Accessibility links

Француз актрисасы Брижит Бардо қайтыс болды


Брижит Бардо
Брижит Бардо

Француз актрисасы Брижит Бардо 91 жасында қайтыс болды. Бұл жөнінде Le Figaro және AFP хабарлады.

Брижит Бардо 1934 жылы 28 қыркүйекте Парижде дүниеге келген. Католик мектебінде оқыған, бала кезінен бастап би билеп, жеті жасында балетпен айналысқан. 13 жасында музыка және би мектебіне барып, орыс хореографы Борис Князевтің сабақтарына қатысқан.

14 жасында Бардо модель ретінде істей бастады. Бірнеше көрсетілімнен кейін оны Jardin des Modes журналының редакторы байқап, Elle журналындағы түсірілімге қатысты.

Бардоның кино саласындағы карьерасы 1952 жылы Жан Буайенің «Нормандия шұңқыры» фильмінен басталды. Режиссер Рож Вадимнің "Құдай әйелді жаратты" (1956) фильмінен кейін Брижит Бардоның танымалдығы артты.

Бардо барлығы 50-ге жуық фильмге түскен. Ол актер Ален Делон және Марчелло Мастроянни және өзге де кино жұлдыздарымен бірге істесті. Жан-Люк Годар және өзге де француз режиссерлерінің фильміне түсті.

Кинодан бөлек, Бардо музыкамен да айналысып, бірнеше пластинка шығарды.

1980 жылдардың соңында Брижит Бардо қоғамдық қызметпен айналысып, әлемдегі танымал жануар құқығын қорғаушылардың біріне айналды. 1987 жылы жануарларды қорғау жөніндегі "Брижит Бардо" қорын құрды.

Брижит Бардо Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланғаннан кейін бірнеше ай өткен соң "еліңіздегі қараусыз қалған жануарлардың жайын біліп шошынып, олардың тағдырына алаңдап әрі уайымдап хат жолдап отырмын" деп Қазақстан билігіне хат жолдаған. Брижит Бардоның өкілдері Қазақстанға келіп, жануарларды қорғаушылармен және шенеуніктермен де кездескен.

XS
SM
MD
LG