Accessibility links

«Үйге қайтуға қорқатынмын»


Константин Голава.
Константин Голава.

Тольятти қаласында тұрған құқық қорғаушы Константин Голава шілде айының соңында Ресейден Швецияға қоныс аударып, сол жақтан саяси баспана сұрады.

Константин Голава​ Азаттыққа берген сұхбатында «Кетіп қалған себебім, егер мен ол жақта қалған болсам, түрмеге түсетінім 99 пайыз анық еді. Менің құқық қорғаушы ретінде ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) өкілдерімен жұмыс істегенімді ескерсек, аман жүруім екіталай еді. Ресей түрмесінде ЛГБТ болудың не екенін бәрі біледі» дейді.

- Жалғыз кеттіңіз бе? Швецияда қазір немен айналысып жүрсіз?

- Иә, жалғыз кеттім. Өкінішке қарай, серігіммен бірге кету мүмкін болмады, ол Ресейде қалды. Швецияда мен пәтерде тұрамын, жәрдемақы аламын, тіл үйреніп жатырмын, кітап оқимын, Тольятти мен Самарада өз басымнан өткен оқиғалар жайлы кітап жазып жатырмын. Онда әскери мекемедегі сыбайлас жемқорлық туралы деректерді баяндамақпын, Тольяттиде жергілікті шенеуніктердің жер телімдерін қалай тартып алатынын, кәсіпорындарды рейдерлікпен қалай бопсалайтындарын жазбақпын. Айтарым көп, ақпаратым жетеді. lgbtrussia.com сайтындағы бұрынғы шаруаммен айналысып, редакторлық жұмысымды жалғастырмақпын.

- Тольяттиде сізге бірнеше шабуыл жасады. Олар сіздің құқық қорғаушылық қызметіңізге және ЛГБТ қозғалысында болуыңызға байланысты жасалды ма?

- 2013 жылы мамырдың 19-ы күні Тольяттидегі Бостандық (Свобода) алаңында «СПИД-тен опат болған адамдарды еске алу» акциясы өтті. Сол жерге жиналған жастарға жүктіліктен сақтану құралдары мен ақпараттық үнпарақтар тараттық. Тольяттилік журналист Евгений Халилов болған оқиғаны бұрмалап жазды. Ол «акцияны ЛГБТ қозғалысы өткізді, оны мен ұйымдастырды» деген, шын мәнінде мен тек қатысушы едім. «Осындай масқара шараны әдейі өткізіп, ардагерлерді мазақ етіп, мәңгілік алауды арамдады» деген. Акцияда ЛГБТ өкілдері мәңгілік алауға презервативтер қойғандай сипаттаған. Оның бәрі - өтірік, ондай ештеңе болған жоқ.

Осы шарадан соң сұхбат беріп тұрғам, төрт неонацист пайда болып, маған шабуыл жасады. Кісенмен қолыма 32 килограмдық кір тасын іліп, үстіме бояғыш қызыл зат құйды.

Осындай сұмдық арандату барлық телеарналардан көрсетілді, тіпті Дмитрий Киселевтің өзі бұл туралы айтып, мемлекеттік думадағы депутаттар бұл акцияны талқылап жатты. Сондықтан «Проект Апрель» ұйымымен бірлесіп, баспасөз мәслихатын өткіздік. Осы шарадан соң сұхбат беріп тұрғам, төрт неонацист пайда болып, маған шабуыл жасады. Кісенмен қолыма 32 килограмдық кір тасын іліп, үстіме бояғыш қызыл зат құйды. Мені ауруханаға жеткізді, көзімді екінші дәрежелі күйік шалды. Осыдан соң 10 күн емделдім.

Куәгерлердің түсініктемесі, аурухананың анықтамасы және қаскөйлердің әлеуметтік желіге, интернетке салған видеосы (онда олар өздерінің кім екенін және маған неліктен шабуыл жасағандарын түсіндіреді, айтуларынша, мені тәртіпке салмақ болған) болғанына қарамастан, Тольятти полициясы қылмыс құрамы жоқ деп қылмыстық іс қозғамады. Маған шабуыл жасалған сайын олар сөйтетін. Маған үш рет шабуыл жасалды: екі рет Тольяттиде, бір рет Нижний Новгородта. Соның бәрінде полиция қылмыс құрамы жоқ екенін айтып, іс қозғамады. Ресейде жүргенде мені өлтіріп тастаулары мүмкін деп күн сайын жұмыстан немесе оқудан үйге қайтуға қорқатынмын.

- Ресей провинцияларындағы құқық қорғаушылар қандай жағдайда жұмыс істейді?

Маған үш рет шабуыл жасалды: екі рет Тольяттиде, бір рет Нижний Новгородта, соның бәрінде полиция қылмыс құрамы жоқ екенін айтып, іс қозғамады.

- Самара облысындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілдің аппаратынан бөлек, кез келген мемлекеттік мекемеге кіре алмайтынмын. Мысалы, мені танитын адамдар әлдебір шараға шақырады, кейін олар маған хабарласып: «Кешір, бізге келіп ескертті, сенің қатысуыңа болмайды екен» дейтін. «Шанс» жастар ұйымдары үйі» муниципиалдық мекемесінде жастармен жұмыс жөніндегі маман болып істедім. Ол жерге біреулер келді де «мұндай адам бұл мекемеде істеуге тиіс емес, ол мемлекеттік мекеме беделіне нұсқан келтіреді» деді.

- Сіз Самара облысындағы әскерге шақырылушыларды қорғайтын «Әскерге шақыруға балама» («Альтернатива призыву») қоғамдық қозғалысының жетекшісісіз. Сот арқылы азаматтық қызметтен (әскерден) босап, балама қызмет таңдау құқығын талап еттіңіз. Оған қолыңыз жетті ме?

Константин Голава әскердегі қызметке балама туралы акция өткізіп тұр.
Константин Голава әскердегі қызметке балама туралы акция өткізіп тұр.

- Шақыру комиссиясының төрағасы Михаил Носырев (Тольяттиде барынша танымал адам) мені кісі құрлы көрмеді. Ол менімен әскери қызметке балама қызмет сұрағаным туралы сөйлеспеді де, менің әскери комиссариатқа жазған өтінішімдегі пікірімнің өзіне неліктен ұнамайтыны туралы ғана айтты. Ешкіммен ақылдаспай, ол бірден ресми себеппен менің өтінішімді қанағаттандырудан бас тартатынын мәлімдеді: «азаматтық қызметке (әскерде қызмет ету) балама қызмет сұрап құжат тапсыру мерзімі өтіп кетті» деді. «Заң бойынша әскерге шақырылғаннан жарты жыл бұрын өтініш беру керек» деп сылтауратты. Конституциялық сот шешімі бойынша, ондай талап әскерге шақырылушыға емес, әскери комиссариатқа қойылады. Осындай сылтауды естіген соң істі конституциялық сотқа дейін апарған жігіттерді білемін. Мен өтінішімді аудандық сотқа жібердім. Әділеттілікке қол жеткіздім, судья талабымды жартылай қанағаттандырды, әскерге шақыру комиссиясының әрекетін заңсыз деп танығаннан бөлек, менің балама қызметке бару құқығымды мойындауды сұрады.

- Мамыр айында сізге қарсы қылмыстық іс қозғалып, интернетте экстремистік материалдар таратқан деп айыптады. Оның негізі бар ма?

- Бұл - тапсырыспен қозғалған іс. Тольятти қаласында әскери билет сатуға қатысты бизнеске «қамқорлық жасайтын» бір адам бар. Әскери комиссариаттың қызметкерлері менімен үнемі жолдары түйісіп қалатындарына наразы болды, себебі мен өзімді ғана қорғамаймын: жарты жылда 400 әскерге шақырылушы азаматқа көмектестік. Бұл - өте үлкен сома, себебі әскери билеттің «құны» 60 мыңнан 120 мың рубльге дейін барады. Тольятти әскери комиссариатының қызметкерлері әлгі адамға шағымданған болса керек, сосын ол маған қарсы іс бастауға ақша төлеген.

- Швецияда тағдыры өзіңізге ұқсас адамдарды жолықтырдыңыз ба?

Оларға барлық жерде қысым жасайды: ата-анасынан бастап мұғалімдер, сыныптастары мен курстастары да аямайды.

- Ресей, Беларусь және Украинадан ЛГБТ мәселесіне байланысты қысымға ұшырап, шетелге кетіп қалған адамдарды кездестірдім. Тіпті Ресейде дұрыс өмір сүре алмай кетіп қалған ЛГБТ жасөспірімдерді де көрдім. Оларға барлық жерде қысым жасайды: ата-анасынан бастап мұғалімдер, сыныптастары мен курстастары да аямайды. Осындай жағдайды ескерсек, мәселен Ресейдегі «Дети-404» жобасы (ЛГБТ жасөспірімдерді қолдайтын интернет-жоба) - өте маңызды әрі күйіп тұрған мәселе.

(Сергей Хазов алған сұхбатты орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG