Accessibility links

АҚШ сенаторлары Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге шақырды


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен үкімет аппараты жетекшісі, АҚШ-тың санкциялық тізіміне іліккен Вячеслав Володин.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен үкімет аппараты жетекшісі, АҚШ-тың санкциялық тізіміне іліккен Вячеслав Володин.

Обама әкімшілігі Ресейге салынған жаңа санкцияларды «Украина дағдарысына қатысты Кремльге жасалған қысым» деп сипаттайды. Бірақ сенаторлар бұл шаралар Ресейді тоқтата алмайтынын айтады.

АҚШ Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктеріне және 20-ға жуық компаниясына жаңа санкциялар жариялады.

«ГАЗПРОМҒА САНКЦИЯ САЛАЙЫҚ»

Республикалық заң шығарушылар «Американың жаңа санкциясы Ресейдің айыбын бетіне басып, ұялту тәрізді ғана әсер етті, бірақ Украинадағы бүлікті басуға ықпал етуі екіталай» дейді.

Теннесси штатының республикашыл сенаторы Боб Коркер.
Теннесси штатының республикашыл сенаторы Боб Коркер.
Конгресс (АҚШ парламенті – ред.) мүшелері соңғы күндері Обама әкімшілігін Ресей экономикасындағы негізгі кәсіпорындар, мысалы мемлекеттік ірі газ компаниясы «Газпромға» санкция салуға шақырды. Заң шығарушылардың біразы Ресейдің жеті шенеунігі мен 17 компаниясына қарсы сәуірдің 28-і күні салынған санкцияларға көңілдері толмайтынын білдірді. Конгресс мүшелері «олардың көбін ешкім білмейді» деген уәж айтады.

Теннеси штатының республикашыл сенаторы Боб Коркер «Әкімшілік тарапынан бір апта бойы айбарлы мәлімдемелер жасалғанына қарап, құр айыптау емес, Ресейдің Украинаға қарсы сорақы әрекетіне тосқауыл қоя алатын шаралар жасалады деп ойлаған едім» дейді.

Сенаттың халықаралық істер жөніндегі комитетінің жоғары лауазымды мүшесі Коркер «Ресейдің ірі компанияларын жазалағанда ғана Владимир Путиннің үкіметі Украинадағы әрекеттерін қайта қарауы мүмкін. «Газпром» сияқты компанияларға санкция салғанда ғана Путинге ауыр тиеді. Ол оны («Газпром») Украина мен басқа да көршілеріне және өзге де қаржылық институттарға қысым жасау үшін қолданып отыр. Дипломатия Ресейдің әрекетін өзгертеді, дағдарысты бәсеңдетеді деп ойламаймын» дейді.

ЕУРОПАНЫҢ ҚАМЫ

Обама әкімшілігі Украина дағдарысына қатысты Кремльге санкция салатынын айтқанда «өзімізге және Еуропадағы одақтастарымызға келетін экономикалық шығынды есепке аламыз» деген.

Еуропа елдерінің Ресей газына тәуелді екені белгілі. Нью-Гемпшир штатының сенаторы, республикашыл Келли Айотт санкцияның жаңа пакетін «жеңіл» деп бағалап, оларды «Қырымды аннексиялаған, Украинаның шығысында тәртіпсіздіктерді қоздырып отырған Ресейді жөнге салуға жеткіліксіз» деп сипаттады.

Айотт «АҚШ Ресейдің қаржы секторына санкция салып, қатаң шаралар қолданбаса, Путин тынышталмайды. Ресейдің энергетикалық секторына қарсы, Путин Украинаға бұдан ары да агрессия жасаған жағдайда күшіне енетін санкциялар әзірлеу керек» деді.

Индиана штатының сенаторы, республикалық Дэн Коутс Ақ үйдің Путиннің маңындағы жоғары лауазымды шенеуніктерге салған санкциясын құптайды, бірақ «әкімшіліктің бұл шаралары әлі аз, әрі тым кеш қабылданды» дейді.

Коутстің айтуынша, «Әкімшілік (Обама әкімшілігін айтады – ред.) пен Батыс жетекшілері тарапынан күшті, әсерлі жауап болмаған соң, алаңда ойнақтап жүрген бұзақы бұдан кейінгі әрекеттерім де жазаланбайды деп ойлайды».

"Газпром" компаниясының "Южный поток" құбырының жұмысшысы. Ресей, 15 сәуір 2014 жыл.
"Газпром" компаниясының "Южный поток" құбырының жұмысшысы. Ресей, 15 сәуір 2014 жыл.
АҚШ конгресіндегі республикашыл сенаторлардың көбі жаңа санкцияларды сынайды. Мичиган штатының сенаторы, демократ Карл Левин өткен аптада «Газпром» мен Ресейдің басқа да ірі компанияларына санкция салуға шақырған еді, осы жолы оның кеңсесі ештеңе айтпады.

Флорида штатының демократы Луис Френкель жақында Украинада болып қайтты. Сәуірдің 28-і күні MSNBC телеарнасына сұхбат берген Френкель «АҚШ президенті Барак Обама санкцияларға сақтықпен қарайды, Еуропаны экономикалық қиындықта қалдырғысы келмейді. Себебі еуропалық одақтастарымыз - Ресейдің сауда әріптестері, олар Ресейдің энергетика саласына тәуелді» деді.

The Hill басылымының жазуынша, Френкель сұхбатында «одақтастарға зиян тигізбес үшін Американың еппен қимылдап отырғанын» атап айтқан.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG