Accessibility links

Путин-Ердоған-Роухани үштігі не жайлы келісті?


Иран президенті Хасан Роухани (сол жақта), Түркия президенті Режеп Ердоған (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл

Ресей, Түркия мен Иран президенттері Владимир Путин, Режеп Ердоған және Хасан Роуханимен Анкарада кездесуде Сирияға қатысты ортақ мәлімдемелер жасады. Бұған қоса, Мәскеу Анкара және Тегеранмен бірнеше келісімге қол қойды. Мүлде түрлі мақсатты көздеп, бір-біріне онша сенбейтіні анық байқалатын Ресей, Түркия және Иран басшыларын уақытша болсын одақтастар ретінде атауға бола ма?

Ресей, Түркия мен Иран президенттері Владимир Путин, Режеп Ердоған және Хасан Роуханимен Анкарада кездесуде Сирияға қатысты ортақ мәлімдемелер жасады. Бұған қоса, Мәскеу Анкара және Тегеранмен бірнеше келісімге қол қойды. Мүлде түрлі мақсатты көздеп, бір-біріне онша сенбейтіні анық байқалатын Ресей, Түркия және Иран басшыларын уақытша болсын одақтастар ретінде атауға бола ма?

Ресей, Түркия және Иран "қарсыластардың тырысқанына қарамастан", Сирия территориясын бөлшектеуге жол бермейді. "Астана процесін" жалғастыруға арналған Анкарадағы үшжақты саммит қорытындысы бойынша Ресей, Түркия және Иран президенттері осылай деп мәлімдеді. Хасан Роуханидің сөзінше, "аймақты терроршылардың басқарғанын қалайтын" АҚШ пен Израиль Таяу Шығыста бейбітшілік орнауына қарсы. Бұл сөзге Путин де, Ердоған да қарсылық білдірген жоқ.


Бұған дейін Владимир Путин Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы толық күйреді деп талай рет мәлімдеген. Анкарада ол «Ресей арнайы қызметі дерегінше, жуырда Сирияда әлдебір терроршылар химиялық қаруды пайдаланып арандату ұйымдастыруды жоспарлап жатыр» деп айтқан. Путин Сириядағы жанжалға Ресей «радикалды исламшыл терроршыларымен күресу қажет болғандықтан араласып отыр» деп түсіндіреді. Ресей президенті екі жарым жылдың ішінде Кремльмен байланысты "Вагнер жеке меншік әскери компаниясы" тәрізді құрылым жалдамалыларын еептемегенде, ресми дерек бойынша ғана ресейлік 40-тан астам әскери қызметкері мерт болған Сириядан Ресей күштерін әкету туралы үш рет мәлімдеген болатын.

Иран, Түркия және Ресей Сириядағы жеті жылдық соғысқа барған сайын малтығып, соғыс қимылдары ауқымын қысқарту үшін ол жақта "деэскалация аймақтарын" құруда ынтымақтасуға тырысып келеді. Бірақ Мәскеу мен Тегеран әлі де президент Башар Асад билігін сақтауды құптаса, Анкара оны биліктен қууға тырысып жатқан қарулы оппозиция топтарын барынша белсенді қолдап отыр. Үшеуінің бастамасымен Қазақстан астанасында өткен Сирия келіссөздері, Путин, Ердоған және Роуханидің пікірінше, БҰҰ-ның қолдауымен Женевада өтетін бейбіт сипаттағы келіссөздерге жақсы балама.

Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл
Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл

Сирияның Хан-Шейхун қаласына химиялық қарумен шабуыл жасалғанына бір жыл толған әрі Путин, Ердоған және Роухани үшеуінің келіссөздері өткен сәуірдің 4-і күні АҚШ, Германия, Франция мен Ұлыбритания Сириядағы химиялық қаруды қолдану жауапкершілігін Башар Асад режимі мен Мәскеуге артты. АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Еуропаның жетекші елдерінің сыртқы істер министрлігі басшылары Ресейді 2013 жылы алған міндеттемелерін орындамады деп айыптайды. Ол кезде Мәскеу химиялық қаруды толық жоюға Дамаскіні көндіруге уәде еткен.

