Accessibility links

Армян әріптесін өлтірген әзербайжан офицерінің дауы


Қасақана адам өлтіргені үшін сотталған әзербайжан офицері Рамиль Сафаров сот залында. Будапешт, 13 сәуір 2012 жыл
Қасақана адам өлтіргені үшін сотталған әзербайжан офицері Рамиль Сафаров сот залында. Будапешт, 13 сәуір 2012 жыл
Венгриядағы жаттығу кезінде армян әріптесін балталап өлтірген әзербайжан офицері Рамиль Сафаров өткен аптада еліне қайтарылды. Ол Бакуге келе рақымшылыққа ілініп, әскери шен алды. Еуропа Одағы бұған наразы.

Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат бойынша өкілі Әзербайжанның ЕО мүшесі Венгрияға берген уәдесін орындамай отырғанын мәлімдеді.

НАТО құрамында жаттығып жатқан армениялық әріптесін өлтіргені үшін өмір бойы түрмеге кесілген әскери қызметкер Рамиль Сафаров тамыздың 31-і күні Әзербайжанға оралысымен президент Ильхам Әлиев оған бірден рақымшылық жасап, келесі күні оның әскери шені өскен. Офицерге тегін пәтер беріліп, сегіз жыл бойы жиналып қалған жалақысы төленген.
Әзербайжан офицері Рамиль Сафаров Бакудегі соғыста қаза тапқан сарбаздар ескерткішіне келе жатыр. 31 тамыз 2012 жыл.
Әзербайжан офицері Рамиль Сафаров Бакудегі соғыста қаза тапқан сарбаздар ескерткішіне келе жатыр. 31 тамыз 2012 жыл.

Рамиль Сафаровтың әкесі Сахиб Сафаров Trend агенттігіне берген сұхбатында:

- Әзербайжан халқы өз офицерін қайтарып алды. Мен оны отанға орала салысымен рақымшылыққа дәл осылай тез ілінеді деп күтпеген едім, - деді.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эльман Абдуллаев «Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Рамиль Сафаровты отанына қайтару мәселесінде венгриялық басшылардың әріптестік әрекеттерін жоғары бағалайды. Әзербайжан жағы да осы бағытта біраз жұмыс атқарды» деп хабарлады.

«ҚАҺАРМАН»

Азаттық радиосының Әзербайжан қызметі тілдескен Баку тұрғындарының көпшілігі Рамиль Сафаровты қаһарман деп танитындарын айтады.

- Меніңше, ол - қаһарман. Өйткені ол Әзербайжан халқының намысын қорғады, - дейді бакулік әйел.

Ал бір ер адам:
Армян офицері Әзербайжан туын қорлады. Сондықтан Сафаров оны өлтірді. Дұрыс жасады. Бірақ қаһарман деп атауға келмес.
- Армян офицері Әзербайжан туын қорлады. Сондықтан Сафаров оны өлтірді. Дұрыс жасады. Бірақ қаһарман деп атауға келмес, - деген пікір айтты.

- Олар (НАТО) оны армян офицерімен бірге жаттықтырмаулары керек еді. Біздің дұшпан екенімізді білді ғой. Оларды бір жерге жатқызған адамдар кінәлі. Сафаров басым түсіп, оны өлтіріп тастады. Бәрібір екеуінің бірі өлер еді, - деп ойлайды тағы бір әзербайжан әйел.

ТЫНЫШСЫЗ АЙМАҚҚА ҚАУІП

ЕО-ның сыртқы саясат бойынша жоғарғы комиссары Кэтрин Эштонның өкілі Майя Кочанчич Брюссельдегі Азаттық тілшісіне Бакудың бұл әрекеті тынышсыз аймақтағы тұрақтылыққа одан сайын қатер төндіретінін айтты.

Кочанчичтің сөзінше, еуроблок Бакуден 2004 жылы Әзербайжан жалауын «қорлады» деген сылтаумен армениялық әскери қызметкер Гурген Маркарянды балтамен шауып өлтіргенін мойындаған Рамиль Сафаровты бостандыққа шығару себебін сұраған.

- Қолда бар ақпаратқа қарағанда, Венгрия мен Әзірбайжан арасында Рамил Сафаровты қайтарып беру жөнінде нақты келісілген шарттар мен келісімдер орындалмаған. Осы мәселеге орай біз Әзербайжан үкіметімен байланысып, не себепті бұлай жасағанын білу үшін және не себепті даулы аймақта шиеленіс тудырудың жалғасып жатқанын анығырақ білуге тырысып жатырмыз, - деді Кочанчич.
Еуропарламент спикері Мартин Шульц Еуропа Одағының саммитінде сөйлеп тұр. Бельгия, Брюссель, 30 қаңтар 2012 жыл.
Еуропарламент спикері Мартин Шульц Еуропа Одағының саммитінде сөйлеп тұр. Бельгия, Брюссель, 30 қаңтар 2012 жыл.

Бакудың осы әрекетін айыптағандардың арасында Еуропарламенттің спикері Мартин Шульц және ЕО-ның президенті Херман Ван Ромпей де бар.

Бұл жағдай Арменияның ашу-ызасын туғызып, АҚШ-тың алаңдаушылығын күшейтті.

Армения қылмыскердің еліне оралуына қарсылық ретінде Венгриямен арадағы дипломатиялық және басқа да байланыстарын үзді.

ВЕНГРИЯДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР

Будапештегі үкімет өкілдері «Әзербайжан басшылары бұл іс бойынша халықаралық заңның аясында әрекет етеміз деп уәде берген» деп ақталып жатыр.

Венгрлер премьер-министрлері Виктор Орбанның үкіметіне наразы. Будапештте екі мыңға жуық адам Сафаровтың еліне қайтарылуына қарсылық акциясы ретінде шеруге шықты.

- Адам өлтірген қылмыскер өзге ұлтты жек көруден туындайтын қылмысты ұлықтайтын елге қайтарылмауы тиіс. Демократиялық елде мұндай жайт болмауы керек, - дейді шеруге шыққан 30 жастағы Лазло Мухари.
Адам өлтірген қылмыскер өзге ұлтты жек көруден шыққан қылмысты дәріптейтін елге қайтарылмауы тиіс. Демократиялық елде мұндай жайт болмауы керек.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Минскідегі тең төрағалары қыркүйектің 3-і күні Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлерімен жеке-жеке кездесіп, Сафаровтың босатылғаны жайлы мәселені талқылағанын мәлімдеді.

Брюссельдегі Азаттық тілшісі ЕО-ның сыртқы істер министрлері қыркүйектің 7-і күні Кипрде бейресми жағдайда бас қосқанда осы мәселені тағы да талқылауы мүмкін деп хабарлады.

АРМЕНИЯДАҒЫ БОЛЖАМДАР

Ал Арменияда Сафаровтың еліне қайтарылып, босатылуына қатысты жаңа конспирациялық теориялар пайда болып үлгерді. Жергілікті www.news.am вебсайтының жазуынша, Қарабақ соғысының ардагері генерал-майор Тер-Тадевосян әзербайжан офицерін жақында Баку өзі өлтірткізеді деп болжам жасаған.
Еревандағы Венгрия елшілігінің алдында Армения азаматтары армян солдатын өлтірген офицердің Әзербайжанға қайтарылуына қарсылық білдіріп тұр. 1 қыркүйек 2012 жыл.
Еревандағы Венгрия елшілігінің алдында Армения азаматтары армян солдатын өлтірген офицердің Әзербайжанға қайтарылуына қарсылық білдіріп тұр. 1 қыркүйек 2012 жыл.

Генералдың пікірінше, Рамиль Сафаров өз міндетін атқарып болды, енді ол Әзербайжан президенті үшін көзге шыққан сүйел. Ильхам Әлиевке болашақ жоспарларын жүзеге асыру үшін тірі емес, өлі Рамиль Сафаров қажет-мыс.

Тер-Тадевосянның айтуынша, Әзербайжанның мақсаты – Қарабақтағы соғыс өртін қайта тұтату. Ал Сафаров – қоғамдық пікірді пісіру үшін қажет «құрал».

- Сафаровты өлтірген соң оның өліміне кінәлі етіп фамилиясы армян біреуді тауып, түрмеге отырғызбақ. Сосын ол адамды армян үкіметінің тапсырмасымен Сафаровты өлтіру үшін арнайы жіберіпті деп жарияламақ, - деп санайды ол.

ЕҢ БОЙШАҢ ПРЕЗИДЕНТ КІМ?

Қазір Сафаровқа байланысты басталған екі елдің арасындағы жанжал абсурдқа ұласуға жақын тұр. Әзербайжанның адам құқықтарын қорғаумен айналысатын Haqqin.az веб-сайты адам бойының ұзындығы оған қаншалықты әсер етеді деген мысал үшін ТМД елдерінің басшыларының бойларын салыстыратын кесте жариялады. Бұл сараптама Азаттық радиосының Беларусь қызметі дайындаған материалдың көшірмесі болып шықты.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (сол жақта), Армения президенті Серж Саркисян (ортада), Ресей президенті Дмитрий Медведев. Петербор, 5 маусым 2009 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (сол жақта), Армения президенті Серж Саркисян (ортада), Ресей президенті Дмитрий Медведев. Петербор, 5 маусым 2009 жыл.

Көшірме кесте бойынша Әзербайжан президентінің бойы бәрінен де ұзын екен. Ильхам Әлиев тізімдегі ең аласа бойлы Армения президенті Серж Саркисянның төбесінен қарап тұрғанынан сайт иелері де, бірталай әзербайжандық та ләззат алғанға ұқсайды.

Алайда оқырмандар маңызды бір кілтипанды байқапты. Haqqin.az сайты өздері жариялаған суретте Әлиевті бәрінен де биік етіп көрсету үшін ең бойы ұзын Украина президенті Виктор Януковичті білдіртпей ғана өшіріп тастаған.

Осы оқиғаның бәрі бір кездегі совет дәуіріндегі ескі тәсілдерді еске салады. Ол кезде де Кремльдің теріс назарына ілінген басшылар осылайша суреттерден қиылып түсіп қалатын. Жақында Ресей православие шіркеуінің басшысы патриарх Кирилдің қолына таққан аса қымбат сағаты да осылайша ғайып болған еді.

Венгрияда Әзербайжан президентінің Сафаровқа рақымшылық жасауына қатысты өткен наразылық шарасын мына видеодан көре аласыз:

Венгриядағы Сафаровқа байланысты наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG