Accessibility links

Әділет министрлігі "Ел тірегі" партиясын құру ниеті туралы ескертуді қабылдамады


Қазақстан әділет министрлігінің кіреберісі. 6 қаңтар, 2021 жыл.

6 қаңтарда бірнеше адамнан тұратын бастамашыл топ Нұр-Сұлтандағы әділет министрлігі кеңсесіне барып, "Ел тірегі" деп аталатын жаңа саяси партия құру ниеті туралы ескертуін тапсырды. Ескертуде "Ел тірегі" саяси партиясы" қоғамдық бірлестігін құру туралы топ құрамына Қазақстан аймақтарының 3-тен 2-сінен бастамашыл адамдар кіргені көрсетілген. Бастамашылдардың өтінішіне қарағанда, Қазақстанның барлық облысынан және республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан мыңнан астам адам партия құруды қолдаған.

Бастамашылар Қазақстанның "Саяси партиялар туралы" заңының 6-бабына сәйкес партия құру ниетін білдірген бастамашыл топтың және партияны ұйымдастыру комитеті мүшелерінің тізімін өткізген әрі тіркеуші орган – әділет министрлігінен бір тәулік ішінде ескертуді қабыл алғаны туралы құжат беруді талап еткен.

Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық қызмет департаменті арнайы хатында "Ел тірегі" партиясын құру туралы бастамашыл топтың ескертуін мақұлдамай, кері қайтаратынын хабарлады. Департамент директорының міндетін атқарушы Евгения Холмецкая қол қойған хатта бастамашыл топ тізімінде "қайтыс болған адамдардың және статусы белгісіз кісілердің" аты-жөндері жазылған.

Бастамашыл топ заңгері Нұрсұлтан Ермаханов Азаттыққа бұл жауабы үшін әділет министрлігін сотқа беретіндерін хабарлады.

– Біріншіден, тізімдегілердің арасында қайтыс болған адамдардың аты-жөні жоқ. Екіншіден, министрлік партия құру бастамасына заңсыз қарсылық білдіріп отыр. Біз халықтық партия боламыз деп жарияладық. Сондықтан желілерде әр қадамымызды жариялап отырамыз, – деді ол.

"Ел тірегі" дейтін жаңа партия құрылатынын бастамашыл топ екі ай бұрын айтқан. Бастамашыл топ қатарында алдағы мәжіліс сайлауында кандидаттар тізіміне енбеген биліктегі "Нұр Отан" партиясының бұрынғы мүшесі Нұржан Әлтаев та бар. Жаңа партия құратынын жариялаған соң көп ұзамай Әлтаев "Нұр Отаннан" шығарылып, парламенттің төменгі палатасы – мәжілістегі депутат мандатынан айырылған. Қазақстан заңына сәйкес саяси партия құру үшін бастамашыл топ партияның құрылтай съезін өткізіп, кемінде 20 мың адамның қолын жинауы керек.

Қазақстанда ресми тіркеуден өткен 6 партия бар, солардың бесеуі 10 қаңтарда өтететін мәжіліс және мәслихат сайлауына қатыспақ. Өзін оппозициялық деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға қатысудан бас тартқан. Өткен жылы бірнеше белсенді саяси партиялар құрмаққа талпыныс жасаған. Бірақ олар түрлі себептермен ресми тіркеуден өте алмаған.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG