Accessibility links

Еуроодақты 2017 жылы не күтіп тұр?


Лондондағы Трафальгар алаңында Ұлыбританияның Еуропа Одағы құрамынан шығуына қарсылық білдіріп тұрған адам. 28 маусым 2016 жыл.

Еуроодақтың кей елдерінде 2017 жылы өтетін сайлаулар одаққа және оның көрші елдермен қарым-қатынасына көп өзгеріс әкеледі деген болжам бар. Бірақ, бұған қоса биыл Еуропа саясатына ықпал етуі мүмкін өзге де маңызды оқиғалар болмақ.

Былтыр Ұлыбритания азаматтарының «Брекзитті» қолдап дауыс беруіне, АҚШ-та президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуіне, одан бұрынырақ Грекиядағы қарыз дағдарысына серпін берген популизм Еуропада биыл одан әрі жалғасатын тәрізді.

Голландияда наурызда өтетін сайлауда Гирт Уилдерс басқаратын, исламға қарсы ұстанымымен белгілі «Бостандық партиясы» біраз дауыс жинап, коалициялық үкімет құрамына кіруі мүмкін. Сәуір, мамыр айларында өткелі отырған Франция президенті сайлауында әсіреоңшыл әрі популистік саяси күш – «Ұлттық майдан» партиясы жетекшісі Марин Ле Пен екінші кезеңге өтуі ықтимал.

Германия канцлері Ангела Меркель. Берлин, 20 желтоқсан 2016 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель. Берлин, 20 желтоқсан 2016 жыл.

Қыркүйекте Германияда популист әрі еуроскептик саналатын «Германияға балама» партиясы Бундестагқа өтпек. Осы сайлауда Еуропа Одағының соңғы «құтқарушысы» саналатын канцлер Ангела Меркельдің күші әлсіреуі мүмкін, тіпті ол биліктен кетуі де ықтимал.

Алайда 2017 жылы болатын бірнеше маңызды оқиға Еуропа жолын мүлде басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін деген болжам айтылып отыр. Дипломаттар, әскери басшылар мен «еурократтардың» мазасын қашырған да – осы жайттар. Мұның нәтижесінде Еуропа Одағы, бәлкім тіпті НАТО кетеуі кеткен ұйымдарға айналуы ықтимал.

НАТО 29 ЕЛМЕН ШЕКТЕЛЕ МЕ?

Биыл Брюссельдегі ең үлкен жиын – көктемде өтетін «Трамп саммиті» болмақ. НАТО басшыларының ресми саммиті кезінде АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп Еуропаға келіп, альянстың жұмысымен жақынырақ таныспақшы. Барак Обама мен Джордж Буш билікке келген кезде де дәл осындай жиындар ұйымдастырылған, бірақ бұл жолы НАТО лидерлері мен дипломаттары біраз беймаза күй кешетін сыңайлы.

Трамп НАТО-ның шығыс қанатын қорғауға құлық таныта ма? Ауғанстан мәселесі оны толғандыра ма? Ол Владимир Путинмен соншалық жақын ба? Трамп сайланғалы бері еуропалықтарды осы сұрақтар жиі мазалайтын болды. Бұл саммит – осы сауалдарға жауап алып, Трамптың тамырын басып көретін алғашқы мүмкіндік болмақ.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп.
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп.

«Трамп саммиті» өтетін күннің нақты белгіленбеуіне себеп – НАТО басшылары үлкен жиынды Брюссельдегі альянстың жаңа штаб-пәтерінде өткізуді жоспарлап отыр. 2010 жылы басталып, 1 миллиард еуро қаражат жұмсалған ғимарат бірнеше айдың ішінде салынып бітуі тиіс. Бір қызығы, әскери альянстың жаңа штаб-пәтері өзі де үлкен ғимараттар салумен айналысатын миллиардер, бірақ НАТО-дағы АҚШ-тың міндеттемелерін азайтуды жақтайтын Дональд Трамптың сапары кезінде пайдалануға берілгелі отыр.

Саммит болатын тұста Черногория НАТО-ның 29-мүшесі ретінде альянс құрамына өтеді деген үміт бар. Дегенмен, НАТО-ның біраз мүшесі, соның ішінде АҚШ оны альянс құрамына қабылдау туралы құжатты ратификациялауы керек. Азаттық радиосының тілшісіне сұхбат берген дипломаттардың барлығы Черногорияның альянс құрамына өтуіне ешқандай кедергі жоқ дегенімен, көптің көкейінде түйткілді сұрақ бар. Черногория басшылығы 2016 жылғы қазанда өткен сайлау кезінде «елдегі жағдайды тұрақсыздандырғысы келді» деп Ресейді айыптаған. Бұл – Ресейдің Черногорияны НАТО құрамына кіргізбеу амалы ма? Олай болса, Мәскеу әрекетін әрі қарай да жалғастыра бере ме? Қалай болғанда да, бұдан былай НАТО мен Еуроодақ құрамына жаңа мүшелердің кіруі біраз уақытқа тоқтайтын түрі бар.

«БРЕКЗИТ» КЕЛІССӨЗДЕРІ

2017 жылғы наурыздың соңында Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуының жай-жапсарын пысықтайтын келіссөз комиссиясы жұмысын бастайды. Екі жылға деп құрылған комиссия жұмысы бұдан да ұзаққа созылуы ықтимал. Келіссөздер тек Британия мен Еуроодақ дипломаттарының уақытын алып қана қоймай, дүйім жұрттың назарын өзіне аударатын ерекше оқиға болмақ. Осының кесірінен Еуроодақ бұрынғы ықпалынан айырылып, ішкі мәселелеріне көбірек көңіл бөлетін әлжуаз ұйымға айналуы мүмкін. «Брекзит» келіссөздері шілденің соңында мерзімі аяқталатын Ресейге қарсы салынған экономикалық санкцияларды жаңарту мәселесіне қалай әсер етпек?

Польша оппозициясының ұйымдастыруымен парламент алдына билікке қарсы наразылық шеруіне шыққандар Польша мен Еуропа Одағы туларын көтеріп тұр. Варшава, 17 желтоқсан 2016 жыл.
Польша оппозициясының ұйымдастыруымен парламент алдына билікке қарсы наразылық шеруіне шыққандар Польша мен Еуропа Одағы туларын көтеріп тұр. Варшава, 17 желтоқсан 2016 жыл.

Биыл Еуроодақтағы алауыздықты анық көрсететін екі бірдей оқиға болайын деп тұр. Ақпанның соңында Еурокомиссия Польша үкіметінен елдегі заң үстемдігіне, соның ішінде конституциялық сот жұмысына қатысты жауап алмақ. 2015 жылдың соңында Варшавада «Заң және әділдік» оңшыл партиясы билікке келгелі ел ішінде текетірес жүріп жатыр. Польша Еурокомиссияның талаптарына көз жұма қараса да, комиссия Варшаваға қарсы ешқандай жазалау шараларын қолданбауы мүмкін, себебі Венгрия тәрізді елдер Польшаға қолдау білдіріп отыр. Бұл Еуроодаққа жаңа кірген елдердегі «иллиберал-демократияның» жеңісі болар еді, әрі бұл бұрынғы Варшава шартына қатысушы елдердің ішінде Еуроодаққа жылдам қосылып, интеграцияланған ел ретінде Польшаны үлгі тұтып келе жатқан «кеңеюді» жақтайтын энтузиастарға ауыр соққы болары сөзсіз.

Еуропа Одағы кеңесі президенті Дональд Тусктың өкілетін тағы 2,5 жылға ұзату мәселесінде де Польша шешуші рөл ойнамақ. Бұл мәселеге қатысты шешім Еуроодақтың наурыздағы саммитінде көпшіліктің даусымен қабылдануы тиіс. Бірақ Польшаның өз ішіндегі Тусктың ең үлкен қарсыласы – «Заң және әділет» партиясының басшысы Ярослав Качиньский жерлесінің кандидатурасын қолдамайтынын мәлімдеген. Путинді ең көп сынап жүрген саясаткер Дональд Тусктың позициясының әлсіреуі Еуроодақ пен Ресей қарым-қатынасына біраз өзгеріс әкелуі ықтимал.

Мәскеудегі мұнай-газ саласы көрмесіндегі ресейлік "Газпром" компаниясының белгісі. 18 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Мәскеудегі мұнай-газ саласы көрмесіндегі ресейлік "Газпром" компаниясының белгісі. 18 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Дегенмен, Брюссель мен Мәскеу арасы бірден жақсарып кете қояды деуге әлі ертерек. Бірақ Еуропа комиссиясы мен Ресейдің мемлекеттік газ алпауыты - «Газпром» компаниясы Еуроодақ нарығындағы жұмысты реттеу бойынша осы көктемде бір тоқтамға келетін сыңайлы. 2015 жылы Еурокомиссия «Газпромды» Шығыс және Орталық Еуропада бәсекелестердің жолын заңсыз кесті деп айыптаған. Мәскеу ЕО ережелерін бұзбағанын дәлелдеп, қомақты айыппұлдан құтылуы мүмкін.

ШЫҒЫСПЕН ӘРІПТЕСТІК

Наурыздың 25-і күні Еуроодаққа мүше елдердің басшылары бүгінгі одақтың негізін қалаған Еуропа экономикалық қауымдастығын құру туралы келісімге қол қойылғанына 60 жыл толуын Рим қаласында атап өтпек. Жоспар бойынша, басшылар онда одақ болашағына қатысты идеяларын ортаға салуы тиіс. Бірақ бұл кездесу босқындарға квота беру, Еуроодақтың экономикалық дерттерін емдеу мәселесіне қатысты талас-тартысқа айналып кете ме деген де қауіп бар.

Қарашада Брюссельде өтетін «Шығыспен әріптестік» саммитінде одақтың Шығысқа қатысты саясаты қайта електен өтеді. Шығыстағы әріптестер – Грузия мен Молдованың Еуроодақпен ынтымақтастық жөніндегі келісімдері бар. Егер Нидерланд парламенті қаңтар-ақпан айларында құжатты ратификацияласа Украина да Еуроодақпен ресми ынтымақтастық орнатқан елге айналмақ. Көктемнен бастап Грузия, Молдова және Украина азаматтары Еуроодаққа визасыз кіре бастайды.

Украина президенті Петр Порошенко (солдан оңға), Еуропа Одағы кеңесі президенті Дональд Туск және Еуропа комиссиясы жетекшісі Жан-Клод Юнкер ЕО-Украина саммиті кезінде баспасөз брифингінде тұр. Брюссель, 24 қараша 2016 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко (солдан оңға), Еуропа Одағы кеңесі президенті Дональд Туск және Еуропа комиссиясы жетекшісі Жан-Клод Юнкер ЕО-Украина саммиті кезінде баспасөз брифингінде тұр. Брюссель, 24 қараша 2016 жыл.

Еуроодақтың Шығыстағы және бір әріптесі – Армения әріптестікке қатысты келіссөздерді (бұған еркін сауда-саттық кірмейді) жылдың бірінші жартысында аяқтауы тиіс. Әзербайжанмен арадағы келіссөздер де осындай келісімнің қабылдануына алып келуі мүмкін. Мұндағы басты мәселе – «Еуроодақ Шығыстағы әріптестеріне не бере алады, бұл әріптестіктің мәні неде?» дегенге тіреледі.

Ең бастысы – мұның алдындағы «Шығыспен әріптестік» саммиттерінде «персона нон грата» болып келген Беларусь президенті Александр Лукашенко бұл жолғы басқосуға қатысуы мүмкін. Былтыр ақпанда Лукашенкомен қоса Беларусь үкіметінің 169 өкіліне (және қорғаныс саласындағы бірнеше компания басшысына) салынған санкцияны алып тастау туралы шешім қабылданған. Диссиденттер мен билікті сынаушыларды түрмеге жауып, қудалайды деп сыналатын Лукашенкоға қатысты санкцияның алынуына наразылық танытқандар да көп болды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG