Accessibility links

"Өлтіруді заңдастырғысы келеді". Жануарларды қорғаушылар неліктен заңға өзгерістер енгізуге қарсы?


Жануарларды қорғаушылар акциясы. Азаттық архивіндегі фото.
Жануарларды қорғаушылар акциясы. Азаттық архивіндегі фото.

Парламент қарап жатқан "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға енгізілмек өзгерістерде далада қалған иесіз ит-мысықты "іздеушісі жоқтар" санатына жатқызу көзделген. Жануарларды қорғаушылар мұндай өзгеріс "іздеушісі жоқ" жануарларды аяусыз қырып-жоюға рұқсат береді деп алаңдап отыр. Белсенділер осы және өзге де жаңа ережелер жануарларға жанашырлықпен қарауға бағытталған көп жылғы еңбекті еш қылады дейді.

БІР АДЫМ АЛҒА, ЕКІ ҚАДАМ КЕРІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланғаннан кейін бірнеше ай өткен соң Франция актрисасы Брижит Бардо: "Еліңіздегі қараусыз қалған жануарлардың жайын біліп шошынып, олардың тағдырына алаңдап әрі уайымдап хат жолдап отырмын", – деп жазды.

Бардо хатта Қазақстандағы аң аулаушылар өлтірген иттердің өлекселері көрсетілген суретті қоса жіберген. Әлемге танылған кино жұлдызы, жануарлар құқын қорғаушы Бардо Орал мен Атырауда иттерді газбен аяқ-қолын жансыздандырып, тірідей өртегенін де айтып қапаланды.

"21-ғасырда қалайша бұлай азаптауға болады? – деп Бардо жануарларға жанашырлық танытуға үндеді. – Францияда немесе дүниежүзінің көптеген елінде осындай әрекет жасағандар есінен ауысқан деп есептеліп, емдеу мекемесіне жатқызылады немесе ұзақ мерзімге қамалады".

Тоқаев танымал тұлғаның үндеуін жөн санап, оған жауап қатты.

Тоқаев 2020 жылы: "Бұл үндеуге назар аударып, жанашыр ұлт екенімізді танытуымыз керек", – деп мәлімдеме жасады.

Осыдан кейін сең қозғалғандай болған. Брижит Бардоның өкілдері Қазақстанға келіп, жануарларды қорғаушылармен және шенеуніктермен кездесті. Қараусыз қалған ит-мысыққа пана болатын арнайы орындарға барып, жергілікті ветеринарларға жануарларға вакцина салу мен стерилизацияны дұрыс жасаудың жолын үйретті.

"Біз мұнда үкіметтегілерге жануарларға жанашырлық танытудың қазіргі заманғы әдістері туралы айтуға келдік. Дүниежүзінде жануарларды өлтірмейді, оларды зарарсыздандыратын екпе салып, құжат толтырып, есепке алғаннан кейін еркіне жібереді. Жануарлар адамға шабады дегенге айтарым, олар қорыққанда солай істейді. Егер ешқандай қауіп сезбесе, кісіге беталбаты шаппайды. Оған жан-жануарға гуманды әдістердің көптеген түрін қолданатын Түркияны, Кабулды және өзге де елдерді мысалға келтіруге болады", – деген еді Брижит қорының өкілі Олуа 2021 жылы Алматы қаласында өткен баспасөз конференциясында.

Бұған қоса Қазақстанда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын жасау да қолға алынды. 2021 жылдың аяғында құжат парламентке ұсынылды, 2022 жылы Тоқаев қол қойғаннан кейін заң күшіне енді.

Жануарлар құқығы жайлы жаңа заңға белсенділер көңілі неге толмайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:01 0:00

Жануарларды қорғаушылар жаңа заңның бірқатар нормасына қарсы болғанымен, басым көпшілігі оны жақсы қабылдады. Заңда алғаш рет жануарларды зарарсыздандыру, қараусыз, дала қалғандарының санын реттеу үшін арнайы панажайға орналастыру тәртібі белгіленіп, жануарларды қорғаушылар мен қорғау ұйымдарына мемлекеттік органдарға ұсыныс беру, жануарлар қажетіне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат алу құқы берілді.

Бірақ іс жүзінде жағдай сәл-пәл өзгерді. Жануарларды қорғаушылар оған заңның іске асуына шенеуніктердің қарсы шығуы себеп болды дейді. 2023 жылы мамырда Алматыда жүздеген адам шеруге шықты. Шарада сөз сөйлегендер елде жануарларға арналған мемлекеттік панажайлар салынбағанын, мемлекеттің жануарларды жаппай зарарсыздандыруға құлықсыз екенін, бұрынғыдай жансыздандыру сияқты гуманизмге жат әдістер қолданылатынын айтты.

Шеру Тоқаевтың алаңдаушылық тудырған мәлімдемесінен кейін бірнеше аптадан соң өтті. Сол жылы сәуірде Тоқаев өзі қабылдаған заңды сынға алған еді. Президент өңірлерден шағым көп түсіп жатқанын, ал "шенеуніктер осы заңды сылтау етіп, бұралқы ит мәселесімен айналыспай кеткенін" мәлімдеді.

Журналист Әйгерім Тілеубаева жануарлар құқығын қорғауға үндеп, пикет өткізіп тұр. Алматы, 5 маусым, 2020 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Журналист Әйгерім Тілеубаева жануарлар құқығын қорғауға үндеп, пикет өткізіп тұр. Алматы, 5 маусым, 2020 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

2023 жылғы 19 сәуірде үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев: "Егер бұлай жалғаса берсе, жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін, – деді. – Иә, біз жануарларды аялауымыз керек, бірақ олардың адамға, әсіресе балаға шабуына жол бере алмаймыз. Оның үстіне, бұралқы иттен зардап шеккендер көбейіп отыр. Бұл дұрыс емес. Шара қолдану қажет".

Шара жалғасын тапты. Биыл қаңтарда парламент қолданыстағы заңға өзгеріс енгізетіні белгілі болды. Депутаттар бұл өзгерісті "халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің неғұрлым тиімді жолы" санайды. Ақпанның ортасында өзгерістер пакетін мәжіліс комитетіне тапсырды, ал мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов оны "тездету" керегін айтты.

ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУШЫЛАР НЕЛІКТЕН ҚАРСЫ?

Заңға енгізілмек өзгерістер "адамға беталбаты шабатын ауру" жануарлардың санын реттеу мақсатында эвтаназия қолдануды көздейді. Арнайы панажайға орналастырылмаған және жануарларды қорғау ұйымдары немесе жеке адамдар 15 күн (бұралқы болса) және 60 күн ішінде (қараусыз қалған жануар болса) асырап алмаған жануарды дәрі салып өлтіру керек дейді.

Панажайдағы ит-мысыққа жаңа қожайын іздейтін жануарлар құқын қорғаушылар мен аулау қызметі 15 күн тым аз деп отыр. Animal Security қоғамдық қоры мен "Әлем Адам" заңды тұлғалар қауымдастығының жетекшісі Наталья Сульжик жануарға екі аптаның ішінде баспана табу мүмкін емесін алға тартты.

Ақпанда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев эвтаназия жасауды қарастыратын заң жобасының нормасын түсіндіре келе, "адамға шабатын бұралқы иттер азаймағанын, керісінше жағдай күннен-күнге өршіп бара жатқанын" айтты.

Қазіргі заңда ешкім асырап алмаған қараусыз жануар АЗВЕЖ (аулау, зарарсыздандыру, вакциналау, құлағына ен салып, еркіне жіберу – ред.) бағдарламасы аясында агрессиясына баға берілген соң бұрынғы тіршілік еткен ортасына қайта жіберіледі деп жазылған. Егер ит адамға қарсы үрсе, онымен маман айналысуы керек.

Жануарларды қорғаушы Сергей Снегирев итті құшақтап отыр.
Жануарларды қорғаушы Сергей Снегирев итті құшақтап отыр.

Әйтсе де жануарларды қорғаушы Сергей Снегирев іс жүзінде ондай жануарға кәнігі эвтаназия қолданылып келе жатқанын айтады. Ол қазіргі заң жануарды адамға шабады я ауру деген сылтаумен өлтіруге мүмкіндік береді дейді. Снегирев депутаттар енді үшінші санаттағы "іздеушісі жоқ жануарларды" өлтіруді заңдастырғалы отырғанын ескертеді.

– Қазіргі заң [эвтаназияға] тыйым салады, соның салдарынан қараусыз қалған бұралқы жануар көбейіп кетті дегені – өтірік әңгіме, жай айла-шарғы. Екі санаттағы – адамға шабатын және ауру жануарды кез келген уақытта ұйықтатып өлтіруге болады. Бірақ оның бойындағы агрессияны анықтайтын тест жоқ. Агрессия деңгейін кім және қалай анықтайды? Формалды түрде, жеке адамның пікіріне сүйеніп жасалатын дүние. Аулауға тіпті қоғамдық инспекторларды да қатыстырмайды, сол себепті жануардың агрессиясын кім, қалай анықтайтыны белгісіз. Ол сол сәттегі жануарлар санына қарай, "көз мөлшермен" есептеледі. Оларға "агрессияға бейім пәленше жануардың көзін жойдық" деген сан қажет болса, сонша жануарды өлтіре салады, – дейді Снегирев.

Егер жануар адамға шабатын болса, өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бойынша, жергілікті билік шұғыл әрекет ету шараларын қабылдауы тиіс. Бұл шаралардың нақты нені меңзейтіні де белгісіз.

Көшеде жатқан бұралқы ит. Азаттық архивіндегі фото.
Көшеде жатқан бұралқы ит. Азаттық архивіндегі фото.

Снегирев егер бұл өзгерістер қабылданса, жануарларға ұйықтатып өлтірудің адамгершілікке жат тәсілдерін оңды-солды қолдана ма деп қауіптенеді.

– Оның астарында жануарларды атып өлтіруді заңдастыру жатыр. Депутаттар барлық қараусыз қалған жануарды іздегенге дейін уақытша ұстау пунктіне (УҰП) орналастырамыз, егер оларды ешкім іздемесе, ұйықтатып өлтірген дұрыс болмақ дейді. Бірақ олар елімізде 180 уақытша ұстау пункті жетіспейтіні жөнінде жақ ашпайды. Өңірлерде мүлдем жоқ. Уақытша ұстау пунктін салу ойына да кіріп шықпайды. Қолға түсірген жануарларды қай жерде ұстамақшы? Ұстайтын орын жоқ. Сондықтан қолға түскен жануардың көзі жойылады, – дейді Снегиров. – Жануарлардың орынсыз көбеюінің алдын-алу қажет, зарарсыздандыру мен вакциналау бойынша кешенді жұмыстар жүргізген жөн. Ал жаппай эвтаназия тиімсіз әрі гуманизмге жат. Шенеуніктерге зарарсыздандыру мен вакциналау циклін ұйымдастырғаннан гөрі өлтіре салған тиімді. Оларға қараусыз қалған жануар санын қысқартқан тиімсіз, өйткені ол бюджеттің қалтасын қағады.

Жануарларды қорғаушылар Экология министрлігі ұсынған өзгерістерге келіспейтінін Президент істері жанындағы парламентаризм институты да мәлімдеді. Ол ұйымға да көп шағым түскен. Институттағылар жануарларды қорғаушылар қарсы болғаннан кейін жануар қорғау саласының сарапшыларын шақырған. Олармен бірге АЗВЕЖ (аулау, зарарсыздандыру, вакциналау, құлағына ен салу, еркіндікке жіберу) бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған өзгерістер жасақтаған.

Институттағылар: "Бұралқы иттерді жаппай аулау мен эвтаназия оңай әрі тиімді болып көрінгенімен, болашақта немесе таяу арада бұл мәселені шешпейді, өйткені ауланған жануарлардың орнын көшеде жүруге бейімделмеген басқа жануарлар басады. Бұл бюджет шығынын көбейтуі мүмкін", – деп жануарларға жаппай кастрация жасауды, иттерді үйрету, әлеуметтендіру бойынша шаралар ұсынады.

Сондай-ақ Экология министрлігі ұсынған өзгерістер жобасында жануарды есепке алудың орталықтандырылған бірыңғай электрон базасы және жануарды уақытша ұстау пунктіне орналастырғанға дейін жануар иесінің одан бас тартуына тыйым салу да қарастырылған.

Қоқыс төгетін маңда жүрген иесіз күшіктер. Алматы облысы, 22 маусым, 2021 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Қоқыс төгетін маңда жүрген иесіз күшіктер. Алматы облысы, 22 маусым, 2021 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Депутаттар бұл норма "қожайынды үй жануарын көшеге лақтырып тастай салмай, уақытша ұстау пунктіне орналастыруды міндеттейді" деп сенеді. Animal Security қоры басшысы Наталья Сульжик бұл пункт жануарға дұрыс қарамайтын қожайындарды жауапкершіліктен босатады, адамдар үй жануарынан құтыла бастайды және соның салдарынан уақытша ұстау пунктері толып қалады деп алаңдайды.

– Бұл өзгерістер жануарға дұрыс қарамайтын қожайынды жауапкершіліктен босатады, өйткені адамдар үй жануарынан құтыла бастайды. Әлден құтылып жатыр. Ит-мысықтан бас тартып, әрі қарай жауапкершілік алғысы келмейтін адамға қолданар шараны күшейтуіміз қажет. Кім көрінген үй жануарын изоляторға тасиды. Енді изоляторлардағы жануар санын елестетіп көріңіз. Жануарлардың жағдайы нашарлайды. Шетінен өле бастады. Олай болса бұл заңды "Жануарларға жауапсыздықпен қарау" деп атайық!" – дейді Наталья Сульжик ашумен.

Наталья бұл өзгерістерді әзірлеуге көп жыл бойы халыққа жануарларға жанашырлық танытуды үйретіп келе жатқан қорғаушыларды қатыстырмағанына налиды. Айтуынша, заң қалай жұмыс істейтінін солар жақсы біледі. Бұған дейін министр Нысанбаев заң өзгерістерін талқылайтын жұмыс тобында үй жануарларын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйым өкілдері бар деп айтқан еді.

Ит аулайтындар атып кеткен иттердің өлекселері. Ақмола облысы Жарқайың ауданы, 27 ақпан, 2016 жыл. Фото авторы – Ирина Кудрявцева.
Ит аулайтындар атып кеткен иттердің өлекселері. Ақмола облысы Жарқайың ауданы, 27 ақпан, 2016 жыл. Фото авторы – Ирина Кудрявцева.

– Ол өтірік. Бізде бірнеше Zoom-конференция болды, жануарларды қорғаушылардың бірде-біреуі бұл өзгерістерді қолдамады. Бірақ сөзімізге құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Олар қулық асырып отыр. Талқылау өткізеді, бірақ мал дәрігерлерін, жануарларды қорғаушыларды, зоолог, кинолог мамандарды шақырмайды. Өзгеріс енгізіп отырған адамдар ит-мысықты ұстау нормасынан мүлдем бейхабар. Біз өзгеріс енгізуге қарсымыз. Сөзімізге құлақ аспай отырғаны қынжылтады. Егер осылай жалғаса беретін болса, бейбіт шеруге шығып, президенттің назарын бұруға мәжбүр боламыз. Біз ешкімді өлтірмейтін, адамгершілік салтанат құрған, халық үніне құлақ асатын мемлекетте тұрғымыз келеді, – дейді Наталья Сульжик.

Жануарларды қорғаушылар жануарға қатыгездікпен қарау және бұралқы ит санын көзін құрту арқылы реттеуге қарсы петиция жариялады. Оның жаңа автолары елдегі онсыз да ауыр жағдайды "депутаттық корпустан шыққан бастамалар" ушықтырып отыр деп жазған: өзгерістерде "әртүрлі ізгі ниетті сылтауратып, дені сау жануарларды өлтіру" қарастырылған. Бірақ бұл петицияны назарға алатын-алмайтыны белгісіз. Өйткені онлайн-петиция туралы заң тек сәуірде күшіне енеді. Үкімет сол кезде виртуалды өтінішке арналған арнайы платформа әзірлеуге уәде берді. Егер платформадағы петиция 50 мыңнан аса дауыс жинаса, үкіметте міндетті түрде қарастырылуы керек.

Актриса Бриджит Бордо итті құшақтап отыр. Сурет Бриджит Бордо қорынан алынды.
Актриса Бриджит Бордо итті құшақтап отыр. Сурет Бриджит Бордо қорынан алынды.

Француз әртісі Брижит Бардо Тоқаевқа тағы хат жолдады. Ол "қараусыз қалған жануарлар мәселесін шешу үшін шара қабылдау керек" деген президенттің сөзін "олардың көзін құртуға берілген бұйрық" деп түсінгенін атап көрсетті. Ол 2023 жылы тамызда: "Қазақстанда жаппай аулау мен өлтіру әлі жалғасып жатыр, – деп жазды. – Бардо қоры қаржылай көмек көрсетіп, зарарсыздандырылған иттер де осындай "ерікті және жабайы әрекеттің" құрбаны болып жатыр". Актриса бұралқы иттерді вакциналауға, зарарсыздандыруға, еркіне жіберуге жергілікті биліктің ақшасы да, ниеті де жоғын, мемлекет мәселені шешудің гуманды және тиімді тәсілдерін ұсынуға дайын емес екенін ерекше атап көрсетті.

Есімі әлемге танымал жануарларды қорғаушының бұл хаты Тоқаев пен оның әкімшілігіне қалай әсер еткені әзірше белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG