Accessibility links

"Ит Освенцимі". Қазақстанның батысындағы иесіз жануарлардың аянышты жағдайы


Үй жануарларын уақытша ұстауға арналған орындағы ит. Круглоозерное кенті, Батыс Қазақстан облысы, 29 мамыр 2019 жыл.

Бриджит Бардо халықаралық қорының өкілдері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатында елдің батыс өңірінде жануарларға қатыгездік таныту жиі қайталанатынын айтқан. Жануарларды қорғаушы белсенділер мемлекет басшысын дамыған елдердің иесіз жануарлармен жұмыс істеу тәжірибесін енгізуге шақырған. Ақорда халықаралық қордың хатына әзірге жауап берген жоқ. Жергілікті белсенділер иесіз жануарларды биліктің қолдауынсыз құтқаруға қолдан келгенше тырысып жүргендерін айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанда қараусыз қалған жануарларға жасалатын қатыгездікті тоқтатуға шақырған хат мәтіні желтоқсанның 13-і күні француз актрисасы Бриджит Бардо қорының сайтында жарияланды.

Хатта "Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, еліңіздегі қараусыз қалған жануарлардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп сізге хат жазып отырмын. Пікірлер толассыз келіп жатыр – ауланған ит-мысық қырылып жатыр. Жануарлар мен оларды өсіріп, бағып-қаққан адамдарға аяушылық білдірмей, көшені қараусыз ит-мысықтан тазартатын агенттіктерге жақсы ақша төлейді. Әлемде мұндай жағдай болуы мүмкін бе?" делінген.

Бардо қоры хатында Батыс Қазақстан облысына назар аударып, өзінде бар ақпаратқа сүйеніп, жануарларды өртеу фактілері тіркелген Орал мен Атырау қалаларын бөле-жара атаған.

Актриса Бриджит Бордо итпен бірге. Сурет Бриджит Бордо қорынан алынды.
Актриса Бриджит Бордо итпен бірге. Сурет Бриджит Бордо қорынан алынды.

"Қатыгездіктің шегі жоқ сияқты. Атырау мен Орал сынды кей қалада жануарларға аяқ-қолын жансыздандыратын дәрі беріп, артынша оларды тірідей өртеген. 21-ғасырда мұндай азапты елестетуге бола ма? Франция мен әлемнің көп елінде мұндай қылмысқа барғандар психологиялық ауытқушылығы бар адам деп танылып, ұзақ уақытқа түрме жазасына кесіледі" деп жазған Бардо Қазақстан президентіне.

Бриджит Бардо қорының өкілі Бриджит Олуа Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанда қараусыз қалған жануарлардың жағдайын өзгертуге дайын екенін білдірді. Бірақ бұл үшін қор президент Тоқаевтың жауабын күтіп отыр.

- Бірінші кезекте, президенттің Бриджит Бардо мен оның қорынан келген хатқа жауап бергенін қалаймыз. Бұл Қазақстан президенті мен үкіметінің ашықтығы мен өзгерістерге дайын екенін көрсетеді. Біз әріптестікке үміт артамыз. Қазақстанда жануарларға (жергілікті органдар тарапынан) жасалған қатыгездікке наразы көп адамды білемін. Шарасыздықтан олардың "саясат өзгереді" деген үміті өшуге айналды. Қазақстанға тренинг жүргізуге мамандар тобы мен ветеринарларымызды жібере аламыз. Қазақстанда жануарларды қорғауға бағытталған заңдарды жетілдіруге көмектесе алатын адамдар тобы бар. Қазір қатыгездіктен көз ашпай отырған жануарлардың жағдайын жақсартудың сәті түсіп тұр. Қараусыз қалған жануарлар – мәселе емес, жергілікті билік пен адамдардың жауапсыздығының құрбаны, - деді Бриджит Бардоның жануарларды қорғау қорының халықаралық жобалар бойынша жетекшісі Бриджит Олуа.

Олуа қор әлемнің 60-тан астам елінде жұмыс істейтінін, қазір қараусыз қалған жануарлар мәселесі шешілмеген дамушы елдерге қолдау көрсетуді қолға алғанын айтты.

"МЕМЛЕКЕТТЕН КӨМЕК БЕРІЛМЕЙДІ"

Орал қаласындағы қараусыз қалған жануарларға арналған "Өмір сүргім келеді!" ("Я хочу жить!") мекемесі екі жыл бұрын ашылған. Жоба авторы Виталий Недоба соңғы екі жылда ғана ресми жұмыс істей бастағанымен, жануарларды құтқарумен бес жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Қазір қараусыз қалған жануарларға арналған мекемеде үлкенді-кішілі 180 ит бар. Бірақ мемлекет жануарларды ұстауға жұмсалатын шығынды өтеуге ақша бөлмейді.

- Мемлекеттен көмек берілмейді. Билік мүлде жәрдемдеспейді. Жануарлар тағдырына бей-жай қарай алмайтын қамқор азаматтардың арқасында күнелтіп отырмыз: бірі ақша аударады, екіншісі иттерге азық әкеледі, үшінші бір азамат дәрі-дәрмекпен көмектеседі. Бұрыннан іздеп, қанша хат жазып, сабылсақ та, демеуші таба алмай келеміз, - дейді Виталий Недоба.

Круглоозерное кентіндегі иесіз иттерге арналған орын. Батыс Қазақстан облысы, 21 мамыр 2015 жыл.
Круглоозерное кентіндегі иесіз иттерге арналған орын. Батыс Қазақстан облысы, 21 мамыр 2015 жыл.

Недоба облыстағы қараусыз қалған жануарларға дұрыс көңіл бөлінбейтінін бұрыннан біледі. Оған ветеринарлық қызмет өкілдерінің үстінен шағым айтып келетін азаматтар да көп. Виталий жануарларға жасалған қатыгездік қылмыстық іс қозғауға негіз болғанын еске алды.

- Бір азамат қараусыз қалған жануарларға арналған орыннан төрт ит алып, оның үшеуін сойып жеген. Бұл – былтыр тіркелген жағдай. Біздің арызымыз бойынша қозғалған қылмыстық істі ары қарай жүргізбей, жауып тастады. Себебін "қылмыс құрамы жоқ" деп көрсетті. Қолымызда иттің етін бөліп жатқаны бейнеленген суреттері болды. Тергеушілермен бірге тексеруге барып, ит сойған гараждан өртелген сүйектер таптық. Айыпталушының өзі де телеарнада иттерді сойып жегенін мойындады. Сонда да іс жабылды. Біз прокуратураға да, тергеушілерге де арыз жаздық. Бірақ ол ескерусіз қалды. Екі ай бойы тергеу қорытындысын күттік. Ал қылмыстық істі тергеу басталғанына үш күн өткенде жауып тастапты, - дейді Недоба.

Қараусыз қалған иттерге арналған мекеменің негізін қалаған азамат Батыс Қазақстан облысында жануарларға ерікті көмек көрсетуден басқа мүмкіндік жоғын айтады.

- Орал қаласында қараусыз қалған жануарларды қабылдайтын мекеме жоқ. Иттерге арналған осындай – үш, мысықтарға арналған екі орын бар. Бірақ олардың бәрі халықтың қолдауымен жұмыс істейтін жекеменшік ұйымдар. Круглоозерное кентінде (Оралдың сыртында орналасқан – ред.) қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстайтын мемлекеттік нысан бар. Бірақ ол қазір жұмыс істемейді. Жұмыс істеп тұрған кездің өзінде жағдайы нашар болатын. Заң бойынша, аталған мекемеде ауланған иттерді үш күн ғана ұстап, кейін дәрі беріп өлтіреді. Көп иттерге аулау кезінде ұйықтататын дәрі мөлшері дұрыс берілмей, ес жимай кетеді. Мысалы, салмағы 15 килограмдық итке арналған дәрі мөлшері 10 килограмдық итке тисе, жануардың ағзасы көтермейді. 2019 жылдан бастап ауланған иттерді арнаулы мекемеде апта бойы ұстау керек деп естідім, - дейді Виталий Недоба.

Бұралқы ит. Көрнекі сурет.
Бұралқы ит. Көрнекі сурет.

Қараусыз қалған жануарлардың басындағы ұқсас жағдайға Бриджит Бордоның хатында аталған екінші қала – Атыраудың тұрғыны Бижамал Қаражанова да куә болған. Ол биыл қараша айында иттерді балалардың көзінше атқанын көрген. Қаражанованың оқиға орнынан түсірген видеосы әлеуметтік желі мен жергілікті ақпарат құралдарында кең тараған.

- Қарашаның 18-і күні, жұмыстан кейін, дүкеннен шығып бара жатып, итпен ойнап жүрген балаларды көрдім. Кенет бір иттің аяқ астынан қимылсыз қалғанын байқадым. Атылғанын бірден түсіндім. Көлікті дереу тоқтатып, жүгіре жөнелдім. Балалар қайтерін білмей, "апай, ол итті өлтіріп қойды ғой" деді. Осымен бұл ықшамауданда көз алдымда екінші рет итті өлтірді, - деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Бижамал Қаражанова.

Оның сөзінше, ветеринарлық станция қызметкерлері "Жануарларды атуға рұқсатыңыз бар ма?" деген сұраққа жауап бере алмаған. Ол облыс аумағында ит ату таңертеңгі сағат 8 бен күндізгі 12 аралығында, қараусыз қалған жануарларға көмек көрсетумен айналысатын "Доброе сердце" ұйымы өкілдерінің қатысуымен өтуі керегін айтады.

- Аталған ереже талаптарының ешқайсысы сақталмаған. Балалардың көзінше атты. Оқ балаларға тисе қайтер еді? - дейді Бижамал Қаражанова.

"ОЛАР ЖАНУАРЛАРДЫ ӨРТЕГЕН"

Жергілікті "Уральская неделя" басылымының фотографы Рауль Упоров Азаттыққа Батыс Қазақстан облысы Круглоозерное кентіндегі қараусыз қалған жануарларға арналған мемлекеттік мекемеде өзі куә болған жайтты айтып берді. Упоров аталған жерге төрт жыл бұрын редакцияға ашыққан иттер мен жағымсыз иіс туралы шағым айтқан жергілікті тұрғындардың сұрауымен барған.

- Біз ол жерде көргенімізден шошыдық. Бір таңғаларлығы – мекеме аумағында адам болған жоқ. Жабық темір торларда ашығып, қатты үрген иттер отырды. Құлағымызға жертөледен жеткен иттің дауысы естілді. Бірақ оны таба алмадық. Ғимарат ішінен бүлінген ет кездесті. Ит азығы болса керек. Сол маңда азып-тозған жылқының еті жатты. Ең сұмдығы - өртелген иттердің өлексесін көрдік. Үлкенді-кішілі иттерді өртеп, өлексесін тастаған үлкен бір күлтөбе. Өзім куә болған ол жерді "ит Освенцимі" (Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Польша аумағында еврейлерді қамап ұстаған концлагерь атауы – ред.) деп атадым". Бұл жерді көргенде денем тітіркеніп кетті. Әлгі пеште бәленбай рет жануар өртегені анық: астында әлдеқашан жанып біткен жануарлардың сүйегі, үстінде жаңа өртелген иттер жатты, - дейді Упоров.

Өртелген ит өлексесі. Круглоозерное кенті, Батыс Қазақстан облысы. 29 мамыр 2019 жыл.
Өртелген ит өлексесі. Круглоозерное кенті, Батыс Қазақстан облысы. 29 мамыр 2019 жыл.

Қараусыз қалған жануарларға арналған мекеме қызметкері болса керек, сол күні журналистердің алдына бір азамат шыққан. Бірақ тілшілер одан жарытып пікір ала алмаған. Ол кезде биліктен де ешқандай реакция болмаған. Бірақ бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызған.

- Материал шыққаннан кейін азаматтар әлгі мекемеге азық апарып, иттерге тамақ берген. Кей иттерді өзімен алып кеткендер де бар, - дейді Упоров.

Орал қаласы әкімдігі қаңғыбас жануарлардың өртелгенін толықтай жоққа шығарады. Жергілікті биліктің дерегінше, облыста жаңа ереже енгізілген.

"Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласы бойынша ит пен мысық өртеу фактісі тіркелмеген. Бұл факті бойынша жеке және заңды тұлғалардан шағым түскен жоқ" деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ведомство дерегінше, қала көшелеріндегі қараусыз қалған жануарлар санын азайту үшін 2019 жылы тамызда Батыс Қазақстан облысындағы елдімекендер аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, көзін жоюдың жаңа ережесі қабылданған.

"Бұл ереже қараусыз қалған жануарларға адамгершілік тұрғысынан қараудың қазіргі заманғы әлемдік стандарттарына сәйкес келеді" дейді әкімдік өкілі.

Аталған ережеге сәйкес, 2020 жылдан бастап ауланған жануарларды ветеринарлық емханаға жеткізіп, оларды стерилизациядан өткізіп, екпе салып, чип орнатып, паразиттерге қарсы дәрі сеуіп, жануар туралы ақпаратты деректер базасына енгізеді. Осыдан кейін ауланған жануарларды бұрынғы аумағына қайтарады.

Бірақ жануарларды қорғаушы белсенділер билік уәде еткен стерилизацияны әлі бастамағанын айтады.

- Биыл қазан айында біз облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездестік. Ол "қараша айынан бастап иттерді стерилизациялау басталады, мердігерлер бар, тендер өтті" деді. Кейінірек бізге сенімді ақпарат көздері тендерді жеңген алматылық компанияны таба алмай жатқанын айтты. Қазір стерилизация жүріп жатқан жоқ, - деді Виталий Недоба.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG