Accessibility links

"Путин Сириядағы жағдайды бақылауынан шығарып алды"


Ресей президенті Владимир Путин Хмеймимдегі ресейлік әскери әуе базсында. 11 желтоқсан 2017 жыл.

Сейсенбіде Пентагон өкілі коалиция күштерінің Сирияның Дейр-эз-Заур (Дейр-эз-Зор деп те жазылады - ред.) провинциясында үкіметті қолдайтын қарулы жасаққа әуеден берген соққысы өзін-өзі қорғау актісі болатын деп мәлімдеді. Бұған қоса, ол коалиция келешекте әлгіндей арандатуларға жауап ретінде күш қолданатын болады деп ескертті. Америкалық сарапшылардың сөзінше, бұл эпизод Барак Обаманың әкімшілігіне қарағанда, АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Сирияда әлдеқайда қатал стратегия ұстанатынын Дамаск пен Мәскеудің әлі де болса жете түсінбей отырғанын көрсетеді. Сириядағы жанжал барысына бұл жаңа бағыттың тигізер салдары үлкен болуы мүмкін.

13 ақпанда АҚШ-тың бірнеше ақпарат құралы "Сирия демократиялық күштері" позицияларына жасалған сәтсіз шабуыл салдарынан "ондаған" Ресей азаматы мерт болғаны туралы ақпарат жариялаған болатын. Bloomberg ақпараттық агенттігінің АҚШ-тың әскери жетекшілігіндегі дереккөзіне сілтеп хабарлауынша, коалиция күштерінің әуе соққысынан 100-ден аса адам өлген. Бірақ әлгі дереккөз олардың арасында қанша ресейлік болғанын білмейді.

Бірақ АҚШ әскери-әуе күштері орталық командованиесінің өкілі, әуе операциясын үйлестірумен айналысқан генерал Джеффри Харригян 7 ақпанда шабуылдаған үкіметшіл күштердің қандай топ екені және қаза тапқандар арасында Ресей азаматтары болғаны я болмағаны туралы болжам жасаудан бас тартты. Генерал оқиғаны барынша жан-жақты сипаттап берді. Оның сөзінше, Сирия режимі қолдайтын күштердің артиллерия, танк, реактивті атқылау жүйелері, минометтермен қаруланған әрі саны шамамен бір батальон болатын жасағы "Сирия демократиялық күштерінің" позицияларына шабуылға шыққан, ал ол жақта америкалық кеңесшілер де болған. Америкалық офицерлер арнайы байланыс желісі арқылы ресейлік әскерилермен хабарласып, не болып жатқанын ескерткен. Бірақ бірнеше мәрте қоңырау соғып, әлдебір мәміледен қайыр болмағаннан кейін қарымта соққы беру ұйғарылған.

Әуеден жасалған операцияға F-15 жойғыш ұшақтары, В-52 бомбалаушы ұшақтары, АС-130 оқ жаудырғыш ұшақтары, соғыс тікұшақтары мен ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар қатысқан. АҚШ одақтастарының позицияларына шабуыл тұтқиылдан жасалған. Оның алдында коалиция командованиесі ресейлік әскерилерге екі араны бөліп тұрған сызыққа Сирия үкіметі қолдайтын күштер шоғырланып жатыр, сондықтан мұның арты жанжалға ұласуы мүмкін деп ескерткен. "Сирия демократиялық күштерінің" позициясы "қасақана әрі үйлестірілген шабуыл" нысанасына айналған соң коалиция өз-өзін қорғау тәсіліне жүгінуге мәжбүр болған.

Сириядағы АҚШ әскерилері
Сириядағы АҚШ әскерилері

Генерал Джеффри Харригян АҚШ пен оның одақтастарының Сириядағы жалғыз жауы - ДАИШ ["Ислам мемлекеті" террорлық тобының арабша қысқарған атауы - ред.] ұйымы екенін ескертті. Бұған қоса, оның сипаттауынша, Сириядағы коалиция күштері мен ресейлік күштердің арасындағы үйлестіру жұмысы жақсы ұйымдастырылған әрі ресейлік өкілдермен телефон арқылы күнделікті байланыс "кәсіби деңгейде" орнатылған. Бірақ ол коалиция өз одақтастарын келешекте де қорғауға әзір екенін ескертіп, "Біз жалғыз жауымыз - ДАИШ ұйымымен күресуді ғана көздейміз, өзге жау іздеп отырған жоқпыз. Бірақ, өткен аптада қорғаныс министрі Мэттис айтқандай, егер бізге қатер төндірер болсаңдар, өмірлеріңдегі ең ұзақ және ең сұмдық күнге тап боласыңдар" деп мәлімдеген.

