Accessibility links

Ит таластыру қоғам пікірін екіге жарып отыр


Төбетін таластыруға әкелген Қуандық Мұсаев. Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы, 10 қараша 2014 жыл.
Төбетін таластыруға әкелген Қуандық Мұсаев. Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы, 10 қараша 2014 жыл.

Қазақстанда ит таластыруды кәсіп еткендер де, оны қатыгездікке балайтындар да бар.

Қазақстандық жануарлар құқығын қорғаушылар елдің әр аймағында өткізіліп келе жатқан ит таластыруды қатыгездікке жатқызып, оған заң жүзінде тыйым салуды ұсынады.

ТӨБЕТ ТАЛАСТЫРУ

Алматы маңындағы Шамалған кентінде тұратын Қуандық Мұсаев 15 жылдан бері төбет асырауды кәсіп етіп келе жатқанын айтады. Жасынан ауылда қой бағып өскен жігіт иттің бұл тұқымына бала кезінен үйір екен.

– Қазір 15 төбетім бар. Жақсы төбет көрсем сатып алуға тырысам, өзім де күшіктерін сатамын, – дейді ол.

Азаттық тілшісі жолықтырғанда Қуандық Мұсаев үлкен төбетін басқа иттермен таластыруға апара жатыр екен.

– Кезінде қазақы төбет тұқымы жойылып кете жаздаған, мұндай сайыстар мықты төбеттерді іріктеуге көмектеседі, - дейді ол.

Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында 2014 жылы қыркүйек айында ашылған жүздеген орындық стадионға жұрт ай сайын темір тордың ішіндегі төбет таласын қызықтауға жиналады. Иттер таласын жүргізетін Әбдірахман Әнуарұлы аудандық әкімдік пен ішкі істер бөлімінің стадионда ит таластыруға рұқсат бергенін айтады.

Ұйымдастырушылардың өздері «ит таластыру» деген сөзі қолданбайды, оның орнына, Қуандық Мұсаев сияқты, «төбет тұқымын сұрыптау, сынақтан өткізу» немесе «төбеттер турнирі» деп атағанды жөн көреді.

– Үш салмақ дәрежесі бойынша айқасқа түсетін иттер бір-біріне үрмеуі, ырылдамауы және азуын көрсетпеуі шарт. Бұл талапты бұзған ит қорыққан болып саналып, таласқа қатыстырылмайды. Нағыз төбеттер дыбыс шығармай таласады, - дейді Әбдірахман Әнуарұлы.

Азаттық тілшісі қарашаның 10-ы күні Ұзынағаштағы стадионнан кейбір ТМД елдерінен арнайы әкелінген иттерді де көрді.

– Қазір «Еуразия чемпионаты» өтіп жатыр, ол келер жылы көктемде аяқталады. Демеушілер бірінші, екінші орындарға автомобиль, үшінші орынға – квадроцикл тігіп отыр, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген ұйымдастырушылардың бірі.

Оның айтуынша, төбетін таласқа қосу үшін иттің иесі алдын ала 200 доллар жарна төлеуі тиіс. Ол сонымен бірге, ит таластырар алдында иелері бәстесіп, ақша тігетінін, бірақ ондайды жария етпей, өзара келісіммен ғана жасайтынын да айтты.

Ұзынағаштағы стадионда «Еуразия чемпионаты» сол күні таңертеңнен кешке дейін жалғасты. Бірін-бірі жеңе алмаған кейбір төбеттердің таласы үш раундқа дейін барды. Төбеті жеңіліп, қанға боялып шыққандардың кейбірі талас әділетсіз болды десе, енді бірі сол жердегі мал дәрігеріне итін қаратып жатты. Бірақ «итім жараланды» деп уайымдап жатқан ешкім жоқ, керісінше, келер жолы тағы да таластырып, есе қайыратындарын айтады.

Төбеттер айқасы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
Жүктеп алу

ЖАНУАРҒА ҚАТЫГЕЗДІК

Алматы қаласындағы «Kare-забота» жануарларды қорғау қоғамдық қорының өкілдері ит таластыруды жануарларға жасалған қатыгездік деп бағалайды. Олардың пікірінше, таласқа қатысқан иттің денесіне де, жан-дүниесіне де бірдей зақым келеді.

– Кейбіреулер ит таластыруды жекпе-жек спорт түрлерімен салыстырады. Бірақ спортшылар жекпе-жекке саналы түрде шығады, жарақаттанса емделеді. Ал итте таңдау жоқ. Таластан кейін кейбір иттер қиналып өледі. Тіпті иелері олардың эвтаназия арқылы қиналмай өлуіне көмектеспейді де. Сондықтан мұндай қатігездікке заң жүзінде толық тыйым салу керек, - дейді қор өкілі Ирина Фурсова.

Жануарларды қорғаушылар әлем елдерінің ұлттық салт-дәстүрінде кездесетін ит таластыру, қораз төбелестіру, қошқар сүзістіру сияқты кейбір көріністер уақыт оза келе қатыгездік деп саналып, қазіргі заманда өзгеріске ұшырағанын айтады.

– Өзге елдерде жануарлар мен құстарды төбелестіру дәстүрі ақыры өзгеріп, оның этикаға сай келмейтінін түсінді. Мысалы, Испанияда коррида ұлттық дәстүрдің ажырамас бір бөлшегі ретінде қарастырылып келсе де, кейін оған заң жүзінде тыйым салынған, – дейді «Kare-забота» жануарларды қорғау қорының өкілдері.

Этикалық жағдайға байланысты өзгерістер Орталық Азия елдері арасында әртүрлі атпен танымал ұлттық ойындардың бірі – көкпарға да енгізілді. Дәстүрлі ойын жақтаушылары әу баста қарсы шыққандарымен, соңғы уақытта көкпарға бұрынғыдай сойылған серкеш емес, тұлып тарту біртіндеп ене бастаған.

Қазақстан заңдары бойынша, жануарлардың өлуіне немесе мертігуіне әкелген қатыгездiк қылмысы үшін жүз есе айлық есептiк көрсеткiш көлеміндегі айыппұл салудан бастап екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге дейін жаза қолданылуы мүмкін.

Төбет. (Көрнекі сурет)
Төбет. (Көрнекі сурет)

Ирина Фурсованың айтуынша, «Бірақ ит таластыруға заң жүзінде тыйым салынбағандықтан, оның қатыгездік іс-әрекет екенін дәлелдеу өте қиын, елде ондай қылмысы үшін жазаланғандар жоққа тән».

«Kare-забота» қоғамдық қорының өкілі осы орайда «Алматы қаласындағы ит ұстау туралы ережеде де ит таластыру жайлы екіұшты жазылғанын» мысалға келтіреді.

– Ережеде «жануарларға қатысты қатыгездікке жол беретін ит таластыруды ұйымдастыруға және өткізуге болмайды» делінген. Бұл баптың бір сөзі екіншісіне қайшы жазылған. Себебі, ит таластырудың өзі – жануарға деген қатыгездік. Бірақ бұл ереже бойынша да ит таластырудың қатыгез түрде өткенін дәлделдеу қиын - дейді жануарлар қорғау қорының Фурсова.

Ал ит таластыруды «мықты төбеттерді іріктеу» деп түсінетін Қуандық Мұсаев сияқтылар оны «жануарды қинау, қатыгездік» деп білетіндердің уәжімен келіспейді.

– Төбеттерімді ұрып-соғып, қинамақ тұрмақ, оларға қатты дауыс та көтермеймін, - дейді ол итін құшақтап.

XS
SM
MD
LG