Accessibility links

"Орталық Азия тақырыбы – Ердоғанның бір көзірі". Түркия халқын сайлаудан кейін не күтіп тұр? Сарапшы Игорь Семиволоспен сұхбат


"Түркия қоғамы діншіл және дінмен аса жұмысы жоқ адамдардан тұрады" дейді Украинадағы Таяу Шығыс зерттеулері орталығының директоры Игорь Семиволос.
"Түркия қоғамы діншіл және дінмен аса жұмысы жоқ адамдардан тұрады" дейді Украинадағы Таяу Шығыс зерттеулері орталығының директоры Игорь Семиволос.

Режеп Тайып Ердоған Түркия президенті болып қайта сайланды. Енді ол бас-аяғы 25 жылдай билікте болады. Украинадағы Таяу Шығыс зерттеулері орталығының директоры Игорь Семиволос Ердоған билігі, сайлаудан кейін елді не күтіп тұрғаны, Түркияның Украинадағы кикілжіңді реттеудегі рөлі және Орталық Азиямен байланысы туралы айтып берді.

"ТҮСІНІКТІ" ЕРДОҒАН ЖӘНЕ "СЕНІМСІЗ" ҚЫЛЫШДАРОҒЛЫ

Ердоған Түркиядағы президенттік сайлаудың екінші кезеңінде 52 пайыздан көп дауыс жинап, жеңіске жетті. Түркия халқының басым көпшілігі кейінгі 20 жылда гиперинфляция, жер сілкінісі сияқты ауыр сынақтарды басынан өткергеніне қарамастан, биліктегі президентті неге қайта сайлады деп ойлайсыз?

Украинадағы Таяу Шығыс зерттеулері орталығының директоры Игорь Семиволос.
Украинадағы Таяу Шығыс зерттеулері орталығының директоры Игорь Семиволос.

– Қос саясаткердің бірі – солшыл (Кемал Қылышдароғлы – ред.), екіншісі – оңшыл (Ердоған – ред.) көзқарастағы тұлға. Халықтың басым көпшілігі бұрынғы басшыны түсінікті әрі танымал болғаны үшін ғана таңдады.

Қоғам өзгерістер болғанын қалайды. Бірақ оппозициялық күштер қоғамның сұранысына жауап беретін ұсыныстар дайындап, жеткізе алмады. Қылышдароғлының халықты сендіруге қауқары жетпеді. Оның бағдарламасы кемализм дәуіріне, Республикалық халық партиясының таңбасында бейнеленген алты жебе доктринасына оралуға негізделген. Бұл доктрина ескіріп қалды.

Әрине, тұлға да маңызды. Қылышдароғлы – алты саяси күштің атынан қатысқан жалғыз кандидат. Ол туралы "келісуге оңай тұлға, басты міндеті – оппозициялық күштерді билікке әкелу" деген сыбыс тарады. Кей түріктер әу бастан-ақ оппозиция өкілі әлсіз, сүйкімі аз саясаткер екенін түсінді. Көшбасшының басқаруын көріп қалған халық бәрібір көшбасшыға ұмтылып тұрады. Ол өзі әкелетін өзгерістердің белгісі сияқты көрінуі керек. Қылышдароғлы ондай болмады.

Сайлаудың бірінші және екінші кезеңінде Қылышдароғлының позициясы оңшыл бағытқа қарай өзгерді. Оппозиция оңшыл националистік көзқарасты пайдаланды. Сириялықтарды Түркиядан депортациялау туралы айта бастады. Халыққа ұнамаған осындай ұсыныстар көп болды.

Түркия қоғамы діншіл және дінмен аса жұмысы жоқ адамдардан тұрады. Ердоған билікте болған алғашқы жеті жылда түрік қоғамы келісіммен өмір сүрді. Демократиялық институттарды күшейтетін реформалар жүргізілді. Әскер казармаға біржола кіргізіліп, әйелдің рөлі күшейді.

Кері бағыттағы іс-әрекет те қатар жүрді. Хиджаб оралды. Түркия қоғамы негізінен осы принцип бойынша бөлініп жатыр. Бұл – қатаң кемализм дәуірінен алыстау, реформалар кезінде пайда болған айдентика соғысы. Биылғы сайлауда соның бәрі көрінді. Оппозиция жаңа, мінсіз болашақ ұсына алмады. Оппозицияның жеңілуіне бірнеше себеп бар.

Негізгі оппозициялық альянстан президенттікке кандидат Кемал Қылышдароғлы (ортада) сайлау штабынан шығып келе жатыр. Анкара, 28 мамыр, 2023 жыл.
Негізгі оппозициялық альянстан президенттікке кандидат Кемал Қылышдароғлы (ортада) сайлау штабынан шығып келе жатыр. Анкара, 28 мамыр, 2023 жыл.

– Соған қарамастан, Қылышдароғлы сайлауда 47 пайыз дауыс жинады. Жеңілісіне қарамастан, елде оппозицияны қолдаушылар көп. Түрік қоғамында поляризация артып келе ме?

– Бес жыл бұрынғы президент сайлауының қорытындысын қарап көрейік. Ол кезде Ердоған 52-53 пайыз дауыс жинады. Бір айырмашылығы: президент бұл нәтижеге бірінші турда-ақ қол жеткізді. Алдыңғы сайлауда кандидатурасын ұсынған оппозиция өкілдерінің жалпы дауысы 45 пайызға жуықтайды. Биыл олар 48 пайыз дауыс жинады, яғни бұл бұрынғыдан 3 пайызға көп. Бұл Ердоғанның антирейтингісіне байланысты.

Ердоғанға қарсы дауыс берген сайлаушыларға келсек, олар былай бөлінеді: Түркияның либерализм жолымен дамығанын қалайтын, кемализмге сүйенген дәстүршіл националистер бар, сонымен бірге саяси бағдарламасы ксенофобияға жақын ультранационалистер бар. Оңшылдар − Әділдік және даму партиясы. Ультраоңшылдар − зайырлы республиканы өзгерткісі келетін исламистер. Күрдтер де солшыл бағыт ұстанады.

Қазір солшыл бағыт жік-жікке бөлініп кетті. Біртіндеп оңшыл бағыттағы саяси күштер де бөлінеді деп ойлаймын. Шын мәнінде қоғам күрделеніп барады. Сәйкесінше, олармен жұмыс істеп, жаңа идея ұсыну керек. Бірақ ешкім бұған бас қатырып отырған жоқ. Бәрі ескі әдістерді қолданады. Кей зерттеушілер республикада дағдарыс болып жатыр деп есептейді. Олармен келісетін сияқтымын. Республиканың құрылуына негіз болған идеялар (Ататүрік оппозицияның да, биліктің де төсбелгілерінде жүр) модернизациялық ресурсынан айырыла бастады.

Түрік мемлекеті бұрынғы позициясында әлемнің 18-экономикасы болып қалу үшін жаңа инновациялық кезең керек. Инновация қоғамды түбегейлі өзгертеді. Түркия Батыс елдеріндегідей, мысалы, "байрактар" (дрон – ред.) сияқты қару-жарақ құрастыруды үйренді. Бірақ елді дамушы мемлекеттер қатарынан шығаратын жаңа инновациялық экономика ұсыну қиын. Түрік қоғамының бір бөлігі мұны жақсы түсінеді, бірақ ол үнемі қоғамның "жаһандану, модернизация, инновация дегендер дәстүрлі құндылықтарды жояды" деп қорқатын екінші бөлігіне жалтақтаумен келеді.

Ердоған кезінде модернизация мен консерватив саясатты қатар ұстанды. Қазір тек консерватизм қалды. Ал модернизациялық саясатты ешкім алып кете алмады. Билікке наразы сайлаушылар мен Ердоғанға қарсы азаматтар бар. Бірақ әзірге бұл топтардың басын біріктіріп, қай бағытта жылжу керегін көрсететін көшбасшы жоқ.

Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңінен кейін Режеп Ердоған әйелі Эрмине Ердоғанмен бірге президент сарайының алдында тұр. Анкара, 28 мамыр, 2023 жыл.
Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңінен кейін Режеп Ердоған әйелі Эрмине Ердоғанмен бірге президент сарайының алдында тұр. Анкара, 28 мамыр, 2023 жыл.

"ЕРДОҒАН – ДӘУІРІ ӨТІП БАРА ЖАТҚАН САЯСАТКЕР"

Сіз айтқан топтардың басын біріктіретін басшының болмауы түрік қоғамы үшін несімен қауіпті?

– Айдентика соғысы биылғы президент сайлауының басты белгісіне айналды. Олар Батыстан бастап, дінге дейінгі айдентика белгілерінің бәрін пайдаланды. Бұл белгілер қалады, билік оларды әлі де пайдасына жаратады.

Түрік қоғамы күрделене береді. Бұл – табиғи процесс. Өйткені қоғам дамып, жаңа орта тап қалыптасты. Олар Ердоғанға разы еді. Бірақ бұл өткеннің еншісінде қалды. Қазір қоғамға жаңа идеялар керек. Сондықтан Түркия болған жағдайға баға беріп, жақсылап талқылауы керек. Елде салмақты либерал партия құрылады деп үміттенемін. Әзірге ондай партия жоқ.

Қоғамды тұрақтандырып, саяси көзқараста ортақ келісімге келу үшін тұрақты экономикалық жағдай керек. Бірақ Ердоғанның саясатымен Түркия бұл мақсатқа қалай жететіні қызық.

Әділдік және даму партиясы (Ердоғанның партиясы – ред.) да дағдарыста. Ердоған − дәуірі өтіп бара жатқан саясаткер. Түркиядағы саяси күштер арасынан Ердоғанның орнын баса алатын адам көрмедім. Өйткені кез келген формат: билікті отбасына немесе отбасы мүшесіне тапсыру, исламистер тобынан жаңа адамдар тағайындау партияның мәселесін шешпейді. Өйткені қоғам күрделеніп жатыр. Саясат та соған сай болуға тиіс. Бірақ Түркияда олай емес. Бұл – саяси карьерасын текетірес пен күрес арқасында құрған ескі мектеп саясаткерлері қатысқан соңғы сайлау.

– Ердоғанның позициясы тұрақсыз, бұл авторитар билік пен ел ішіндегі қуғын-сүргінге әкеледі. Бұл туралы не ойлайсыз? Ердоған либерал күштердің құрылуына рұқсат бере ме?

– Бұл Ердоғанның қолында емес. Қазірдің өзінде либерал күштер бар. Мысалы, Стамбул мэрі Экрем Имамоғлы түрік либерализмі, әлеуметтік бағыттағы экономика, экология мәселелерін көтеріп жүр. Сайлаудағы оппозицияның жеңілісінен кейін жаңа тұлғалар, жаңа месседждер керек.

Диктатура бола ма? Күмәнім бар, өйткені Ердоғанның мәлімдемелеріне қарасақ, тұрақтылықты бұзғысы келмейтін сияқты. Керісінше, наразылық деңгейін төмендетуге тырысып жатыр. Өйткені өзіне қарсы, билікке көңілі толмайтын азаматтар барын біледі. Қазір қоғамның ашу-ызасын басқысы келеді.

Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңіне дауыс беретін күні көшеде Режеп Ердоғанның суретін ұстап тұрған жақтастары. Ыстамбұл, Түркия, 28 мамыр, 2023 жыл.
Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңіне дауыс беретін күні көшеде Режеп Ердоғанның суретін ұстап тұрған жақтастары. Ыстамбұл, Түркия, 28 мамыр, 2023 жыл.

АНКАРА БАТЫС ПЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДА ТЕПЕ-ТЕҢДІК ҰСТАУҒА ТЫРЫСАДЫ

"Ердоған – дәуірі өтіп бара жатқан саясаткер" дедіңіз. Ол президенттіктен кеткеннен кейін не болады? Саяси сахнадан да біржола алыстай ма?

– Солай ойлаймын. Ердоған өз мәлімдемесінде өлгенше Түркиямен бірге болатынын айтты. Ол сияқты тұлғалар биліктен кете алмайды. Бірақ Әділдік және даму партиясы саяси сахнада қалғысы келсе, жаңа көшбасшылар өсіруі керек. Сондықтан бұл Ердоғанның соңғы президенттік мерзімі деген ойдамын.

Сарапшылар сайлаудан кейін Ердоған Ресей президенті Владимир Путинге жақындап, келер жылы өтетін жергілікті сайлау алдында елге шетелдік валютаның келуін қамтамасыз етуге тырысады дейді. Бұл пікірге қосыласыз ба?

– Мәселе шетелдік валютада емес, инвестицияда. Ресей Батыс елдері сияқты инвестиция салады деп ойламаймын. 2000 жылдардың басында Түркия экономикасының өрлеуіне Батыс капиталы әсер етті. Сондықтан Ресей Батыстың орнын баса қоюы екіталай. Ердоған бұрынғыдай тепе-теңдік сақтауға тырысып, Ресейді шикізат базасы ретінде пайдаланады.

Түркияның ақпарат құралдары Ердоған Украинадағы кикілжіңді шешуге ұмтылысын жалғастырады деп жазды. Бұл нәтижелі бола ма?

– Ердоғанның бір жеңісі − бидай келісімі. Түркия бұл келісімнен пайда көріп отыр. Бірақ әзірге күрделі келіссөздер жоқ.

Жақтастары президенттікке кандидат Режеп Ердоғанның жеңісіне шаттанып тұр. Ыстамбұл, Түркия, 28 мамыр, 2023 жыл.
Жақтастары президенттікке кандидат Режеп Ердоғанның жеңісіне шаттанып тұр. Ыстамбұл, Түркия, 28 мамыр, 2023 жыл.

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ

Ердоған қолдайтын түркі одағы – Тұран идеясы не болады? Түркі мемлекеттері одағы ұйымының белсенділігі арта ма?

– Иә. Қарабақ мәселесі біржола шешіліп, бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін түріктер армяндармен жұмыс істей бастайды. Тиісінше, Түркияға Орталық Азияға қарай жол ашылады. Армения арқылы өтетін сауда дәлізі Әзербайжан мен Орталық Азияға барады. Бұл – болашағы зор бағыт. Ердоған оны белсенді дамытады. Орталық Азия тақырыбы – Ердоғанның көзірлерінің бірі.

Сарапшылар "Ресей соғыспен әуре болып жатқанда, Орталық Азияда көшбасшы орны босады. Қазір Қытай, АҚШ пен Түркия осы орынды басуға тырысып жатыр" дейді. Қай мемлекеттің мүмкіндігі көбірек?

– Бұл – философиялық сұрақ. Олар мейлінше көп пайда табу үшін бәрімен әріптес болатынға ұқсайды.

Инвестицияға келсек, негізгі капитал Батыс елдерінен келеді. Қытай Орталық Азия технологиясын дамытуға инвестиция құяды деу – иллюзия. Қытай өңірді өз жағына тартуға тырысып, қауіпсіздік мәселесін де пайдаланып жатыр. Бірақ бұл нәтиже беретініне онша сенбеймін.

АҚШ-пен әріптестік те қауіпсіздік пен экономикаға келіп тіреледі. Түркия түркі халықтарының жақындығы мен инвестициялық жобаларды пайдаланады. Бұл болашағы зор жоба болғанымен, немен аяқталатынын білмейміз. Өйткені қазір Түркияның жағдайы ауыр. Әзірге бұл мемлекет түркі ынтымақтастығы мен көлік дәліздерінен басқа ештеңе ұсына алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG