Accessibility links

"Еркіндік қанаты" қоры Құрылтай сайлауын бақылауға қатыспайтынын мәлімдеді

Сайлау учаскесіндегі байқаушылар отыратын жер.
Сайлау учаскесіндегі байқаушылар отыратын жер.

Қазақстандық "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға тәуелсіз бақылау жүргізбейтінін мәлімдеді. Қор бұл шешімін елде саяси бәсекенің шектелуімен, азаматтық қоғам мен БАҚ-қа қысымның күшеюімен байланыстырған.

"САЯСИ БӘСЕКЕ ЖОҚ, ҚҰҚЫҚТАР ШЕКТЕЛГЕН"

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауына тәуелсіз бақылау жүргізуден бас тартты. Қор әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесінде мұндай шешім қабылдауына не себеп болғанын атап көрсеткен.

"Сайлау 2019-2022 жылдардағы реформалардың тоқырауы тұсында өткелі жатыр: бір мандатты округтер бойынша үміткерлердің болмауы, қандай да бір балама көзқарас ұсына алатын тіркелген саяси партиялардың жоғы, азаматтық қоғам мен медиа өкілдеріне деген қысым", – деген қор әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесінде.

Қоғамдық ұйым қазіргі қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесі сайлау учаскелеріндегі байқаушы рөлін шектеп, олардың мемлекет ісін басқаруға қатысу жөніндегі конституциялық құқықтарын жүзеге асыру тетіктерін пайдалануға жол бермейді деп санайды.

Қор Қазақстанда сайлауға тікелей немесе жанама түрде қатысы бар даулы мәселелер бойынша әділ сот талқысына қол жеткізу мүмкін емес деп біледі. Бұған қоса, "Еркіндік қанаты" бұған дейін мемлекеттік органдар мен үшінші тараптардың тікелей араласу әрекеттеріне бірнеше рет тап болғанын атап өткен.

"КЕДЕРГІ ЖАСАП, НЕГІЗСІЗ АРАЛАСУ ӘРЕКЕТТЕРІ"

"Еркіндік қанаты" қоры бұған дейін Қазақстанда өзі бақылау жүргізген сайлау науқандары кезінде қоғамдық ұйым өкілдері түрлі кедергілер мен қысымға тап болғанын атап өткен.

Қоғамдық ұйым өз ісіне араласудың мысалы ретінде:

  • "Еркіндік қанаты" байқаушыларын сайлау учаскелерінен негізсіз және заңсыз шығарып жіберуді;
  • 2024 және 2026 жылдары дауыс беру күні "Еркіндік қанаты" кеңсесінде интернет ішінара бұғатталып, кейбір құрылғы дұрыс жұмыс істемей қалғанын;
  • 2020-2021 жылдары салыққа байланысты негізсіз тексеру әрекеттерін;
  • 2019-2022 жылдары байқаушылардың "дербес деректерін тарату" тақырыбын теріс пайдалану әрекеттерін;
  • 2023 жылы күштік құрылымдар тарапынан байқаушылар қатарына жасырын қосылу әрекеттерін келтірген.


"КҮРДЕЛІ ӘРІ АМАЛСЫЗ ШЕШІМ"

"Еркіндік қанаты" қоры Қазақстанның "Сайлау туралы" конституциялық заңында алдағы уақытта құқық қолдану тәжірибесі тұрғысынан айтарлықтай қауіп тудыратын нормалар күшіне енгеніне назар аударған.

"Мұндай жағдайда бұл науқанға қатысу қор қызметкерлерінің, бақылаушылардың, еріктілердің жеке қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруі мүмкін және қор қызметіне кері әсер етуі ықтимал. Сондықтан "Еркіндік қанаты" ұжымы 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауын бақыламау туралы күрделі әрі амалсыз шешім қабылдады", – деп мәлімдеді қоғамдық ұйым.

Қор биылғы Құрылтай сайлауына байқаушылар іріктемейтінін, сайлауға байланысты білім беру, ақпараттық және өзге де іс-шаралар өткізбейтінін, сайлауға дауыс беру күні байқаушыларға куәлік бермейтінін және оларды сайлау учаскелеріне жібермейтінін айтып отыр.

2015 жылғы наурызда құрылған "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры азаматтық құқық қорғау және білім беру бағдарламаларын ұйымдастырумен, зерттеулер мен мониторинг жүргізумен, заң шығару ісіне қатысумен, сайлау процестерін тәуелсіз бақылаумен айналысады.

Айдар
XS
SM
MD
LG