Accessibility links

Facebook-тен адамның мінезі мен әдеті көрінеді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Facebook қолданушысының фотолары мен жазбалары және «лайктары» ол туралы көп мәлімет береді. Мамандардың айтуынша, бұл ақпараттар маркетологтарға пайдалы, бірақ адам құқығын бұзуы мүмкін.

Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің ғалымдары Facebook ("Фейсбук") желісіндегі 58 мың ерікті жиналған топқа зерттеу жүргізді.

Мамандар олардың мінездерін, ұнататын нәрселерін зерттеген. Ғалымдар зерттеу кезінде қолданушылардың 2009-2012 жылдар аралығында басқан like белгіcі арқылы олардың діни сенімін, саяси көзқарасын сараптаған.

Зерттеу қорытындысы америкалық ғылыми Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) журналында жарияланды.

ҚОЛДАНУШЫ ПРОФИЛІ

58 мың қолданушының ширегі зерттеу шарасына тұрақты түрде like (лайк) түймесін басу арқылы қатысқан. Ғалымдар «лайктар» арқылы қолданушылардың 95 пайызының жынысын және ұлтын, 85 пайыз қолданушының саяси көзқарасын, 82 пайыз адамның діни көзқарасын анықтаған.

Facebook-тің тіркелу беті ашық тұрған Ipad экраны.
Facebook-тің тіркелу беті ашық тұрған Ipad экраны.
Зерттеу қорытындысы қолданушылар жайлы көп әрі дәл ақпарат берген. Дегенмен кей сәттерде күтпеген нәтижелер де тіркеліпті. Мәселен «фри картофелін» жақсы көретін адамдар көбінесе интеллектуалды болып шыққан, ал «The Dark Knight» (Қара рыцарь - ред.) фильмін ұнататындардың Facebook-те досы аз екені анықталған. Бұл туралы зерттеу авторларының бірі Дэвид Стилвел ВВС-ге берген сұхбатында айтты. Оның ойынша, интеллект пен картофель арасындағы байланыс «статистикалық кездейсоқтық» болуы мүмкін.

Кейбір «лайктар» арқылы қолданушы жайлы ақпарат бірден анықталған. Мысалы «Ана болғаным үшін мақтанамын» деген топқа кірген қолданушының, әлбетте, әйел адам екені бірден білінеді. Ал кейбір «лайктар» адамның мінезі туралы қосымша ақпараттар береді. Мәселен әлеуметтік желіде британдық Терри Пратчеттің романдарын ұнатқандардың мінезі «инроверт» (тұйық – ред,) деген тұжырым жасалған. Дэвид Стилвелдің айтуынша, бұл ақпараттар кейін жұмыс беруші компанияларға қажет болады.

Зерттеуде «Ата-анасы ажырасқан балалар көбінесе адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы әңгімелерді көп айтады» деп жазылған. Мәселен «Facebook-тегі «Ешқашан өз сезімің үшін ешкімнен кешірім сұрама. Себебі сен адал адамсың» немесе «Оған ауыр болса да, мен күліп жүре беретін қызбын» деген жазбаларды ұнатқандардардың көбі 21 жасқа дейін ата-анасы ажырасқан балалар» деп жазады Associated Press.

ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ

Зерттеушілер әлеуметтік желідегі адамның мәліметтері олардың құпиясын ашатынын айтады. Зерттеу жобасының жетекшісі Майкл Косински ВВС-ге берген сұхбатында:

- Парақшамдағы ақпараттарым мен жазбаларым менің саяси көзқарастарым мен жыныстық бағдарымды анықтауға көмектесуі мүмкін. Осылайша мендегі ақпараттар менің бостандығыма және өміріме қауіп төндіруі ғажап емес, - дейді.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет
Гарвард университетінің физик-ғалымы Николас Кристакис Los Angeles Times газетіне берген сұхбатында:

- Желіде адамдар саяси сенімі, отбасы жағдайы, ипотекасы, ата-анасы жайлы ақпараттарды жазып қояды. Бұл - қорқынышты жайт. Мұндай ақпараттар көбейе берсе, бір күні ол жаппай тәртіпсіздіктерге себеп болуы да ғажап емес, - дейді.

Техас университетінің психологы Сэм Гослинг Facebook қолданушыларын 2006 жылдан бері зерттеп жүргенін айтады. Ол USA Today газетіне берген сұхбатында:

- Сіз like түймесін басып, біреудің парақшасына пікір қалдырасыз. Бұл ақпараттар одан кейін өзгермейді, интернеттегі ақпарат өтпелі, өзгермелі емес (сол күйі сақталады – ред.) - дейді.

Зерттеу авторы Дэвид Стилвелдің ойынша, қолданушы өзін-өзі қорғауы керек.

- Facebook-тегі «лайктарыңыз» ашық көрініп тұрады. Бірақ сіз оны көрінбейтін етіп те қоя аласыз, - дейді ол ВВС-ге берген сұхбатында.

Дэвид Стилвел қолданушыларға like баспас бұрын ойлануға кеңес береді.
Бұл тетік сізді біреулердің бір категорияға жатқызуына себеп болуы, кейбір жағдайда қалай қимылдайтыныңызды білуге көмектесуі ғажап емес.

- like тетігі — адамды қызықтырып тұратын құрал. Ол бүкіл интернетте және Facebook-те бар. Сол тетікті басу арқылы біреуге ұнауға немесе басқаларға сізге не ұнайтынын білдіруге болады. Бұл тетік сізді біреулердің бір категорияға немесе топқа жатқызуына себеп болуы және белгілі бір жағдайларда қалай қимылдайтыныңызды біліп алуға көмектесуі ғажап емес. Кейде парақшаңыздағы мәлімет коммерциялық мақсатта қолданылуы мүмкін, - дейді ғалым ВВС тілшісіне.

Ал Facebook компаниясының өкілі Фред Воленс USA Today газетіне берген сұхбатында зерттеу қорытындысына таңғалмайтынын айтқан.

- Автокөліктің нөмері, логотипі немесе киім жеке адам туралы ақпарат беретінін әлеуметтанушылар бұған дейін далелдеп қойған, - дейді әлеуметтік желі өкілі.
XS
SM
MD
LG