Бұған қоса, сәуірдің 4-і күні ұлттық қауіпсіздік кеңесі жиынында АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әскері Сирияда әлі қала беретінін айтты. Бұған дейін Трамп америкалық әскерилерді Сириядан әкеткісі келетіні туралы айтқан сөзі үшін кеңесшілерінен сын естіген болатын. АҚШ әзірше Сирияның солтүстігіндегі позицияларын нығайтып жатыр. Сириялық күрдтер бақылап отырған аймақтағы Манбидж қаласы төңірегінде америкалық екі әскери базаның құрылысы басталды.

Түркия Сирияның солтүстігінде қаңтардың соңынан бері күрдтерге қарсы "Зәйтүн бұтағы" әскери операциясын өткізіп жатыр. Операция мақсаттарының бірі - Манджибті алу деп мәлімделген. Анкара Вашингтонды әскерилерін ол жақтан әкетуге шақырғанымен, АҚШ оны елемей қойған. Күрд жасақтары АҚШ басқаратын коалиция құрамында радикалды жихадшыларға қарсы соғысып жатыр.

Түрия әскерилері мен олардың одақтастары Сирияның солтүстігінде
Түрия әскерилері мен олардың одақтастары Сирияның солтүстігінде

Анкарадағы кездесудің негізгі тақырыбына айналғанымен, Владимир Путин, Режеп Ердоған және Хасан Роухани үшеуі Сириядағы соғыс пен Вашингтонмен арадағы қарым-қатынастарынан бөлек мәселелерді де талқылады. Мысалы, Ресей мен Түркия президенттері Түркияға ресейлік С-400 зенит-зымыран кешендерін бұрын жоспарланғандай 2020 жылы емес, 2019 жылғы қазанда жеткізуге келісті. Путин НАТО-ның негізгі мүшелерінің бірі Түркияға әлгі кешендерді өндіру, басқару технологияларын беру үшін "әскери-саяси сипаттағы ешқандай шектеу жоқ" деп мәлімдеді. Түркия – Қытайдан кейін ресейлік С-400 кешенін сатып алғалы отырған екінші ел.

Бұдан бөлек, Путин мен Ердоған Түркияда "Росатом" компаниясының қатысуымен салынатын әрі алғашқы реакторы 2023 жылы іске қосылуы тиіс "Аккую" атом электр станциясы құрылысын бастау салтанатына қатысты. "Аккую" АЭС-да барлығы төрт блок болады деп жоспарланған. Олар "Росатом" басшылығы аса жоғары қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді деп мәлімдейтін ресейлік "3+" реакторлы қондырғылармен жабдықталады. Мәскеу бұл жобаға 22 миллиард доллар инвестиция құйып отыр.

Саясаттанушы әрі шығыстанушы ғалым, Мәскеудегі жоғары экономика мектебіне қарасты саяси ғылым департаментінің аға оқытушысы Леонид Исаев Азаттықтың Орыс қызметіне үш ел президенттерінің барлық мәлімдемелері мен келісімдерінің астары және Сирия соғысының перспективалары туралы айтып берді.

– Путин, Ердоған және Роухани үшеуі одақтас емес, әлемдік саясаттағы бір-біріне онша сенбейтін, мүдделері уақытша тоғыса қалған дербес ойыншылар. Мұндай бағамен келісесіз бе?

– Дәл солай! Ресей-Иран-Түркия үштігін дәл осылай сипаттау керек. Осы үштік "Астана процесін" Сирияның проблемаларын шешу үшін емес, мына жанжалға мол қаржы мен өзге де ресурстарын жұмсаған осы үш елдің ғана мүддесі мен пайдасын көздеп іске қосқан. "Астана процесі" аясында әлі күнге дейін шешудің сәті түспеген мәселелер Анкарада бірінші кезекте талқыланды, әрине. Мысалы, "Астана процесінің" жалғыз "жетістігі" – деэскалация аймақтарын құру туралы шешім. Ол мүлде жұмыс істемейді. Өйткені, Идлиб пен Шығыс Ғутада деэскалация аймақтары құрылғанымен, ол жақта шайқас тоқтаған жоқ, ал Сирияның оңтүстігі мен Хомстегі шайқастар деэкалация аймақтары пайда болғанға дейін тоқтаған болатын.

Екінші мәселе – Сириядағы саяси процесті бірдеңе етіп жаңғырту. Путин-Ердоған-Роухани үштігі Сирияның болашақ Конституциясын талқылау үшін комиссия құру туралы шешімді Сочи конгресі алдында қабылдаған болатын, бірақ әлгі комиссия тіпті әлі құрылған да жоқ. Мұның бәрі үш президенттің Сириядағы соғыста әскери тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да дәрменсіздігін көрсетеді.

Шығыс Ғутадағы босқындар. Сирия, 27 наурыз 2018 жыл
Шығыс Ғутадағы босқындар. Сирия, 27 наурыз 2018 жыл

– Мәскеу мен Тегеран белгілі бір себептермен Башар Асадты билікте сақтап қалуды армандайды, ал Анкара бұған қарсы. Түркия үшін Сирияда бәрінен бұрын шешілмей келе жатқан күрдтер проблемасы маңыздырақ. Үшеуі мына түйінді ұтымды етіп шешеміз деп үміттене ме сонда?

– Мәскеудің көздегені – Дамаскідегі қазіргі билікті сақтап қалу деу асыра айтқандық болар еді. Мәскеудің Сирияға қатысты мүддесі бұдан әлдеқайда ауқымдырақ. Негізі, Ресей, Түркия және Иранның Сирия мәселесіндегі альянсы көбінесе Анкара мен Батыстың, Анкара мен Вашингтонның арасы едәуір нашарлап кетуінің арқасында мүмкін болды. Қазір Мәскеу де, Тегеран да Анкара біртіндеп Вашингтон жаққа қайта ауып кете ме деп қорқады. Өйткені, АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Майк Помпео АҚШ-Түркия арасын барынша тездетіп сауықтыру керек деп мәлімдеп үлгерді.

Ресей, Түркия және Иранның Сирия мәселесіндегі альянсы көбінесе Анкара мен Вашингтонның арасы едәуір нашарлап кетуінің арқасында мүмкін болды

– Ал сонда Дональд Трамптың АҚШ өз әскерилерін Сириядан таяу арада әкеткісі келеді деген соңғы аптадағы түсініксіздеу мәлімдемелері Путин-Ердоған-Роуханиға жасаған тартуы ма?

– Бірақ Трамп кейін мүлде басқаша айтты ғой! Былтыр АҚШ басшылығы Сирияға қатысты бір-біріне қарама-қайшы көптеген мәлімдемелер жасады, бірақ оларға онша көп мән бермес едім. Бұл мәлімдемелер ішкі саяси мақсаттар үшін пайдаланылады. Өйткені, Трамп сайлауалды кампаниясында бұдан былай АҚШ-тың қымбатқа түсетін әрі АҚШ шекарасынан алыстағы жанжалдарға қатыспауына септесетін боламын деп уәде берді ғой. Ол әлгі уәдесіне берік екенін тағы бір мәрте растады. Бірақ АҚШ-тың саяси жүйесінде Трампты еркіне қоя бермей тежейтін толып жатқан тосқауылдар бар.

– Бұған қоса, Трамп ұлықтау рәсімінде бүкіл күшін, президенттік мерзімін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымын жоюға жұмсайтыны туралы айтқан еді ғой.

– Ол бұл уәдесін орындады. Өйткені қазір "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы толық жойылды, бұл жерде америкалықтар ешкімді алдаған жоқ. Меніңше, Сирия территориясында да, Ирак территориясында да ДАИШ-ты ("Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының араб тіліндегі атауының қысқарған түрі) жоюға шешуші үлесті шынымен АҚШ қосты.

Сирияның солтүстігіндегі Манбидж қаласы маңындағы АҚШ әскерилерінің тосқауыл бекеті. 4 сәуір 2018 жыл
Сирияның солтүстігіндегі Манбидж қаласы маңындағы АҚШ әскерилерінің тосқауыл бекеті. 4 сәуір 2018 жыл

– Бірақ Владимир Путин радикалды исламшылдарды Ресей, Иран және ішінара Түркияның бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана жеңдік, бұл жетістіктегі Мәскеудің еңбегі зор деп Анкарада тағы айтты емес пе?

– Кейде маған Путин мен оның айналасы бұл жайлы мәлімдеп тұрып өз-өздеріне сенбейтіндей көрініп кетеді. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының үлкен бөлігі территориясында болды, ал ол жақта Ресей, Түркия мен Иран соғыс қимылдарын жүргізген жоқ. Жихадшылар үшін Сирия территориясындағы Ракка қаласы мен өзге ұсақ ауылдардан гөрі Ирактағы Мосул қаласының символдық мәні әлдеқайда маңызды болды. Миллион халқы бар Мосулды босату ДАИШ-ты жоюда аса маңызды рөл атқарды. Бұған қоса, олардың Сириядағы саяси астанасы Ракканы алуына да Ресей, Иран мен Түркия үшеуінің қатысы болған жоқ қой.

Жалпы алғанда, Кремль ресейлік әскерилердің Пальмираны екі рет босатуға және Дэйр-эз-Зор түбіндегі шайқасқа қатысқанымен ғана мақтана алады, бары осы. Ресей "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы операцияға соңғы жағында қосылды, сондықтан әлемдік қауымдастықты бұл жағынан алдай алмайды.

Сириядағы ресейлік әскерилер
Сириядағы ресейлік әскерилер

– Путин Сириядағы терроршылардың түпкілікті талқандалғаны туралы бұл жолы да көп айтты. Бірақ ол "Жуырда терроршылар Сирияда химиялық қаруды қолдану арқылы арандатулар дайындап жатыр" деп мәлімдеді. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы талқандалған болса, ол Асадқа қарсы құрамы да әртүрлі және саны да көп оппозицияны айтып отырғаны түсінікті. Ол соншалықты неден қорқады?

– Мен тағы бір фактіге - Ресей, Түркия және Иран басшылары мына кездесу аясында толып жатқан жалаң, популистік мәлімдемелер жасағанына көңіл аудадар едім. Бұл үшеуінің ешқандай ортақ мәмілеге келе алмағанын дәлелдейді. Сондықтан осындай жалпылама сөздерге жүгінуге тура келді. Ал химиялық қаруға келсек, бұл жерде Сирия территориясын біртіндеп болса да қайтарып алуға бел буған Дамаскінің әрекеттерін ақтап алуға тырысқаны байқалады. Сондықтан Асад Шығыс Ғутамен тоқтап қалмайды, енді оппозиция шоғырланған өзге анклавтарға шабуыл бастайтыны баршаға аян болып тұр. Ал Дамаскінің келешектегі мұндай әрекеттерін ақтап алудың жалғыз жолы – тыныштық режимі шарттарын, келісімді орындамай, соғыс заңдарын бұзып отыр деп оппозицияны күнібұрын айыптау. Дамаскінің соғысты жалғастырудан өзге амалы қалмады деп көрсету. Әйтпесе қазір Шығыс Ғутадағы тәрізді Дамаскінің әрекеттері үшін Мәскеудің жауап беруіне тура келеді.

Ресей, Түркия және Иран басшылары кездесу аясында толып жатқан жалаң, популистік мәлімдемелер жасады

– Баспасөз өкілдері жиынында Путиннің жанында отырған Хасан Роухани "Аймақтың жаулары Сирияны бөлшектеуді жоспарлаған болатын, бірақ бұл ойлары іске аспады. Бұған жол бермейміз" деді. Иран президенті әлгі жаулардың ішінде "бүкіл Таяу Шығысты терроршылардың басқарғанын қалайтын" америкалықтар мен израильдіктерді атағаны түсінікті. Бірақ мұнысы күлкілі естілді. Ал ол мына сөзді Путиннің ғана емес, АҚШ-тың НАТО-дағы ең ірі одақтасы - Түркия басшысы Ердоғанның жанында да отырып айтты ғой.

– Түркия мен АҚШ арасындағы қазіргі қарым-қатынас деңгейін ескерсек, Роуханидің әлгі сөзіне Ердоғанның шамданатын реті жоқ деп санаймын. Керісінше, кейінгі кезде Ердоғанның Америкаға қарсы риторикасы мүлде күшейіп барады. Бірақ Түркия, Иран және Ресейдің өз араларында да үлкен қайшылықтар бар, сондықтан үш ел басшысының кездесуі достық пейілде өтеді деп ойлаудың реті жоқ. Путин, Ердоған мен Роуханидің арасында көптеген дау туғанына кәміл сенімдімін, өйткені үшеуі ортақ мәмілеге келе алмайтын мәселелер өте көп. Сіз бен біз олардың бізге айтқанын ғана естіп, көрсеткенін ғана көреміз. Ал жабық есіктің ар жағында не болып жатқанын кім білсін.

– Дональд Трамптың жеке өзін айтпаймын, ал Вашингтон үшеуінің бір-бірін қайталаған сөздерін қорқынышпен тыңдауы тиіс болғандай көрінеді. Бірақ, Вашингтон жақтан ондай қорқыныш байқалмайды.

– Егер түріктердің америкалықтарға қатысты ұстанатын саясатын дұрыс түсінсем, Түркия мұны мақсатты түрде істейді. Өйткені, осындай іс-әрекеттері мен сөздері арқылы Вашингтонның қызғанышын оятқысы келеді. Анкара үнемі, оның ішінде Мәскеудің де көмегіне жүгініп, Вашингтонның жанды жеріне тиюге тырысады. Бірақ бұл әрекеті ұдайы сәтті бола бермейді. Ал Вашингтон бұған мән бермеген кезде Анкараның қитығына одан сайын тиетін болуы керек.

Режеп Ердоған мен Владимир Путин. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл
Режеп Ердоған мен Владимир Путин. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл

– Сонда мұның бәрі Түркияның АҚШ-қа көрсеткен қыры, ұсақ бопсасы ма? Ал Иран қазір ең әуелі Трамптың ядролық келісім шарттарын қайта қарауынан қауіптенеді. Ал бұл жерде Тегеран Батысты немесе Трамптың жеке өзін бүркемелі тәсілдермен бопсалай ала ма?

– Батыспен жасалған ядролық мәміле – Иранның сыртқы саясатындағы нөмірі бірінші мәселе. Өйткені, Роуханидің де, Иранның саяси истеблишментіндегі бүкіл либерал топтардың да саяси болашағы осы мәмілеге тәуелді болып тұр. Тегеран бұл мәселеде Вашингтон емес, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша мәміле шарттары орындалатынына кепіл ретінде Еуроодақ пен Ресейге қысым жасауға тырысады. Өйткені бұл Вашингтон мен Тегеран арасындағы ғана мәміле.

– Енді Ердоғанға көшсек. Мына кездесуде ол өзінен бірдеңе сұрап келген қадірлі қонақтарды қабылдап жатқан сұлтан немесе керісінше, келген адамдардан әуелі өзі бірдеңелер талап еткісі келген саясаткер тәрізді көрінді.

– Құдіретті сұлтан сияқты көрінді деп мүлде ойламаймын. Бір жылдан аса жалғасып келе жатқан "Астана процесінен" үш ел де ұтылған жоқ, ұтты, бірақ Түркияны негізгі пайда көрген елдер қатарына жатқызбас едім. Меніңше, бұл жердегі ең басты жеңімпаз – Иран, сосын Ресей аздап ұтып тұр. Ал Түркия болмашы пайда көрді. Екі жыл бұрынғыға қарағанда оның Сириядағы қазіргі мүдделері әлдеқайда ынсапты. Анкарадағы саммит аясында Идлибтегі түркияшыл оппозициялық күштер мен Асадты қолдайтын күштер арасында шартты түрде дамаркациялық сызық жүргізу мәселесі талқыланды, сондықтан бұл мәселеде әлдебір келісімге қол жеткізген шығар.

Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл
Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 4 сәуір 2018 жыл

Ердоғанның екінші проблемасы – күрдтер. Өзін "күрдтер терроризміне қарсы бітіспес күрескер" ретінде көрсету үшін оның "күрд факторын" ішкі мақсатта үнемі пайдаланып отыру мүмкіндігі болуы тиіс. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда, биыл қаңтарда Афринде өткізген әскери операцияға ұқсайтын операция жүргізу мүмкіндігі оған өте-мөте қажет. Түркияның сыртқы саясатының сириялық аспектісі туралы айтар болсақ, осы екі міндет – Ердоған үшін өмірлік маңызы бар міндеттер. Бұл Түркия президенті қол жеткізе алатын мақсаттар.

– Ресей ақыры Түркияға өзінің С-400 зымыран кешендерін жеткізіп беретін болды және ресейлік "Росатом" компаниясы көмегімен "Аккую" атом электр станциясы құрылысы басталады деген екі фактіге бұрынғысынша өте көп назар көңіл бөлінді.

Ресей мен Түркия арасындағы қазіргі қарым-қатынас деңгейі "мен - саған, сен - маған" принципіне негізделген

– "Аккую" АЭС-і де, "Түрік ағыны" да түріктер емес, бірінші кезекте Ресей үшін маңызды жоба. Себебі, Түркия "Түрік ағыны" газ құбырын тартуды тоқтатып тастау арқылы Мәскеуді талай бопсалаған. Анкараға бұл жобалар өзге әлдебір мәселелер, мысалы, Африн немесе Идлиб бойынша Мәскеуге қысым жасауға мүмкіндік береді. Өйткені, Ресей мен Түркия арасындағы қазіргі қарым-қатынас деңгейі "мен - саған, сен - маған" принципіне негізделген. Мысалы, Анкара Мәскеуге "сендерге "Түрік ағыны" газ құбырының кезекті тармағы құрылысын жалғастыруға рұқсат береміз, ал дәл сол күні бізге Сирияда соғыс қимылдарын бастауға рұқсат бересіңдер" деген шарт қоюы мүмкін.

Ресейлік С-400 зениттік-зымыран кешені
Ресейлік С-400 зениттік-зымыран кешені

Ал С-400 зенит-зымыран кешеніне қатысты қалай мәмілеге келгені тіпті түсініксіз. Маған мұның бәрі Ресей мен Түркияның Батыс елдеріне қыр көрсету үшін әдейі ойластырған құр қоқан-лоқысы болып көрінеді. Бұған қоса, екі жақтың, әсіресе түріктердің С-400 зымыран кешенін шынымен алуға уағдаласқаны мен үшін жұмбақ. Өйткені, Ресей қуатты қаруын бүкіл технологиясымен қоса береді дегенге сену қиын. Бірақ келісім-шартта оның жасау технологиясы жайлы мүлде ештеңе айтылмаған. Мұны НАТО-ны бопсалау амалы деп ойлаймыз ба? Әлде Түркия басшылығының ақымақтығы дейміз бе? Білмеймін.

– Ердоған мына қылықтарымен бір күні Дональд Трамптың қитығына әбден тиіп, Трамптың қырына ілігем деп қорықпай ма? Әлемдегі ең ірі экономикалық держава Қытайға қарсы сауда соғысын бастауға дәті барып, бір мезгілде Ресеймен, Мексикамен қақтығысуға дайын АҚШ президенті шын ашуланса Түркияны тұншықтыра салуы мүмкін ғой.

Түркия басшылары өзімшіл әрі өркөкірек

– Бір жағынан Ердоған оның назарын аударғысы келеді. Енді бір жағынан Анкара Трамппен онша есептеспей отыр. Америка президенті қызбалыққа салып шешім қабылдай салатын өте қызба адам, бірақ оның қолында көп билік жоқ. Сондықтан егер Трамп кенеттен Ердоғанды тұқыртып алғысы келсе, бұған ешкім жол бермейді. Өйткені, АҚШ-тың саяси жүйесінде кез-келген саяси институттың, оның ішінде президенттің қызметін де шектейтін тетіктер өте көп.

Түркия басшылары өзімшіл әрі өркөкірек. Сондықтан олар өздерінің рөлін асыра бағалап, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саясаты Түркиясыз іске аспайды, мүлде ештеңге қол жеткізе алмайды деп ойлайды. Анкара АҚШ пен Трампты жете бағаламай отыр, - дейді Леонид Исаев.

(Азаттықтың Орыс қызметінің редакторы Александр Гостевтің мақаласы орысшадан аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG