Accessibility links

Сіз кімсіз, профессор Хааг?


Лоренц Хааг. (Ресейлік "Наша власть" басылымындағы сурет).
Лоренц Хааг. (Ресейлік "Наша власть" басылымындағы сурет).

Профессор Лоренц Хааг ресейлік ақпарат құралдарына жиі комментарий береді. Бірақ Германияда ондай сарапшыны ешкім танымайды.

Берлинде тұратын тарихшы, Сталин дәуірі туралы кітаптардың авторы Дмитрий Хмельницкий Facebook желісіндегі парақшасында: «Путиннің Германиядағы агенттері туралы мәселеге қатысты «неміс сарапшысы» ретінде көп жылдан бері Путинді мақтап, сұхбат беріп жүрген адам - Жаһандық коммуникациялар агенттігі басшысы Лоренц Хааг деген профессор ИТАР-ТАСС тілшілерінің қиялында ғана өмір сүреді. Германияда мұндай профессор да, агенттік те жоқ» деп жазды.

Блогер Павел Гнилорыбов Лоренц Хаагтың Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) айтқан сөздерін талдап шыққан «Біздің отандық БАҚ үнемі шетелдік спикерлерге зар болып жүреді. Журналистер кез келген жаңалықты іліп әкетеді. Ал Ресей тарапының бүкіл әрекетін мақұлдайтын шетелдік әпендіні қайдан табады?!

Кезінде Совет Одағының дүние жүзінде керек достары көп болғаны белгілі, сондықтан теледидар әрдайым қажет деген көріністі беретін. ИТАР-ТАСС агенттігі одан да зор тәуекелге барып, өмірбаяны мен лауазымы бар неміс профессорын ойлап тапты. 2007 жылдан бері жеті жыл бойы жылы жүзді бюргер Лоренц Хааг журналистерге «комментарий беріп келген». Неге екені белгісіз, қазіргі Ресейдің аяулы досы туралы Google арқылы іздей бастасаңыз, оның есімі орыс тілді бірер сайттан өзге еш жерден кездеспейді. Бос қиял. Фикция. Ол жұрттың сауалдарына жауап беріп келген Самуил пайғамбар болып шықты.

Лоренц Хааг (оң жақта) Ресейдің Лейпцигтегі консулы Вячеслав Логутовпен бірге тұр.
Лоренц Хааг (оң жақта) Ресейдің Лейпцигтегі консулы Вячеслав Логутовпен бірге тұр.

Лоренц Хааг ИТАР-ТАСС агенттігінің барлық мақаласында «Жаһандық коммуникация агенттігінің төрағасы» деп аталады. Ал кейбір хабарламаларда оны «Оңтүстік-Батыс Саксония қоғамы төрағасы» деп көрсетеді. Ол 2008 жылдан бері Оңтүстік Осетия, Польшада зымыран орналастыру, Гагариннің ғарышқа ұшуы, одақтас елдердің Нормандиядағы операциясы, СССР-дің екінші дүниежүзілік соғыстағы рөлі, ол соғыс туралы Прибалтика халқының көзқарасы, Қырымды қосып алу туралы ойларын жиі айтып келеді. Қысқасы, ойдан шығарылған демесеңіз, оның әбден ысылған шебер адам екені байқалады.

Хааг мырза Расул Гамзатов шығармашылығын да жақсы көретін болып шықты. «Ресей халықтарының рухани байлығы мен мінезін айқын бейнелеп, биікке самғаған Расул Гамзатов шығармашылығы Пушкин, Гете, Байрон, Мильтон және Шекспир сынды алыптармен теңдес. Ақынның келешек ұрпаққа қалдырған мол мұрасы ешқашан өлмейді» дейді профессор.

Бұдан кейін профессор Липецк ансамблі концертіне барады. Орыс және казак әндерін, сыған әуендерін тыңдап, Ресей халықтары билері мен лезгин биін тамашалады. Ал әйгілі «Калинка» мен «Катюшаны» жиналған жұрт ансамбльмен бірге шырқады. Бұл - Ресей рухының жаңа тынысы, әрі оны жүрекпен ғана сезінесің» деп жазады Павел Гнилорыбов.

Интернеттен Лоренц Хаагтың профессорлық қызметі туралы да, оның студенттері немесе аспиранттары туралы да дерек табылмады.

Өмірде профессорлардың аяқ асты пайда болмайтынын, олар не нақты оқу орны профессоры немесе зейнет демалысындағы профессор болуы тиіс деген оймен профессор Хаагтың ғылыми жұмысына қатысты әлдебір дерек табуға тырыстым. Әйтеуір қандай профессор болса да, интернетте оның ғылыми немесе оқытушылық қызметінің ізі қалуы тиіс қой. Бірақ интернеттен Лоренц Хаагтың профессорлық қызметі туралы да, оның студенттері немесе аспиранттары туралы да дерек таба алмадым. Тек Ресей үкіметі саясатын ақтаған бірнеше сұхбатын ғана таптым. Іздеу барысында оның Хемниц қаласындағы космонавтика мұражайына Гагарин мүсінін тапсыру рәсіміне қатысқаны туралы хабарлама шықты. Бірақ онда Лоренц Хааг Ресей космонавтикасы федерациясының Еуропа, Америка және Канада елдеріндегі уәкілетті өкілі деп көрсетілген.

Атауы «Жаһандық коммуникация агенттігі» дегенге ұқсайтын екі ұйымға хабарласып көріп едім, оның бірі PR-агенттігі болып шықты әрі ондағылар ешқандай профессор Хаагты білмейтінін айтты. Екінші «Жаһандық коммуникация агенттігі» қызметкерлері де оның есімін ешқашан естімегендерін айтты.

Есесіне Хемниц қаласынан экономикалық инновациялар институты (Das Institut für Wirtschaftsnache innovation) табылды. Мына сайтта профессор Хаагтың ғылыми жетекші ретінде түскен фотосуреттері бар. Сонымен, Лоренц Хааг 1953-1990 жылдары Карл-Маркс-Штадт деп аталған, қазіргі Хемниц қаласында шынымен тұрады екен.

Экономикалық инновациялар институтының екі телефон нөміріне де хабарласып көрдім. Тұтқаның ар жағындағы қосулы автомат «мұндай нөмірлер жоқ немесе өшірілген» деп хабарлады. Соған қарағанда, жалған нөмірлер көрсетілген болуы мүмкін. Ақыры профессор Лоренц Хаагтың өзі де, оның ұйымы туралы дерек те табылмады.

Ақыры Дмитрий Хмельницкийге хабарласып, Маяковскийдің тілімен айтқанда «ғылыми көркем академия» профессорына қатысты жайтқа комментарий беруін сұрадым.

Хааг кезінде күлкілі ғылыми атақтарды оңды-солды таратқан қауіпсіздік академиясының профессоры сияқты.

– Мен бұл есімді көп жыл бұрын, Қауіпсіздік, күзет және құқықтық тәртіп проблемалары академиясы туралы мақала жазған кезде кездестірдім. Бұл КГБ құрған, КГБ мен армияның жоғары шенді адамдарынан тұратын жасанды қоғамдық ұйым болатын. Олар бүкіл әлемді аралап, академия атынан «Ұлы Петр», «Екінші Екатерина» орденінен айнымайтын ордендерді таратумен айналысатын. 2008 жылы Германияда осы ұйымға қатысты үлкен жанжал шыққан. «Фокус» және «Ди Вельт» басылымдары оларды адамдарды агенттікке үгіттейтін таза тыңшылық ұйым ретінде сипаттаған. Ол оқиғадан кейін Мәскеу оны тез таратып жіберді. Әлгі орден үлестіруге қатысқандардың арасынан мына кісіні ұшыратып қалдым. Ол Дрезденде академия атынан әлдекімге орден табыстаған еді. Аты-жөні сол кезде есімде қалыпты. Профессор Лоренц Хааг – Ресей баспасөзінде ғана бар кейіпкер. Әдетте одан ТАСС журналистері ғана, көбінесе Владимир Смелов деген тілші сұхбат алады. Алған сұхбаттары «Дуэль», «Взгляд», «Известия» сияқты газеттерде қайта басылады. Соңғы жылдары Ресейді жақтап, Путинді мақтап, маңызды деген барлық саяси оқиғаларға қатысты сұхбат беріп жүр. Оны барлық жерде неміс сарапшысы деп таныстырады. Оның атақ-дәрежелері туралы дерек іздеп едім, өзін Хемниц қаласындағы Жаһандық коммуникациялар агенттігі басшысы ретінде таныстыратын болып шықты. Мұндай агенттік мүлде жоқ, ол туралы Батыс баспасөзі де ештеңе жазбайды. Соған қарағанда, Хааг кезінде күлкілі ғылыми атақтарды оңды-солды таратқан қауіпсіздік академиясының профессоры сияқты. Ол Ресей космонавтикасы федерациясының Еуропа, Америка және Канада елдеріндегі уәкілетті өкілі әрі «Ресей элитасы» журналының бас редакторы да болған екен. Екі жыл бұрын ол Мәскеудегі жоғарғы экономика мектебін 20 жылдық мерейтойымен құттықтапты. Бірақ құттықтауында «профессор, доктор honoris causa» деген атағы жазылған.

– Бұл жайтқа қатысты көзқарасыңыз қандай? Мұны күлкіге балауға бола ма, әлде бұл назар аударуға тұратын жағдай ма?

– Жоқ, бұл күлкілі жағдай емес. Путиннің саясатын қолдайтын әлдебір сарапшыға жаппай сілтеме таратуды құр күлкі деуге болмайды, – дейді Дмитрий Хмельницкий.

Ал «профессор» Хааг ТАСС-қа тағы сұхбат берді. Блогерлердің комментарийлеріне қатысты жауабында ол ғылыми атағын қайдан алғанын түсіндірмейді. Хааг тек Дмитрий Хмельницкийдің тарихшы екеніне күмән білдіріп, «қауесет-сыбыс таратушыларды іріткі салмауға, Батыс пен Ресейдің жақындасуына көмектесуге» шақырады.

Мақала авторы - Юрий Векслер.

XS
SM
MD
LG