Бұл соққы Ресейдің де, оның одақтастарының да бұдан кейін Сирияда емін-еркін тайраңдауына жол берілмейтіндігіне дәлел

Былтыр сәуірде Шайрат әуе базасын зымыранмен атқылау сияқты Дейр-эз-Заурда әуеден соққы беру Дональд Трамп әкімшілігі Дамаскінің де, Мәскеудің де аттап өтуіне жол бермейтін соңғы сызықты белгілеп бергенін көрсетеді. Пентагонның бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері, Виргиниядағы Лексингтон институтының вице-президенті Дэниэл Гурэнің пікірі осындай.

Дэниэл Гурэ
Дэниэл Гурэ

– Былтырғы көктемде Сирияның әскери базасын зымыранмен атқылау тәрізді, бұл соққы да Ресейдің де, оның одақтастарының да бұдан кейін Сирияда емін-еркін тайраңдауына жол берілмейтіндігіне дәлел болмақ. Меніңше, Трамп әкімшілігі ресейлік экспансионизмге тойтарыс беруге қатысты түбегейлі шешім қабылдаған. Ал Сирия - алдыңғы әкімшіліктің стратегиясынан көп өзгеше жаңа стратегияның үлгісі. Әділін айтқанда, Башар Асад режимін қолдауға Мәскеу стратегиялық тұрғыдан аса мүдделі емес. Мәскеудің мүддесі Еуропамен байланысты. Путин Сирияда АҚШ-пен ашық қақтығысқа тәуекел етеді деп елестету қиын. Мұның қисыны жоқ. Ал Иран үшін Сириядағы ықпалын күшейту аса маңызды, бірақ Кремль үшін бұл екінші, үшінші орындағы мақсат. Біздің жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиямызда Қытай мен Ресей ақпараттық соғыс жариялау, ядролық қару-жарағын жетілдіру, өзге елдерде ықпалын күшейту арқылы АҚШ-қа бүкіл салада қарсы тұруға тырысып жатқаны көрсетілген. Кейінгі 10 жылда біз бұл тіресте ұтылып келдік, территорияны бәсекелестірімізге беріп қойдық. Енді қайта ораламыз.

Азаттық: – Егер АҚШ сириялық одақтастырын қолдауға шынымен дайын болса, онда Асадтың дұшпандарын толық талқандап, түпкілікті жеңу мүмкіндігі мүлде аз болады екен ғой. Ал бұл Кремль үшін нені білдіреді? Барак Обаманың "Путин Ресейді Сириядағы ми батпаққа тартып барады" деген болжамы расқа айналғаны ма?

Сириядағы ресейлік әскерилер
Сириядағы ресейлік әскерилер
Путин жағдайды бақылауды уысынан шығарып алды. Енді көп нәрсе оның қай жолмен жүретініне байланысты болмақ

Дэниэл Гурэ: – Әзірше жағдай Путин үшін сәтсіз қалыптасып тұр. Ресей Сириядағы ми батпаққа батты деп ойламаймын. Бірақ бұлай болуы ықтимал. Өйткені Сириядағы жағдайды бақылауға Кремльдің шамасы келмей қалды. Біз Иран Сирияда өз базаларын орналастырып, оның территориясынан ұшқышсыз басқарылатын ұшақтарын ұшырып жатқанын, Израильмен жанжалға киліккенін, ал Израиль бұған қарымта ретінде Дамаск айналасындағы әуе шабуылына қарсы кешендерді жойып жатқанын көріп отырмыз. Америкалықтар өз одақтастарын қорғап жатыр, бірақ олардың соққысынан ресейлік азаматтар зардап шегуі мүмкін. Путин жағдайды бақылауды уысынан шығарып алды. Енді көп нәрсе оның қай жолмен жүретініне байланысты болмақ. Ол қазіргіден әлдеқайда шағын рөлді місе тұтып, емен-еркін әрекеттен тартынғысы келе ме әлде жағдайды бақылау мен беделін қайтарып алу үшін Ресейдің Сириядағы ықпалын тағы ұлғайтып, ол жаққа көбірек күш пен ақша жұмсай ма? Енді Израиль ирандықтардың немесе сириялықтардың әлдебір акциясына қарымта ретінде Сирияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жаппай атқылап, оның ширек бөлігі емес, көп бөлігін жойып жіберді деп елестетіп көрелікші. Путин бұған не істей алады? Ол Дамаскіні қорғау үшін Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін Сирияда шоғырландыруды ұйғара ма?

Егер "Томагавк" зымырандарымен атқыланған Шайрат базасында ресейлік әскерилер болғанын еске түсірсек, олар шабуыл құрбанына айналса, бұл Кремльді тығырыққа тіреп, қиын таңдау жасауға мәжбүр етер еді. Ол кезде АҚШ соққыға дайындалып жатқанын Мәскеуге ескертті, сондықтан ресейлік азаматтар зардап шеккен жоқ, бірақ Сириядағы жағдай бәрібір өте қауіпті. Сондықтан егер Кремль ол жақтағы ықпалын ұлғайтуды ұйғарса, Сириядағы ми батпаққа батуы әбден мүмкін.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Юрий Жигалкиннің мақаласы орысшадан аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG