылып кете ме" деп уайымдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG