21 шілде күні Франция парламенті 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салатын заңды мақұлдады.
Заң жобасын Ұлттық ассамблеяның 279 депутаты қолдап, 81-і қарсы дауыс берді. Құжатты бұған дейін Сенат та мақұлдаған, енді оны Конституциялық кеңес қарауға тиіс. Егер Конституциялық кеңес қарсылық білдірмесе, Франция Еуропа одағында осындай шектеуді заңға енгізген алғашқы мемлекет болмақ.
Жобаға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап әлеуметтік желілер 15 жасқа толмағандарға жаңа аккаунт ашуға рұқсат бермейді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін олардың қолданыстағы аккаунттары жабылуы керек.
Құжат талапты бұзған баланы немесе ата-анасын жауапқа тартуды көздемейді. Әлеуметтік желіге тіркелу үшін қолданушы 15 жасқа толғанын растауға міндетті болмақ.
Президент Эммануэль Макрон жаңа заңды балаларды қорғау жолындағы маңызды қадам деп бағалап, шектеу қыркүйектен бастап күшіне енеді деп үміт білдірді.
Балалардың әлеуметтік желіні емін-еркін пайдалануын шектеу мәселесі Еуроодақ деңгейінде де талқыланып жатыр. Бұған дейін әлемде мұндай тыйымды алғаш болып Австралия енгізген.