Accessibility links

АҚШ-та «Кремль насихатшысын» тексеруді сұрады


Ресейдің бұрынғы баспасөз министрі, "Газпром-медиа" холдингінің басшысы Михаил Лесин.
Ресейдің бұрынғы баспасөз министрі, "Газпром-медиа" холдингінің басшысы Михаил Лесин.

Ресей медиа-магнаты Михаил Лесин АҚШ сенатының қырына ілікті. Сенаторлар оның Лос-Анджелестен қымбат пәтер алуға ақшаны қайдан тапқанын тексеруді сұрады.

АҚШ сенаторы Кремль қаржыландыратын RT (Russia Today) телеарнасының құрылуына ықпал еткен Михаил Лесиннің АҚШ-та орналасқан аса қымбат жылжымайтын мүліктерді қай ақшаға алғанын тексеруді сұрайды.

Миссисипи штатының республикашыл сенаторы Роджер Уикер «Федералдық билік Калифорния штатынан аса қымбат жылжымайтын мүліктер сатып алған Ресей медиа-магнатын тексеруі керек. Михаил Лесин (Ресейдің бұрынғы баспасөз министрі – ред.) «Шетелдегі жемқорлық туралы» (Foreign Corrupt Practices Act) заңды бұзып және ақшаның ізін жасырып, Лос-Анджелестен жалпы құны 28 миллион доллар тұратын бірнеше үй сатып алды» дейді.

БЕВЕРЛИ ХИЛЛЗДЕГІ ҚЫМБАТ ҮЙЛЕР

Шілденің 29-ы жазған хатында Уикер «Мемлекеттік қызметте жүргенде Лесин отбасын Лос-Анджелеске, Калифорния штатына көшіріп әкелді. Ол жерден жалпы құны 28 миллион доллардан асатын бірнеше үй сатып алды. Ресей мемлекеттік қызметкерінің осындай активтерді сатып алуға қажетті қомақты қаржыны қайдан жинағаны күдік тудырады» дейді.

АҚШ әділет министрлігінің баспасөз-хатшысы Питер Карр Азаттыққа «хатты алғанын, қазір оны қарап жатқандарын» айтты.

56 жастағы Лесин Владимир Путиннің бірінші президенттік мерзімі кезінде тәуелсіз «НТВ» телеарнасын мемлекет бақылауына өткізуге көп күш қосты. Ол Путин екінші рет билікке келгенде де оған кеңесші болды. Қазір Лесин мемлекет қарауындағы ең ірі «Газпром-Медиа» холдингін басқарады.

Уикердің кеңсесі Азаттыққа Лесиннің отбасына қатысы бар құжаттарды көрсетті. Меншікті тіркеу мекемесі растаған ол құжаттар бойынша, Лесинге қатысы бар компаниялар Лос-Анджелестен үш бірдей жылжымайтын мүлік сатып алған.

Құжаттарға қарағанда, 2011 жылдың тамыз айында Беверли Хиллз ауданынан Dastel Coroporation компаниясы аумағы 13 мың шаршы фут болатын үйді 13 миллион 800 мың доллар алған. Бұл компанияда Лесиннің ұлы Антон Лесин қатардағы қызметкер ретінде тіркелген. Калифорнияның жоғарғы сотына жіберілген өтініш пен үйді тіркеу туралы құжатта бұл үйдің мекенжайы мен Dastel компаниясының мекенжайы бір екені көрсетілген.

Мемлекеттік қызметте жүргенде Лесин отбасын Лос-Анджелеске көшіріп әкеліп, жалпы құны 28 миллион доллардан асатын бірнеше үй сатып алды.

«The Los Angeles Times» газетінің жазуынша, Беверли саябағы қасында орналасқан, күні-түні күзетілетін көрікті ауданда актер Самюэль Л. Джексон мен атақты баскетболшы Мэджик Джонсон тұрады.

Dastel компаниясы 2012 жылы Брентвуд ауданынан 9 миллион долларға аумағы 980 шаршы фут болатын тағы бір үй алған. Ал көлемі 6 мың 800 шаршы фут болатын үшінші үйге HFC Management компаниясы 5 миллион 600 мың доллар төлеген. Бұл компанияда Лесиннің қызы Екатерина Лесина қызмет етеді.

LinkedIn әлеуметтік желісінде Лос-Анджелесте тұратын Ekaterina Lesina атты адамның RT (Russia Today) ақпарат құралында продюсер екені көрсетілген. Бірақ профильдің шын-өтірігін тескеру мүмкін болмады.

Антон Лесин шілденің 31-і күні сұхбат беруден бас тартып, сұрақтарға жауап беруді Dastel компаниясының қызметкері Илья Циписке жүктеді.

Екатерина Лисинаның Беверли-Хиллздегі үйінен телефонға жауап берген әйел «оның үйде жоқ екенін» айтты. Лесинаның өзі пікір білдіру туралы хабарламаға жауап қатпады.

Лесин мен оның отбасының бірнеше миллион тұратын төртінші үйі бар деген ақпарат шықты. Бұл туралы Лесиннің ұлы мен отбасына қарсы шағым түсірген үй қызметкері Мартина Ландис мәлімдеді. Ол кемсіту көргенін айтып, Лесиндердің еңбек заңын бұзғаны мен еңбек келісімшартын орындамағанына шағымданып, бұл отбасынан кем дегенде миллион доллар өтемақы талап етті. Калифорнияның жоғарғы сотына жолдаған шағымында Ландис Беверли Хиллздегі басқа үйде қызмет еткенін айтады, оны ол «Лесиндер үйі» деп атайды.

Бұл үй Java Drive Inc компаниясының атына тіркелген, Java Drive көшесінің бойында орналасқан. Компания үйді 2009 жылы 4 миллион 300 мың долларға сатып алған. Бұл үй Азаттыққа Уикердің кеңсесі көрсеткен құжаттарда жоқ.

«НАСИХАТ» СӨЗІНЕН ҚЫСЫЛМАЙМЫН»

Михаил Лесиннің қымбат үйлерді қандай қаржыға алғанын тексеру туралы ұсыныс Украина дағдарысы кезінде Ресей мен АҚШ қарым-қатынасы шиеленіскен сәтке дөп келіп тұр. Вашингтон Владимир Путинге жақын ауқатты кәсіпкерлер мен шенеуніктерді анықтап, Қырымды аннексия жасағаны үшін, Шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдағаны үшін оларға санкция салды.

Михаил Лесин мен Russia Today басшысы Маргарита Симоньян Владимир Путинге телеарна жұмысын таныстырып жатыр.
Михаил Лесин мен Russia Today басшысы Маргарита Симоньян Владимир Путинге телеарна жұмысын таныстырып жатыр.

Американың өкілдер палатасының мүшелері Джим МакГоверн мен Илиана Рос-Лентиен АҚШ президенті Барак Обамадан Михаил Лесинді 2000-жылдардың басында «НТВ» телекомпаниясына қысым жасағаны үшін адам құқығын бұзғандардың «қара тізіміне» енгізуді сұрады.

Ресейдегі «Видео Интернешнл» ірі жарнама агенттігінің негізін қалаған Лесин бала-шағасының АҚШ-та тұратынына қарамастан, Американы үнемі сынап келеді. 2001 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті «тәуелсіз БАҚ-қа қысым жасады» деп Ресей үкіметін сынағанда, Лесин Американы «арсыз полицей» деп атады. Сол тұста баспасөз министрі қызметін атқарып жүрген Лесин АҚШ-тағы сөз еркіндігінің бұзылуын тексеруге грант бөлу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри сәуір айында Russia Today агенттігін «Ресей насихатының құралы» деп атады. The Moscow Times газетінің жазуынша, 2001 жылы Лесин «насихат» деген сөзден қысылуды қойғанын айтқан.

(Люк Джонсон мен Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG