Accessibility links

Түркия сайлауы: Қазақстаннан көзқарас


Ердоған сайлаушылар алдына шыққан сәт. Анкара, 25 маусым 2018 жыл.

Реджеп Тайып Ердоған Түркиядағы ең құзыретті президентке айналмақ. Маусымның 24-інде өткен сайлауда Ердоған 52 пайыздан аса дауыс жинап, бес жылға президент болып сайланды. Қазақстандық сарапшылар Ердоғанның жеңісін түрліше бағалайды.

Түркияда саясаттану мамандығы бойынша докторантурада оқитын қазақстандық Талғат Жолдасұлы өзі тұратын Кония қаласында Реджеп Тайып Ердоғанның жеңісін тойлау әлі жалғасып жатқанын айтады.

- Жексенбіде күндіз сайлау өткені еш байқалмады. Әдеттегі күн сияқты болды. Бірақ кешкі тоғыздан бастап түнгі екіге дейін [тұрғындар] жеңісті тойлап, көліктерінің сигналын басып, кортедж сияқты әрі-бері жүрді. Салют атып, кей жерлерде мылтықтың да дауысы шығып жатты. Мен оқып жатқан Кония қаласындағы халықтың көбі консервативтік көзқарас ұстанады. Ескішілдеу, дәстүршілдеу, діншілдеу. Сондықтан Кония тұрғындарының басым көпшілігі қазіргі билікті қолдайды, - дейді Талғат Жолдасұлы.

Талғат Жолдасұлының айтуынша, ел ішінде "Бұл – Түркия тарихындағы ұзақ басқаратын билік болмақ" деп қауіптенетіндер де бар.

Стамбул көшесінде жүрген Ердоғанның жақтаушылары. 24 маусым 2018 жыл.
Стамбул көшесінде жүрген Ердоғанның жақтаушылары. 24 маусым 2018 жыл.

Маусымның 25-і күні Түркия Орталық сайлау комитеті 99 пайыз дауыстың саналғанын және Ердоғанның жеңіске жеткенін мәлімдеді. Қалған дауыстар нәтижеге әсер етпейтінін де жеткізді. Орталық сайлау комитеті Ердоған нақты қанша дауыс жинағанын ашып айтпады. Ал мемлекеттік Анадолы ақпарат агенттігі Ердоған 52,5 пайыз жинағанын, оның басты қарсыласы Мухаррем Индже 30,6 пайыз дауыс иеленгенін хабарлады.

"САЙЛАУ НӘТИЖЕСІНЕ МЕДИА ӘСЕР ЕТТІ"

Түркиядағы сайлауды бақылаған қазақстандық журналист Бауыржан Кариповтің пайымдауынша, Түркиядағы сайлау әділ өтпеген, себебі медиа сайлаудың нәтижесіне айтарлықтай әсер еткен.

- Билік партиясы мемлекеттің бүкіл мүмкіншіліктерін, ақшасын, коммуникациясы мен медиасын қолданды. Мәселен, Түркияда TRT деген мемлекеттік арна бар, сонда сайлау бойынша Ердоғанға 181 сағат бөлінген. Инджеге 20-30 сағат, Мерал Акшенерге 3 сағат, түрмеде отырған кандидат Селахатдин Демирташқа бір жарым сағат қана уақыт бөлінген. Бұл Түркияда үлкен дау тудырды. Екіншіден, кандидаттардың бірі түрмеде отырса, сайлауды қалай әділ өтті деуге болады? Күрдтердің Халық демократиялық партиясының басшысы Селахатдин Демирташ 22 айдан бері түрмеде отыр. Соған қарамастан ол тиісті межеден өтіп, мәжіліске кірді және Мерал Акшенерден көп дауыс жинады. Мерал - 7,3, ал Селахатдин - 8,3 пайыз дауыс алды, - дейді Бауыржан Карипов.

"Түркиядағы сайлау әділ өтті деп айта алмаймын"

"Түркиядағы сайлау әділ өтті деп айта алмаймын"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:18 0:00

Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының бақылаушылары да сайлау кезінде кандидаттарға бірдей жағдай жасалмағанын, оппозициялық кандидаттарға БАҚ-та тең мүмкіндік берілмегенін сынады.

Дегенмен ЕҚЫҰ сайлауда дауыс бергендердің саны көп болғанын атап өтті. Ресми дерек бойынша, бұл жолғы сайлауға дауыс берушілердің 87 пайызы қатысқан.

Ердоғанды жеңісімен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев құттықтады.

"ЕРДОҒАН ПАРТИЯСЫ ДІНИ РИТОРИКАНЫ ҚОЛДАНДЫ"

Президент сайлауымен қатар өткен парламент сайлауында Ердоғанның Әділет және даму партиясы 42,5 пайыз дауыс жинап, парламенттегі ең басым орынды иеленді. Мухаррем Индже басқаратын Республикалық халықтық партиясы парламент сайлауында 23 пайыздық дауысты иеленген. Күрдтердің Демократиялық партиясы 11 пайыздық дауыспен парламентке өтуге тиісті 10 пайыздық кедергіні еңсерген. Ал оппозициялық "Жақсы партиясы" мемлекеттік БАҚ мәліметінше, 10 пайыз дауыс алған.

Оқи отырыңыз: "Ердоған Орталық Азиядағыдай авторитарлық билікке жетті"

Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, қазір Стамбул университетінде докторантурада оқып жүрген Нұрат Ілиястың айтуынша, биылғы сайлауда да Ердоған партиясы діни риториканы қолданған.

"Ақ партия" исламды, шариғатты алға тартып, электоратты "сыртқы күштердің қауіпті екенін" айтып сендіре білді.

- "Ақ партия" (Ердоған партиясының халық арасындағы аты – ред.) исламды, шариғатты алға тартып, электоратты "сыртқы күштердің қауіпті екенін" айтып сендіре білді. Бір қызығы, Түркия парламентінде осы күнге дейін 550 депутат сайланып келген. 2017 жылғы референдум бойынша депутат саны 600 депутатқа өсті. Егер Ердоғанның Әділет және даму партиясы 360-400 орынды жеңіп алғанда Конституцияны өзгерте алатын еді. Бірақ Ердоған партиясы парламенттегі 293 орынды алып, жетпей қалды, - дейді Нұрат Ілияс.

"Түркия парламенттіктен президенттік басқару жүйесіне көшті" деген сарапшы бұл сайлаудағы негізгі тартыс күрдтердің Демократиялық партиясы айналасында жүргенін атап өтті.

- Күрдтердің түрмеде жатқан басшысы Селахатдин Демирташ президенттік сайлауда үшінші болып келді. Түрмеден Skype арқылы дауыс берушілермен хабарласып отырды. Күрдтердің Демократиялық партиясы сайлауда 10 пайыз жинай алмайды дегендер көп болды. Түркия заңы бойынша 10 пайызға жетпеген партия мәжіліске кірмейді. Бірақ күрдтердің партиясы 11 пайыз дауыс жинап, үшінші орынға шықты. Парламенттегі 66 орынды алды. Ұтылғанда осы орын Ердоғанның партиясына және басқа партияларға кетер еді, - дейді ол.

Демирташтың жақтастары. Стамбул, 17 маусым 2018 жыл.
Демирташтың жақтастары. Стамбул, 17 маусым 2018 жыл.

ЕРДОҒАННЫҢ БЕДЕЛІ

Реджеп Тайып Ердоғанның "батылдығы мен табандығына" тәнті екенін айтқан қазақстандық коммунист саясаткер, мәжіліс депутаты Владислав Косарев сайлау нәтижесін әділ деп бағалайды.

Ердоғанның батылдығы мен табандылығын түрік халқы лайықты бағалады.

- Ердоғанның батылдығы мен табандылығын түрік халқы лайықты бағалады. Оған қоса, ол елде жарылыстар, наразылықтар болғанда, төңкеріс жасауға әрекет жасалған кезеңдерде көшбасшы ретінде өзін көрсете білді. Ол президент болуға әбден лайық, - дейді Косарев.

Қазақстан халықтық коммунистік партиясының жетекшісі Түркияның президенттік басқару жүйесіне көшуін де құптайды.

- Егер президенті ақылды болса, халқы оған сенім артса, неге болмасқа? Ол – жақсы жігіт. Меніңше, түркі халқының оған еш өкпесі жоқ, - дейді Косарев.

Германияда тұратын Германия-Түркия парламенттік тобының төрайымы, этникалық күрдердің өкілі Севим Дагделен DPA агенттігіне берген сұхбатында сайлаудың еркін болмағанын және әділетті өтпегенін айтқан. Оның айтуынша, Ердоған сайлауға дейін қолға алған манипуляциялық құралдар арқылы авторитарлық президенттік жүйеге қол жеткізіп үлгерген.

Ал Косарев Дагделеннің пікіріне қатысты:

- Ердоған - саясаткер, ол не істеу қажеттігін біледі. Халқының жағдайын жақсарту мақсатында бұл әркеттер өз өзін ақтайды, - деді.

Түркияны 15 жылдан бері басқарып келе жатқан Ердоған бұрын премьер-министр болған. Ол 2014 жылы президент болып сайланған. Кезінде Стамбулдың мэрі қызметін де атқарған Ердоған Неджметдин Ербакан басқаратын исламдық партияға тыйым салған соң өзінің Әділет пен даму партиясын құрған еді. 2016 жылғы шілденің 15-інде елде мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы болып, билік оны күшпен басып, соңынан мыңдаған адамды қуғындаған. Батыс Ердоғанды төңкерісшілерді жазалау науқаны аясында саяси бәсекелестерін қудалап жатыр, адам құқықтарын бұзады деп жиі сынайды.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG