Accessibility links

"Малша сүйреді". Финляндия қазағы маусымдағы шеру жайлы


Кезектен тыс президент сайлауы күні Нұр-Сұлтан көшесінде азаматтарды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. 9 маусым 2019 жыл.

25 жыл бойы Финляндияда тұрып жатқан этникалық қазақ Әйкен Салонен биылғы мамыр айында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін Алматыға арнайы келіп, наразылық жиынының ортасына бір-ақ түскен. Ол Азаттыққа көзіне оғаш көрінген жайттар туралы әңгімелеп берді.

"МАСҚАРА ЖАҒДАЙ"

Биылдан бастап Еуропа қазақтарының кейбірі Қазақстандағы ашаршылық пен қуғынға ұшыраған азаматтарды еске алу күніне арнайы келіп, құрбандардың рухына тағзым етуді жоспарлаған. Солардың бірі - Финляндияда тұратын Әйкен Салонен мамырдың 31-і күні аталып өтетін "Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу" рәсіміне қатысу үшін Алматыға келгенін айтады.

- Алматыда бір айға жуық уақыт болдым. Маусымның 9-ында не болар екен деп алаңға Талғардан арнайы келдім, - дейді Әйкен.

Сол күні және маусымның 10-ы мен 12-і арасында Алматыда полиция Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауына қарсы және кейін сайлаудың ресми нәтижесіне наразылық білдіріп көшеге шыққандарды жаппай ұстаған. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайызының қолдауына ие болып, жеңіске жеткен.

Арнайы жасақтың наразыларды ұстауы. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Арнайы жасақтың наразыларды ұстаған сәті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

- Көз алдымда қарт кісілер мен әйел адамдарды мал сияқты аяқ-қолынан ұстап сүйреп әкетіп жатты. "Оны не үшін алып бара жатырсыз? Неге алып кеттіңіз?" деген сұрақтарға ешкім жауап бермеді. Бұл біз секілді Еуропада, демократиясы дамыған елдерде тұратындар үшін өте жаман әсер етті. Шынын айтқанда жүрегіміз қан жылайды, - дейді Әйкен Салонен.

Құқық қорғаушылары мен белсенділер полицияның көшеден наразылармен бірге кездейсоқ кетіп бара жатқан азаматтарды, журналистерді еш негізсіз жаппай ұстап, олардың құқығын бұзғаны туралы мәлімдеген. Билік бұл ақпаратты терістеп, полицияның "міндетін заңға сай атқарып, кәсіпқойлық танытқанын" айтқан.

Финляндия қазағы наразылық жиындарының өзі тұратын елде де жиі өтетінін, бірақ сипаты басқа екенін айтады. Ол Алматыда жиналған жұрттың арасында жай киімді кей адамдардың өктем нұсқау беріп, полицияға ұстайтын жастарды көрсетіп жүргеніне куә болып, қатты таңырқаған.

Мамырдың 9-ында Алматыда жүздеген адам кезектен тыс президент сайлауына саяси көзқарасын білдіріп, бейбіт наразылық шарасын ұйымдастырмақ болған. Полиция белсенділерді жаппай қамаған. Әйкен митинг өте сала Лоимаадан күйеуінің хабарласып, жағдайын сұрағанын айтады.

- Бір-екі сағатқа жеткен жоқ, жұбайым хабарласып "Амансың ба?" деді. "Жайшылық па?" деп едім, "Жаңалықтардан Алматыда адамдарды ұстап әкеткенін айтып жатыр. Сен арасында кетіп қалған жоқсың ба?" деп сұрады. Сол кездің өзінде-ақ Қазақстандағы жағдай бүкіл әлемге тарап жатты. Дамыған 30 елдің қатарында боламыз деп жүрген Қазақстан үшін масқара жағдай болды. Шындығында демократиясы жолға қойылған кез-келген елде тұрғындар жиналып пікірін айтуға хақылы. Бірақ Қазақстанда барлығының ауызын байлап тастаған, - дейді ол.

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың дерегі бойынша, осы күндері Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы бірнеше қалада полиция кемінде төрт мың адамды ұстап, полиция мекемесіне жеткізген. Жүздеген адамға айыппұл салып, әкімшілік қамау жазасын тағайындаған. Наразылық шерулерінің "заңсыз өткенін" мәлімдеген билік алдағы уақытта да мұндай "заң бұзуға" жол бермейтінін ескерткен.

"ЖАУАП ТАППАЙ ҚИНАЛДЫМ"

65 жастағы Әйкен Салонен Талғарда туып, 1990 жылдары Мәскеуде "тарихшы-археолог" мамандығы бойынша оқып жүргенде финляндиялық азаматпен тұрмыс құрған. Қазір сол елдегі Турку шаһарына жақын Лоимаа қаласында тұрады.

Әйкеннің сөзінше, Финляндияда 15-ке жуық қазақ отбасы бар. Олардың басым бөлігін сол елдің азаматына тұрмысқа шыққан қазақ әйелдер құрайды. Көпшілігі ел астанасы Хельсинкидің маңына шоғырланған. Финляндиялық қазақтар "Орталық Азия халықтарының орталығын" құрып, наурыз мейрамын атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Финляндияда тұратын қазақ Әйкен Салонен.
Финляндияда тұратын қазақ Әйкен Салонен.

Қазақстанға жыл сайын келіп-кететін финляндиялық қазақ тарихи отанындағы әлеуметтік жағдай мен ел астанасындағы "аналар митингісінен" хабардар болып шықты. Әйкен қазақстандық банк жүйесіндегі несиелердің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары екенін айтып бас шайқайды.

- Финляндия – Еуропадағы ең қымбат елдердің бірі. Бірақ ол жақта банк несиесінің пайыздық мөлшерлемесінің ең жоғарғы шегі 4,5 - 5 пайыз. Оның өзі жеке көлік алатындар үшін. Ал баспана немесе жастардың оқуы үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі екіден аспайды, - дейді ол.

Маусымдағы оқиғаны көзімен көрген соң Әйкен Соланен демократиялық құндылықты сақтауды және ұсталған азаматтарды босатуды талап етіп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазған Еуропада тұратын қазақтардың бастамасына қосылған.

Әйкен Туркудағы музейде жұмыс істеген кезде онда келушілерге Қазақстан тарихы туралы көп әңгімелегенін, Турку университетінің Қазақстан тарихы туралы студенттерге лекция оқуға шақырғанын, "Берел" қорғаны туралы дәріс оқығанын мақтанышпен айтады. Бірақ әңгіме ауаны Қазақстанның қазіргі саяси тарихына бұрылған кезде оның тілі еріксіз күрмеледі.

Әйкен биыл көктемде Қазақстанда 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқаннан кейін оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Астана қаласының атауы "Нұр-Сұлтан" болып өзгертілгені туралы хабарды өзі тұрып жатқан елде қалай қабылдағанын еске алады.

Ол "кей әріптестінің бұл жайлы таңырқай сұрап, кейбірінің мысқылдай қарағанын" айтады.

- Жауап таппай қиналдым, - дейді Әйкен Соланен.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG