Accessibility links

Заңнан ешкім биік емес деген бұрынғы полиция өкілі Ресейден түңілді


Ресейлік азаматтық белсенді Елшад Бабаев.
Ресейлік азаматтық белсенді Елшад Бабаев.

Ресейдің Астрахань қаласында бұрынғы полиция офицері Елшад Бабаев көлікті мас күйінде айдағандарды ұстап, олардан қоғамды арылтпақ болды. Бірақ қазір ол бұл елден көңілі қалғанын айтады.

Астрахань қаласында тұратын бұрынғы полиция офицері Елшад Бабаев көлікті мас күйінде айдаған жүргізушілерді ұстап, қоғамға көмегін тигізбек болды. Бірақ «қызу» күйінде рөлге отырып, белсендінің қолына түскен полиция қызметкерлері мен лауазымды тұлғалар оны бастарына төнген бәле деп қабылдады.

«Заң алдында бәрі бірдей» деген қағиданы шынайы өмірде жүзеге асырмақ болған 28 жастағы Елшад Бабаев полиция қызметкерінен қашқынға айналды. Мас күйінде көлік жүргізгендермен күрес бастаған Бабаев өз басын қатерге тіккенін кейін ұқты.

«Мен мас жүргізушілерді ұстаймын, оның кім екеніне қарамаймын – полиция офицері ме, прокурор ма, қарапайым азамат па, тіпті көршім, бауырым болсын, маған бәрібір. Көлік рөлін ұстаған екенсің, заң алдында жауап беруге тиіссің. Елдің бәрі заңға бағынуға тиіс» дейді Елшад Бабаев.

Елшад Бабаевтың ресейлік полиция лейтенанты кезіндегі суреті.
Елшад Бабаевтың ресейлік полиция лейтенанты кезіндегі суреті.

Полицияда қызмет істеген әкесінің жолын қуған жігіт Нижний Новгородтағы ішкі істер министрлігі (ІІМ) академиясын үздік бітірген. Бірақ, алғаш оқу орнына түскен кезде-ақ көкейіне күмән ұялағанын айтады.

«Ол жерге еліміздегі небір ақыл-ойы артта қалған, топас адамдар жиналғандай көрінді. Олар заңды білу былай тұрсын, әлеуметтік ортадан қашық жатқан жандар еді. Студенттердің 85 пайызының ата-анасы немесе туыстары бастық, генерал, полковник, т.б. ықпалды тұлғалар болатын. Олардың ішіндегі ең қарапайымы – бірнеше жыл бұрын отставкаға шыққан милиция майорының ұлы мен едім» деп еске алады Азаттық тілшісіне сұхбат берген Бабаев.

«ӨЗГЕШЕ» БОЛУДЫҢ КЕСІРІ

Оқуын бітіріп, Астраханьға оралған соң Елшад Бабаев қызметке тұрады, сәлден соң ішкі істер басқармасының (ІІБ) штабына инспектор болып орналасып, ішкі құжаттарды тексеріп, заң бұзушылықтарды анықтайды. Бұл жұмыста оған қырын қарайтындар көбейеді.

«Әлдебір лейтенант келіп, кемшілік тапқаны оларға ұнамады. Қайдан жақтырсын? Бұл жүйеде 20 жыл бойы істеп келе жатқан бізге қайдағы бір жас жігіт заңға бағынуды талап етеді. Бұған біз үйренбегенбіз деп тулады» дейді ол.

Бабаевтың айтуынша, офицерлер тарабынан оған қысым күшейген. Бір күні әріптес полиция қызметкері оны бетінен ұрып жіберіп, егер есеп жазуды тоқтатпаса бұған қарсы қылмыстық іс қозғайтындарын айтқан. Ақыры, төзімі таусылған ол әке ақылына құлақ асып, қызметтен кеткен.

Елшад Бабаевтың ресейлік полиция лейтенанты кезінде түскен суреті.
Елшад Бабаевтың ресейлік полиция лейтенанты кезінде түскен суреті.

Бірақ дәл сол кезде Бабаев басынан өткен тағы бір оқыс оқиғадан соң жаңа қадамға баруға бел буады.

– Мас жүргізуші мені өлтіре жаздады. Түнде бетпе-бет көлікпен соқтығып қалуға шақ қалдық. Мен де, ол да рөлді оңға қарай бұрып жібердік, солайша бір-бірімізге тек миллиметр ғана тимей жанай өттік. Тура келіп соғысқанда, менің о дүниеге аттанатыным немесе мүгедек арбасына таңылатыным анық еді, - дейді ол.

Осыдан соң Бабаев Астархань қаласын мас жүргізушілерден аластауды мақсат етіп қояды. Ол адамдардың ішімдікке тойып алып, рөлге отыруға полициядағы сыбайлас жемқорлық ықпал ететінін, жол-көлік полициясы қызметкерлерінің жүргізушілерден алған параны басшылармен бөлестіні жазылмаған заңға айналғанын, сол себепті мас жүргізушілер оларға тиімді екенін айтады.

«ГОРОД ГРЕХОВ» ЖОБАСЫ

Елшад Бабаев негізін қалаған «Город грехов» еріктілер жобасы көлікті мас күйінде айдаған жүргізушіні анықтап, оларды соңына түсіп қудалап, жол-көлік полициясын шақырады. Еріктілер жол полициясы мас жүргізушіні әкеткенше басы-қасында болады.

Оған қоса, «Город грехов» жобасының еріктілері өздері куә болған оқиғаларды видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаумен айналысты. Жоба өкілдері үш жылдың ішінде көшеден 102 мас жүргізушіні ұстағандарын айтады. Бабаевтың сөзінше, еріктілер жұмысының жанама нәтижесі де жаман емес.

– Бұрын спирттік ішімдік ішіп алып, рульге мас күйінде отыратын адамдар, жоба пайда болған соң, көшеде полиция жоқ болса да, 500 метрден кейін «Город грехов» жобасының белсенділері тұрған болар деп тайсақтайтын болды, - дейді ол.

Жолдағы қозғалысты бақылап тұрған жол-полиция қызметкерлері. Сочи, Ресей, 30 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Жолдағы қозғалысты бақылап тұрған жол-полиция қызметкерлері. Сочи, Ресей, 30 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ «Город грехов» ұстаған адамдардың арасында полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері немесе қала шенеуніктері де аз болмаған. 550 мың мәрте қаралған бір видеожазбада еріктілер мас күйінде рульге отырған прокуратура қызметкерін тоқтатады. Ол көлігімен екі полиция қызметкерінен қашып құтылмақ болған. Содан соң жаяу қалпында қашып кетуге талпынған. Онысы да сәтсіз болған соң әлгі адам өзі сияқты ішіп алған достарын шақырып, олар да жоба белсенділеріне шабуыл жасаған.

Бірақ Елшад Бабаевтың басына бәле боп жабысқан басқа оқиға еді. Сергей Бадмаев есімді жергілікті полиция қызметкері еріктілер қолына түсіп қалып, қашып кетпек болады, бірақ, еріктілер оны ұстап, полиция шақырған. Бадмаев олармен «тіл табысуға» әрекет жасап көреді, бірақ «Город грехов» камералары оның ізінен қалмай қойған.

Осы оқиғадан соң полициядан қуылған Бадмаев екі күннен соң: «Бабаев маған шабуыл жасады, қарумен атты» деп шағым түсіреді. Бабаев ондай әрекетке бармағанын айтқанымен бәрібір оны қамауға алуға ордер берілген. Елшад Бабаев бұны өз азаматтық белсенділігін ауыздықтауға бағытталған қадам деп санайды.

«БҰЛ ЕЛГЕ ҚАЖЕТСІЗБІН»

Қазір Елшад Бабаев бассауғалап жүр. Дегенмен, ол виртуалды әлемде жиі көрінеді. Twitter және ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілерде Кремль сойылын соғатын журналистерді сынап, өзін сөзі уытты, өткір тілді азамат ретінде көрсетті.

Мысалы, кремльшіл журналист Владимир Соловьев Twitter парақшасында Мәскеудің ең қымбат дүкенінің бірі лактозасыз өнімдерді сатуды тоқтатты деп шағымданған кезде Бабаев оған «Қырымға барып, Ресейдің әнұранын қосып қой да, күрекпен жауынқұрттарды аса» деп кеңес берген.

Бұнда құлдықты еркіндік деп атау, жағдай нашарлаған сайын бізге жақсы деп айту қалыптасқан.

Ол Ставропольде мейрам кезінде шенеуніктердің жұртты күрекпен тамақтандырмақ болғанын және Томск ғалымдарының жауынқұрт нәрлі азық, оны жеу керек деген шешімін осылай мысқылдаған. Бірақ Бабаев Ресейдің кемшілігін түзеймін деп таяқ жеуден шаршағанын айтады.

– Маған қарсы іс бойынша тергеу құжаттарында «жеккөрінішті қарым-қатынас жасап, өзін қоғамқа қарсы тұлға ретінде көрсеті» деген айып тағылған. Соны оқығанда өзімді терроршы тәрізді сезіндім, - дейді ол.

Бабаев Ресей азаматтығынан бас тартуға және елден кетуге әзір екенін айтады.

– Бұнда құлдықты еркіндік деп атау, жағдай нашарлаған сайын бізге жақсы деп айту қалыптасқан. Билік ғана емес, тұтас елден көңілім қалды. Адам ең бастысы – өз ар-ұяты алдында адал болуға тиіс. Бірақ біздің елге мен сияқты адамдар қажет емес, - дейді ол.

Дмитрий Волчек пен Роберт Коалсонның мақаласы ағылшыннан аударылды.

XS
SM
MD
LG