Accessibility links

Ресей билігі 14 теңізші өлген апат жайлы ашып айтпады


Бұл суреттегі ресейлік "Лошарик" атом сүңгуір қайығы болуы ықтимал.
Бұл суреттегі ресейлік "Лошарик" атом сүңгуір қайығы болуы ықтимал.

Ресей билігі сүңгуір аппаратта болған өрттен 14 теңізшінің қаза болғанын хабарлады. Қорғаныс министрлігі әзірге бұдан басқа ақпарат берген жоқ. Тірі қалғандар бар-жоғы да белгісіз.

АПАТ ТУРАЛЫ АЛҒАШҚЫ ХАБАР

Ресей президенті Владимир Путин шілденің 2-і күні қорғаныс министрі Сергей Шойгуға 14 адамның қазасына себеп болған сүңгуір аппаратындағы төтенше оқиғаның жай-жапсарын тексеру үшін Северморскідегі әскери базаға баруды бұйырды. Төтенше оқиғаны "ауыр қаза" деп атаған Путин Шойгуға баяндамаларды жеке өзі тыңдап, комиссия "қайғылы жағдайдың себебін сөзсіз анықтайтын" тексеру жүргізетін болсын деп тапсырды.

Путин Шойгумен кездесерден бұрын, сейсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі сүңгуір қайықтағы 14 теңізшінің қазаға ұшырағаны туралы хабарлаған. Министрлік дерегінше, экипаж Ресей аумағындағы теңізде зерттеу жұмыстарын атқарып жүргенде апатқа ұшыраған.

Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (оң жақта).
Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (оң жақта).

Норвегияның радиациялық және ядролық қауіпсіздік жөніндегі агенттігі басшысы Пер Странд Reuters агенттігіне берген сұхбатында апат болған аймақта радиация деңгейінің көбейгені байқалмағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей жағы Норвегия билігіне қайықта "газ жарылғаны" туралы хабарлаған.

Ресей қорғаныс министрлігі газ жарылғаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды.

Министрлік теңізшілердің "иіс тиіп" қаза болғанын мәлімдеген. Алайда зерттеуші қайықта болған адам саны және тірі қалғандардың бар-жоғы жайлы ештеңе айтпаған. Қорғаныс министрлігі экипаждың "өртті жанқиярлықпен өшіргенін" айтумен шектелген.

"ЛОШАРИК" ПЕ, БАСҚА МА?

Ресей қорғаныс министрлігі әзірге қандай сүңгуір аппараты апатқа ұшырағанын ашып айтқан жоқ.

РБК басылымы әскерилер арасындағы дерек көзіне сілтеме жасап, апат "Лошарик" деген атаумен белгілі АС-12 аппаратында (Ресейдің ресми әскери-теңіз жіктелімі бойынша, өте тереңге сүңгитін атом сүңгуір станциясы) болған деп хабарлады.

"Лошарик" алғаш рет 2000 жылдың басында қолданысқа енген. Ол жайлы деректер құпия саналады. Кей мәліметтерге қарағанда, бұл қайық 2500 метр тереңге сүңги алады. Ресей басылымдарының жазуынша, "Лошарикті" "Белгород" атом сүңгуір қайығы алып жүрген. "Белгород" сүңгуір қайығы пайдалануға берілгені туралы Ресей сәуірде хабарлаған. Ол кезде қайықтың АҚШ-тың жағалауға жақын қалаларына қауіп төндіре алатын ядролық қарумен жарақтандырылған ұшқышсыз аппараттары бар деген ақпарат тараған болатын.

"Белгород" атом сүңгуір қайығын теңізге түсірген сәт. Северодвинск, Ресей, 23 сәуір 2019 жыл.
"Белгород" атом сүңгуір қайығын теңізге түсірген сәт. Северодвинск, Ресей, 23 сәуір 2019 жыл.

Батыс арнаулы қызметтерінің дерегінше, "Лошарик" су астындағы инфрақұрылымды, мысалы, құрлықаралық байланыс желілері мен ресейлік әскери-теңіз флоты кемелерін бақылайтын станцияларды жоюға арналған "диверсиялық аппарат" саналады. Қаңқасы титаннан жасалған бірнеше домалақ бөліктен құрастырылған аппарат Иван Уфимцев пен Юрий Норштейннің "Лошарик" атты анимациялық фильміндегі кейіпкерге ұқсайтындықтан оны солай атап кеткен.

"Лошарик" Ресей әскери-теңіз күштері Солтүстік флотының құрамына кірмейді. Бұл аппарат Қорғаныс министрлігінің терең судағы зерттеулер бас басқармасына тікелей бағынады. The Bell медиа құралының бағалауынша, аппаратты алып жүзуге арналған атом сүңгуір қайығымен қоса есептегенде оның құны шамамен 1,5 миллиард долларға жетеді.

"Открытые медиа" интернет басылымы өз дереккөзіне сілтеп, өрт "Лошарикте" емес, оны алып жүзетін БС-64 "Оренбург" атом сүңгуір қайығында шыққан деп жазады. Тағы бір дереккөзі, өрт тереңге сүңгитін басқа аппараттарды алып жүзетін БС-64 "Подмосковье" атом сүңгуір қайығында болған деп болжайды.

Әскери-теңіз флотымен байланысы бар "Балтспецфлот" ұйымының бас директоры Андрей Шпигель "Настоящее время" басылымына берген сұхбатында өз дереккөздеріне сілтеме жасап, "Лошарикте" өрт болмаған деп айтты. Оның сөзінше, тереңге сүңгитін аппараттар арасында 14 адам сиятыны жоқ. Мысалы, "Мир" аппаратына бар болғаны екі-үш адам сияды.

"Онда сүңгуір қайықта өрт шыққан. Ондай өртте сүңгуір қайықтың бір бөлігі лезде жанып кетеді. Бұл жерде сондай өте ыңғайсыз әдеттегі оқиға болған. Су асты флотының заңы бойынша, кез келген елдің сүңгуір қайығының бір бөлігінде көлемді өрт шыққан кезде көршілес екі бөліктегі теңізшілер (жанып жатқан) бөліктің есігін екі жағынан да тарс бекітіп, желдеткіш, гидравликаны жауып тастауға міндетті. Егер олай істемей, аралық люкті ашық қалдырса, онда оттегінің әсерінен от көзді ашып жұмғанша басқа бөліктерге өтіп кетеді. Кейін өрт шыққан бөлікке жалын сөндіретін арнайы газ жіберіледі. Өкінішке қарай, онда қалған адам ажалдан қашып құтылмайды" дейді Шпигель.

РЕСЕЙДЕГІ ЖӘНЕ СОВЕТ ТҰСЫНДАҒЫ АПАТТАР

Ресми ақпарат бойынша, қазіргі кезде сүңгуір қайық Ресейдің солтүстік-батысындағы Североморск қаласындағы әскери-теңіз базасында тұр.

AFP агенттігі сөзін келтірген әскери сарапшы (аты-жөнін айтпаған) апатқа ұшыраған қайықтың ғылыми-зерттеу жұмысын атқарғанына күмән келтіреді.

"Әдетте теңіз түбінде кабель тарту тәрізді түрлі жұмыстар жүргізген кезде осылай деп бүркемелейді" дейді сарапшы. Келесі бір сарапшының долбары бойынша, мұндай қайықтар өзге елдердің теңіз түбіндегі байланыс желілерін бүлдірумен айналысуы мүмкін.

Ресейде соңғы жиырма жылда сүңгуір қайықтарындағы апат, портта тұрған қайықтағы өрт тәрізді төтенше оқиғалар адам ажалына себеп болды. Солардың ішінде 2000 жылы "Курск" атом сүңгуір қайығындағы апаттан және 2008 жылы ресейлік К-152 "Нерпа" сүңгуір қайығындағы өртке қарсы жүйенің кездейсоқ іске қосылуынан көп адам қазаға ұшырады.

Туыстары 2000 жылы тамызда "Курск" атом сүңгуір қайығында қаза тапқан теңізшілерді жоқтап тұр. Курск, Ресей, 7 қараша 2001 жыл.
Туыстары 2000 жылы тамызда "Курск" атом сүңгуір қайығында қаза тапқан теңізшілерді жоқтап тұр. Курск, Ресей, 7 қараша 2001 жыл.

Атом сүңгуір қайығындағы апаттар совет билігі тұсында да, СССР тарағаннан кейін де болған.

  • 1961 жылы баллистикалық зымыраны бар К-19 советтік алғашқы сүңгуір қайығы реакторындағы апат салдарынан сәулеге шалдыққан 8 адам қайтыс болды. 1972 жылы тағы да сол қайықта өрт шығып, 30 адам (екеуі – құтқарушы) қазаға ұшырады.
  • 1967 жылы Норвег теңізінде К-3 "Ленинский комсомол" атом сүңгуір қайығындағы өрттен 39 адам көз жұмды.
  • 1968 жылы К-27 атом сүңгуір қайығында тараған радиоактивті газ тоғыз адамның ажалына себеп болды.
  • 1970 жылы ядролық қару-жарағы бар советтік К-8 атом сүңгуір қайығы теңізге батып, ондағы 52 адам қаза болды.
  • 1973 жылы Тынық мұхитта советтік К-56 атом сүңгуір қайығы радиоэлектрондық барлау қайығымен соқтығысып қалды. 27 адам опат болды. Кейін қайықты жөндеу кезінде тағы екі жұмысшы тұншығып қайтыс болды.
  • 1980 жылы Окинава (Жапония) аралы маңында советтік К-122 атом сүңгуір қайығында өрт шығып, 14 адам қаза болды. Жөндеу жұмыстарынан кейін қайықты бөлшектеп, металға өткізген.
  • 1983 жылы К-429 қайығы пирста суға батып кетті. 16 адам қаза тапты.
  • 1989 жылы Норвег теңізінде жүзіп жүрген "Комсомолец" атом сүңгуір қайығында өрт шығып, суға батты. 42 адам опат болды.
  • 2000 жылы әскери жаттығуда жүрген "Курск" атом сүңгуір қайығы апатқа ұшырады. Экипаж құрамындағы 118 адам түгел қаза болды.
  • 2008 жылы "Нерпа" атом сүңгуір қайығының өрт сөндіретін жүйесі іске қосылып, салдарынан 20 адам мерт болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG