Accessibility links

Әкім сайлауы - 2021

25 шілде күні Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округі әкімдерін сайлайды. Биліктің дерегінше, бұл күні 730 әкім сайланбақ. Ақорда бұл сайлауда "саяси реформаның" кезекті қадамы деп атаса, сыншылар қолында билік пен қаражат жоқ ауыл әкімін сайлау авторитарлық саяси жүйені өзгертпейді дейді.


Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау басталды.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округтерінің 730 әкімі сайланады. Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, оған 2000 үміткер таласпақ. Оның 1419-ы өз-өзін ұсынғандар, 878-і алты саяси партияның атынан түскендер. Кандидаттар ішінде 1839 ер, 458 әйел бар.

Тыныштық күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде сайлауды "саяси модернизацияның жаңа кезеңі" деп атады. Желі қолданушылары оған жауап ретінде ірі қалалар мен облыс әкімдерін де сайлау керек деді.

Қазақстанда әкімдердің тікелей сайланатынын Тоқаев былтыр қыркүйекте мәлімдеген. Биыл мамырда осыған орай сайлау туралы заңға өзгеріс енгізілді. Билік сыншылары Тоқаевтың "бұл реформасына" күмән келтіріп, оның билік вертикалын бұза алмайтынын айтады.

Осыған дейін ауыл және аудан әкімдерін тәжірибе ретінде сайлап көрген. Бірақ ол тікелей дауыс беру арқылы жүрмеді. Ол кезде әкімді мәслихат депутаттары сайлаған.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ауыл учаскесінде бір адам екі рет дауыс берді

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құркелес ауылы әкімін сайлау кезінде бір адам екі рет дауыс берді. Бұл туралы жергілікті журналист Амангелді Батырбеков Facebook-парақшасында жариялады.

Журналистің жазуынша, бұл жағдай Төлеген Айбергенов атындағы орта мектепте орналасқан №659 сайлау учаскесінде болған.

"Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сейдулла Айтымбетов пен екі бюллетень беріп жіберген (ұстаз деген аттан садаға кеткір ұятсыз) сайлау комиссиясының мүшесі және екі рет дауыс берген сайлаушы шұғыл түрде жауапкершілікке тартылу керек. Сондай-ақ сайлау туралы заң талабына сай бұл учаскедегі сайлау қорытындысы заңсыз деп табылу керек" деп жазды Батырбеков.

Батырбеков жариялаған видеода, ер азаматтың екі рет дауыс бергенін мойындағанын көруге болады. Ол адам бір бюллетеньді анасы үшін, біреуі өзі үшін салғанын айтады.

Карантин кезінде өтіп жатқан сайлау

Сайлау коронавирус пандемиясы ушыққан тұста өтіп жатыр. Елде маусым айынан бері коронавирустың "дельта" дейтін варианты тарап жатыр. Алғашқыларына қарағанда бұл варианттың жұқпалығы жоғары және ол қауіптірек саналады.

Кейінгі күндері күн сайын алты мыңнан астам науқас тіркеліп, рекорд тәулік сайын жаңарып жатыр. 24 шілде күні 6843 науқас тіркелді. Аурудан қайтыс болғандар саны 84 адамға артты. Екі көрсеткіш те рекорд жаңартып отыр.

Қазақстанның эпидемия картасында "сары" аймақта тұрған Түркістан облысынан өзге өңірлердің бәрі "қызыл" аймақта. Яғни вирус өте қатты тарап жатыр.

Билік дерегінше, індет басталғалы елде барлығы 590 мыңға жуық адам коронавирусқа шалдыққан. Оның тоғыз мыңға жуығы қайтыс болған. Аурудың салдары бұдан ауыр саналады. Былтыр жаздың алғашқы екі айында жүздеген мың адам ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдықты, бірақ ПТР нәтижесі теріс шықты деп олардың ешқайсысы ресми статистикаға кірмеді. Бұдан бөлек коронавирус жұқтырған екі мыңнан астам адамның өлімі де ресми статистикаға кірмей отыр. Билік олардың өлімінде коронавирус ілеспе диагноз болған дейді.

Сайлау учаскесінің нөмірі көрсетілген редтапсырма және теріс нәтижелі ПТР анықтамасы

Ауыл әкімі сайлауынан хабар тарату қиындатылған. Билік хабар таратамын деген журналистен сайлау учаскесінің нөмірі көрсетілген редакциялық жолдама мен теріс нәтижелі ПТР анықтамасын талап етіп отыр.

Орталық сайлау комиссиясы бұл талаптың коронавирус пандемиясы кезіндегі карантин шартынан туғанын айтады.

Қазақстанның эпидемия картасында "сары" аймақта тұрған Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі "қызыл" аймақта. Соңғысына кірген өңірде карантин талаптары күшейеді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG