Германия мен Украина сейсенбі күні Берлинде өткен жоғары деңгейдегі үкіметаралық кеңесулер қорытындысы бойынша бірнеше стратегиялық бағыт, соның ішінде қорғаныс саласы да бар, бойынша серіктестік туралы келісімге қол қойды. Украина президенті Володимир Зеленськийнің Германияға сапары аясында жасалған бұл қадам екіжақты қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Германия канцлері Фридрих Мерц мұны "стратегиялық серіктестіктің ресми жаңа кезеңі" деп атады.
Мерцтің айтуынша, тараптар Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс, алыс қашыққа жететін қару құралдары, дрондар мен артиллерия оқ-дәрілері бойынша кешенді жаңа қолдау шаралары жөнінде келіскен. Украина қорғаныс министрі Михайло Федоров Германиямен құны 4 млрд еуро деп бағаланған ауқымды қорғаныс пакеті бекітілгенін хабарлады. Оған жүздеген Patriot зымыраны, әуе шабуылынан қорғаныс жүйесіне арналған 36 IRIS-T ұшыру қондырғысы, алыстағы нысанаға жететін қару-жарақ жүйелерін және бірлескен дрон өндірісін дамыту кіреді.
Бұған қоса, сейсенбі күні америкалық RTX деп аталатын қару-жарақ шығаратын ірі өндірістің бөлімшесі Raytheon компаниясымен Украинаға 3,7 миллиард доллардың Patriot әуе қорғанысы кешені жабдықтарын беру туралы келісімге қол қойылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл келісімнің өндірістік өзегі Германияның Шробенхаузен қаласындағы жаңа зауыт болмақ.
Сонымен қатар Build with Ukraine бастамасы аясында жасанды интеллект элементтері бар орта қашыққа ұшатын дрондарды бірлесіп шығару жоспарланып отыр; алғашқы кезеңде Украина қарулы күштеріне 5 мың дрон жеткізу көзделген, деп жазды Михаил Федоров telegram-каналында.
Берлиндегі бірлескен баспасөз мәслихатында Зеленський Украина қару-жарақтың басым бөлігін өз ішінде өндіріп жатқанын, алайда жеткілікті қаржыландыру болса бұл көлемді екі есе ұлғайтуға болатынын айтты. Ол осы орайда Еуроодақтың Украинаға арналған 90 млрд еуролық несие бөлуіне бұған дейін Венгрияның бұрынғы премьер-министрі Виктор Орбан тарапынан бөгет жасалғанын еске салды.
Мерц Венгриядағы үкімет ауысқаннан кейін бұл көмек көп күттірмей қайта жандануы мүмкін деген үміт білдірді. Германия канцлері сондай-ақ Ресейдің "тасадағы флотына" қарсы жаңа қадамдар жасалатынын жариялады.
12 сәуірде Венгрияда өткен парламент сайлауында Виктор Орбанның партиясы оппозициядан ойсырай жеңілгеннен кейін жаңа үкімет басшысы болады деп болжанып отырған Петер Мадияр Киевке қатысты Будапешт бұрын қойып келген вето алынатынын аңғартты, бірақ ол Венгрия Украинаға берілетін несиенің кепілі болмайтынын айтты.
Берлин мен Киев арасындағы бұл келісімдер Германияның Украинаға әскери қолдауын тек қару-жарақ жеткізу деңгейінде емес, бірлескен өндіріс пен технологиялық интеграция сатысына шығарады дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, бұл Еуропадағы қорғаныс өнеркәсібінің қайта құрылуына және төрт жылдан астам уақыт басқыншыға қарсы жанқиярлықпен күресіп жатқан Украинаның инновациялық әлеуетін ұзақмерзімді жүйеге айналдыруға бағытталған маңызды геосаяси қадам ретінде қарастырылып отыр.