Accessibility links

Ердоған мен Тоқаев Астанада келіссөз өткізді

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 14 мамыр, 2026 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 14 мамыр, 2026 жыл.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары Түркия туын бейнелейтін қызыл және ақ түсті жолақ салып ұшты. Құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұрандары ойнады.

Бұдан соң Түркия басшысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тоқаев сапар аясында ауқымды бизнес форум өтетінін, бұл мақсатта Түркия президентімен бірге үлкен делегация келгенін айтты.

– Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін, – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Түркияның Anadolu агенттігінің хабарлауынша, екі ел президенті екіжақты келісімдерге қол қою шарасына қатысып, бірлескен баспасөз мәслихатын өткізеді.

Түркия делегация құрамында осы елдің сыртқы істер министрі Хакан Фыдан, қорғаныс министрі Ясар Гүлер, сауда министрі Омер Болат, білім министрі Юсуф Текин, өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих сияқты лауазымды тұлғалар бар.

Сапар барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасқа, соның ішінде энергия, тасымал, сауда және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастыққа назар аударылады деп жазады Түркияның Hurriyet басылымы.

Бұған қоса Ердоған мен Тоқаев стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысына төрағалық етпек. Кеңесте екіжақты қарым-қатынастың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыға түседі.

XS
SM
MD
LG