Accessibility links

Түрік лирасы құнсызданып жатыр. Енді не болады?


Халық азық-түлік пен негізгі тауарларға әрең қол жеткізіп жатыр. Ал түрік лирасы жыл басынан бері 40 пайызға құнсызданды. Азаттық Түркиядағы дағдарыс пен оның халыққа әсерін зерттеп көрді.

ТҮРКИЯДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Түркия орталық банкі қыркүйекте базалық мөлшерлемені 4 пайызға төмендетті. Инфляцияның 20 пайызға жеткеніне қарамастан, президент Режеп Тайып Ердоған осындай бұйрық берген.

Экономистер базалық мөлшерлеменің жоғары болуы тауардың арзандауына әсер етеді дейді. Ал Ердоған бұл инфляцияны үдететінін айтып келеді. Билікте отырғанына 19 жылдай болған Ердоған авторитар билігімен көзге түсіп жатыр.

Түркия президент Режеп Тайып Ердоған жақтастарының алдында сөйлеп тұр. 5 қараша, 2021 жыл. Стамбұл, Түркия.
Түркия президент Режеп Тайып Ердоған жақтастарының алдында сөйлеп тұр. 5 қараша, 2021 жыл. Стамбұл, Түркия.

Базалық ставканың төмендеуі жұртты банк тәуелсіздігіне алаңдатып қойды. Дәстүрлі емес ақша-несие саясатынан кейін шетел инвесторлары елден кетіп жатыр. Ал халық инфляциядан қорғау үшін ақшасын шетел валютасына немесе алтынға айырбастауға кірісті.

"Адамдар үнемі жиған-терген ақшасын әкеліп, долларға айырбастағысы келеді. Бұл біткен соң, не болады? Оларды үрей билеген" дейді валюта айырбастау орнының қызметкері Хулия Орак. "Адамдар үнемі үрейлі, ақшасын матрастың астына тығып жүр".

2018 жылғы валюта дағдарысынан енді ес жиған түрік лирасы доллар мен еуроға шаққанда рекордты деңгейде құнсызданды.

Ердоған дәстүрлі емес саясатынан қайтпайтынын айтқан соң, 23 қарашада бір доллар 13,44 лираға жетті. Ал Ердоған базалық мөлшерлемені төмендетуді мақұлдаған соң, сейсенбі күні лира тағы құнсызданды. Бір доллар 14 лира болып, рекордты көрсеткішке жетті. Инфляция өсімінен кейін АҚШ федералды қор жүйесі тұтынушылар мен бизнеске кредит беру шарттарын күшейтті.

Түркия орталық банкі валюта бағамының өсімін тоқтату үшін валюта нарығына араласатын мәлімдеді. Содан кейін сәрсенбі күні түрік лирасы тұрақтағандай болды.

ИНФЛЯЦИЯ ХАЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТІП ЖАТЫР?

Жұма күні жарияланған ресми дерек бойынша, инфляция 21 пайыздан асты. 83 миллион адам тұратын елде негізгі тауарлар қымбаттап, халық өлместің күнін кешіп отыр.

Инфляцияны зерттеу тобы елдегі инфляция көлемі 58 пайызға жетті дейді. Бұл тәуелсіз топқа ғалымдар мен бұрынғы шенеуніктер кірген. Түркияның оппозицияшыл партиялары инфляция жайлы ресми деректерге және Түркия статистика институтының тәуелсіздігіне күмәнмен қарайды.

Лираның девальвациясы тауарды қымбаттатты. Шетелден әкелетін немесе шикізаты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы өсті. Сондай-ақ тұрғын үй қымбаттады.

Стамбұлдағы Еминону ауданында сабылған жұрт. Бұл күні түрік лирасының құны күрт түсіп кетті. 24 қараша, 2021 жыл.
Стамбұлдағы Еминону ауданында сабылған жұрт. Бұл күні түрік лирасының құны күрт түсіп кетті. 24 қараша, 2021 жыл.

Күнде таңертең нанды дүкен мен наубайханалардан арзанырақ сататын дүңгіршектер алдында кезек пайда болады.

"Бәрін азайттық. Бұрын он нан алсам, қазір бесеу аламын. Ет алуға тырыспаймыз да" дейді кезек күтіп тұрған Синаси Юкселен.

Эмине Ченгизер жасөспірім қызына қысқы пальто сатып алу үшін Анкарада тауарды арзанырақ сататын сауда үйіне барып, құр қол қайтқанын айтады.

"Пальто алсам, апта соңына дейін жейтін азығымыз болмайды" дейді ол.

Стамбулдағы Кок университетінің экономика профессоры Селва Демиралп ақыл-ойдың көшуі алаңдататынын айтады.

"Түркия мен шетелдегі табыстың арасы жер мен көктей болып бара жатқанда, жоғары білімді ақ жағалыларды елде ұстап қалу қиын болады" дейді ол. "Бұл - елдің болашағына үлкен қауіп төндіреді".

ЕРДОҒАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ ҚАНДАЙ?

Түркия президенті экономика өсімі мен экспортты қолдап, жұмыс орындарын арттыру үшін базалық мөлшерлемені төмендету керек деді. Жоғары пайызымен арбайтын қысқа мерзімді "шұғыл ақшаға" тәуелді экономикадан кетуге уәде берді.

Экономистердің сөзінше, базалық мөлшерлемені көбейту инфляцияны төмендетеді. Коронавирус пандемиясынан кейін әлемде инфляция күшейді. Бірақ Түркияда бұл проблема үкіметтің ортодоксалды емес саясаты кесірінен өткір проблемаға айналған.

Өсімқорлықты күнә санайтын мұсылман дінін ұстанатын Ердоған пайызды "барлық зұлымдықтың әкесі мен анасы" деп атады. Базалық мөлшерлемені төмендетуге қарсы болған үш банк басшысын орнынан алып тастап, бейсенбі күні жаңа қаржы министрін тағайындады. Жаңа министр лираның құнсыздануына алып келген базалық мөлшерлеменің төмендеуін қолдайтынын байқатты.

"Жаңа экономикалық модельмен жоғары базалық мөлшерлеме арқылы ақша тарту саясатынан бас тартамыз. Мүддесі төмен өндіріс пен экспортты қолдаймыз" деді Ердоған осы аптада.

Ердоған валюта дағдарысын Түркияның экономикасын күйреткісі келетін сыртқы күштерден көріп, үкімет "тәуелсіздік үшін экономикалық соғыс" жүргізіп жатқанын айтты.

Экономист Демиралптың сөзінше, үкімет бағаның өсуін тоқтатуға мүлдем кереғар шара қабылдап жатыр.

"Базалық мөлшерлемені азайту арқылы Орталық банк инфляция қысымын ұстап отырғанын мәлімдеді. Нарық бұған сене қоймайды" деді ол.

Түркия инфляцияны бақылауға емес, экономиканың өсіміне көбірек назар аударады деді Демиралп. "Бірақ бұл жердегі өсімнің өзі күмәнді, себебі осы дағдарыс кесірінен туындаған шығындар, белгісіздік пен үрейден кейін оның қайта төмендегеніне куә боласыз".

ЕРДОҒАН НЕ ІСТЕЙДІ?

Режеп Тайып Ердоған басшылыққа келгенде, мықты экономика саясатымен көзге түсті. Бұл оның бірнеше сайлауда жеңіске жетуіне септесті. Кейінгі кездері негізгі тауарлар қымбаттап, оның рейтингі түсіп кетті. Ал әртүрлі сауалнамалар жұрт Ердоғанның экономикалық саясатына алаңдайтынын көрсетті.

Өткен аптада полиция Стамбул мен басқа қалаларда қымбатшылыққа наразылық білдіріп митингіге шыққан жұртты таратып, ондаған адамды қамауға алды.

Оппозицияшыл партиялар альянсының танымалдығы күшейіп жатыр. Бұл - биліктегі Ердоған партиясы мен оның жақтастарына қарсы құрылған блок. Альянс сайлау өткізуге шақырып, Ердоғанды экономиканы дұрыс басқармай "сатқындық" жасады деп айыптады.

Ердоған мерзімінен тыс сайлау өткізуден бас тартып, саяси науқан 2023 жылы өтетінін айтты.

Осы аптада ол үкіметтің 50 мың жаңа жұмыс орнын құруға, төменгі жалақыны көтеруге әсер ететін бағдарлама жасағалы жатқанын айтты.

"Сатып алу қабілеті төмендеп кеткен азаматтарды жұбатуға арналған шараларды бірінен кейін бірін қабылдауға дайындалып жатырмыз" деді Ердоған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG