Accessibility links

Астанада иесіз мысыққа пана орын бар


Астанадағы иесіз қалған мысықтарға «Ковчег» паналату орнын ұйымдастырушылардың бірі Светлана Жумарь. 14 желтоқсан 2013 жыл.
Астанадағы иесіз қалған мысықтарға «Ковчег» паналату орнын ұйымдастырушылардың бірі Светлана Жумарь. 14 желтоқсан 2013 жыл.

Астана қаласында жеке меншік үйді бірігіп жалға алған бірнеше адам иесіз қалған, қаңғыбас мысықтарды паналататын арнайы орын ашты. Волонтерлер арасында 12 жастағы қыз бен оның құрбысы да бар.

Астанада иесіз қалған мысықтарға арнап «Ковчег» паналау орнын ашқан волонтерлер мен белсенділер жуырда акция ұйымдастырды. Олар Астанадағы сауда орталықтарының біріне келген адамдарға ұнатқан мысықпен бірге фотоға түсіп, қаласа тіпті үйіне алып кетуді ұсынды.

МЫСЫҚТАР БАСПАНАСЫ

Елена Зиновьева қала шетіндегі ескі үйінде елуден аса үй жануарымен бірге тұрады. Ол үйсіз-күйсіз мысықтарға күтім жасағаны үшін аздаған жалақы алады. Бұл ақшаны волонтерлер мен белсенділер жинайды.

Елена күнде мысықтарға ботқа пісіріп, тәулігіне екі уақ – таңертең және түстен кейін солардың шарбақтарын тазалайды.

– Аптасына мұнда бірнеше мысық түседі, ал кейбірін, керісінше, үйге алып кетеді, - дейді ол.

Елена Зиновьева жұмыс орнында. Астана, 14 желтоқсан 2013 жыл.
Елена Зиновьева жұмыс орнында. Астана, 14 желтоқсан 2013 жыл.
Жануарларға күтім жасайтын әйелге волонтерлер көмектеседі. Олар мысықтардың тамағы мен керек-жарағын әкеліп, жануарлардың астын тазалап, тамақтандырып, ақша жинайды. Белсенділер әлеуметтік желілер мен хабарландыру жариялайтын сайттар арқылы мысықтарға жаңа қожайын іздейді.

Мұндағы волонтерлердің бірі – 12 жастағы Елена Агальцева мысықтарды паналататын орынан алыста тұрса да, құрбысы екеуі бос уақытында осында келіп көмектеседі.

Қыздың айтуынша, өзі тұратын үйдің ауласын мекендейтін он шақты мысықты әжесімен бірге тамақтандырады.

– Әжем әр сенбі сайын сағат төртке қарай мені сауда орталығына жұмсайды. Ет сататын бөлімге барып қалған-құтқан ет алып келемін. Әжем оны кеспелеп турап, ауладағы мысықтарға тастайды. Олар біздің үйдің жертөлесін паналайды, - дейді жасөспірім қыз.

Ол Астана тұрғындарының көбі қаңғырып қалған жануарларға жанашырлық танытпайды, кейде тіпті жәбірлейді деп санайды. Ал өзі ондай ит-мысық көрсе, шамасы келгенше қамқорлық жасайтынын айтады.

ЖАНУАРЛАР ҚҰҚЫҒЫ

Астанада жануарларға арналған алғашқы паналау орнын ұйымдастырушылардың бірі Светлана Жумарь Қазақстанда жануарлар құқығын қорғайтын заң қабылданғанын қалайды. Ол Астана мен Қазақстанның басқа қалаларында қаңғыбас жануарларды аулайтын мекеме қызметкерлері оларды атып тастаумен шектелетінін айтады.

Ал олардың көбіне жаңа қожайын табуға мүмкіндік бар дейді Светалана. Кейде жаңа қожайын табу үшін ауланған жануарды паналата тұратын орын мен уақыт қажет. Астанадағы паналау орны да осы мақсатта ашылған.

«Ковчег» паналау орнына әкелінген иесіз мысықтар арнайы шарбақта тұрады. Астана, 14 желтоқсан 2013 жыл.
«Ковчег» паналау орнына әкелінген иесіз мысықтар арнайы шарбақта тұрады. Астана, 14 желтоқсан 2013 жыл.
​– Жануарларды жәбірлеуге, далаға қаңғыртып жіберуге болмайды деген заң шықса жақсы болар еді. Біреулер мысықтың баласын асырап алады да, өскен соң қаңғыртып жібереді, далаға тастайды. Қаңғыбас ит-мысықтың көбейіп кетуі осыдан, - дейді Светлана Жумарь.

Волонтер Татьяна Шевченко «төрт аяқты жануарды асырап алған адамды жауапкершілікке үйрету керек» деп санайды. Ол біреулердің асырап алған мысығын дәрімен өлтіру үшін ветеринарлық клиникаға әкеліп тұрғанын көргенін айтады. Әлгі қожайын «мынау өсіп кетті, орнына мысықтың кішкентай баласын алғымыз келеді» депті.

– Жануарды қолға үйретіп алып, артынан қаңғыртып жіберуге болмайтынын жұртқа үйрету керек, - дейді Татьяна.

Белсенділер мысықтар баспанасын кеңейтіп, ауру жануарларды ұстауға арналған арнайы «карантин» орнын ашпақ. Олар мұндағы мысықтардың барлығын стерилизациялауды жоспарлап отыр.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG