Accessibility links

"Депутаттардың қызметіне араласпайды". Халық кеңесінің алғашқы жиыны және Тоқаевтың сөзі

Халық кеңесінің алғашқы жиыны. Астана, 24 қыркүйек 2026 жыл.
Халық кеңесінің алғашқы жиыны. Астана, 24 қыркүйек 2026 жыл.

24 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Халық кеңесінің алғашқы сессиясын ашып, оны "жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт" деп атады.

"ҚҰРЫЛТАЙҒА БАЛАМА МЕКЕМЕ ЕМЕС"

Ол бұған дейін оның міндетін Қазақстан халқы ассамблеясы, президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, ұлттық құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келгенін атап өтті.

Ол сөз арасында кеңесті құру себебі мен оның Құрылтаймен байланысы туралы айтты.

“Халық кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық еңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ” деді Тоқаев.

Оның сөзінше, екі институт “бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі” керек.

Бейсенбі күнгі сөзінде Тоқаев Халық кеңесінің алғашқы құрамына "кәсіби, отаншыл, қоғамдағы беделі жоғары, мықты азаматтар енді" деді.

Құрамына 126 адам кіретін Халық кеңесінің құрамы осы апта басында белгілі болды. Тізімде мәслихат депутаттары, этномәдени ұйымдар өкілдері бар. Кеңес негізінен Қазақстанда қалыптасқан мемлекеттік және қоғамдық институттардың өкілдерін біріктірген. Бәрі билікпен тығыз байланыста болған институттар. Билікті сынап жүрген оппозиция өкілдері жоқ.

"ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ БІР АУЫЗ СӨЗ АЙТА АЛМАУ БІЛІМСІЗДІКТІҢ БЕЛГІСІНЕ АЙНАЛДЫ"

Бейсенбі күнгі сөзінде Тоқаев қазақ тілі туралы да айтып, "ұлтараздықты қоздыратын арандатушылар" жөнінде ескертті.

Тоқаевтың айтуынша, қазақ тілінің өрісі саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Бұл әсіресе жастарға қатысты. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды деді ол.

Дегенмен бұл басқа тілдерден бас тарту керек, шеттету керек дегенді білдірмейді деді. Тоқаев сөз арасында “әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құятын” “тісқаққан арандатушылар” туралы да ескертті. Бірақ ешкімнің аты-жөнін атамады.

“Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек” деді Тоқаев.

КЕЗЕКТЕН ТЫС МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫ

24 қыркүйекте Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтетінін де айтты.

Президенттің айтуынша, қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі Amanat партиясы атынан сайланған. Ал ол “Әділетке” қосылғандықтан олардың қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды.

“Сондықтан мен жақын арада премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек” деді Тоқаев.

Қазіргі мәслихат депутаттарының өкілеті президент жарлығы қол қойылғанға дейін күшінде болады.

Биыл көктемде биліктің Amanat партиясы жаңадан құрылған “Әділетке” қосылатыны белгілі болған кезде ондағы партия мүшелерінің “Әділетке” автоматты түрде қосылмайтыны айтылған еді. Егер "аманаттықтар" партияға қосылғысы келсе, өз бетімен өтініш түсіре алады. Барлығы ерікті түрде болады деген еді сол кезде "Әділеттің" өкілі Рауан Кенжеханұлы. Қазіргі кезде оның мүшелерінің саны ресми мәлімет бойынша, 850 мыңнан асқан.

Тоқаев Халық кеңесін билік пен халық арасында диалог орнататын консультативтік орган ретінде құрған. Жаңа Конституцияда бұл орган "халық мүддесін білдіретін жоғарғы орган" деп жазылған. Кеңестің 126 мүшесінің бәрін президент тағайындайды. Бұл орган Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады әрі референдум тағайындау туралы бастама көтереді.

Бұған дейін қаржы министрлігі Халық кеңесінің жұмысына жылына 1,7 млрд теңге бөлінетінін, мүшелеріне жалақы берілетінін айтқан.

Бір күн бұрын оның төрағасы болып бұрынғы мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сайланған еді. Оның кандидатурасын президент ұсынды, кеңес мүшелерінің басым бөлігі оның кандидатурасын қолдаған, бір адам қалыс қалған. Жарамсыз бюллетень болмады.

Қошановтың саясаттағы жолы Қошановтың саясаттағы жолы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00
Айдар
​
XS
SM
MD
LG