Парсы шығанағындағы маржан арал Иран мұнайын экспорттау орталығына қалай айналды және Тегеранға қарсы соғыс бастаған АҚШ пен Израиль оны неліктен нысанаға алып отыр?
АҚШ президенті Дональд Трамп 30 наурыз күні Иран сес көрсетіп, Тегеран Израильге және Таяу Шығыстағы америкалық базаларға соққы жасауын доғармаса, Харк аралын "толықтай жоямыз" деді.
Ақ үй басшысының бұл сөзі осы аралдың Иран экономикасы мен әлемдік энергетика нарығындағы рөліне назар аудартты.
Иран мұнайының 90 пайызына жуығы осы Харк аралынан тасымалданады және оның негізгі бөлігі Қытайға кетеді. Аралдағы инфрақұрылым Иранның соңғы шахы кезінде салынған.
1800-жылдары Харк аралын орналасқан жері мен табиғи су қорының болуына қарай "Парсы шығанағындағы маңызды стратегиялық бекет" деп сипаттаған.
1950 жылдары Иран шахына қарсы шыққан диссиденттер осы аралға айдалатын. Кейінірек Харк аралында мұнай экспорты терминалын соғу туралы шешім қабылданды.
Күнге күйген маржан арал ішкі Ираннан 31 шақырым жерде орналасқан. Арал айналасындағы су терең, жағасындағы ағыс қатты емес. Аралдың осы қасиеті оны мұнай терминалына айналдыруға қолайлы еткен.
Танкерлер арал түбіне оңай тоқтап, мұнай тиейді. Одан кейін танкерлер Ормуз бұғазы арқылы ашық теңізге шығып, әлемдік нарыққа мұнай жеткізеді.
Иран жазушысы Жалал әл-Ахмад аралға мұнай орталығы енді салынып жатқан кезде барып, Иран және Батыс инженерлері басқаратын машиналар "ескі Харкті жер бетінен өшіріп жатыр" деп жазған.
Ішкі Ирандағы мұнай су астына төселген құбыр арқылы 37 шақырым өтіп, Харк аралындағы резервуарларға түседі. Ол резервуарлардың әрқайсысына 1 миллионға дейін баррель сыяды.
Аралдың географиялық ерекшелігі мұнайдың өз жолымен танкерлерге ағуына мүмкіндік береді. Ешқандай сорғы жүйелерін қажет қылмайды.
Аралдағы мұнай инфрақұрылымының құрылысы 1959 жылы басталып, 1970-жылдарға дейін жалғасқан. Сол жылдары "теңіз аралы" (жоғарыда тұрған суреттегі) құрылысы аяқталды. Бұл құрылым ірі танкерлерге мұнай тиеуге жол ашты.
1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Харк аралындағы нысандарды Иранның жаңа билігі басып алды. Ол нысандарды ішінара америкалық алпауыт мұнай компаниясы – Amoco басқаратын.
1990 жылы Тегеран Amoco компаниясына Харк аралындағы мұнай инфрақұрылымын басып алғаны үшін жарты миллиард доллардан астам өтемақы төлеген.
1984 жылы Ирак күштері Иран-Ирак соғысы аясында Харк аралындағы нысандарға соққы жасап, әлемдік мұнай нарығын дүрліктіріп жіберді. "Танкерлік соғыс" басталып, қос тарап та мұнай тасыған кемелерге шабуылдады. 1980 жылдары Ирак әскері Харк аралындағы нысандарды "толықтай дерлік жойған".
Иран-Ирак соғысынан кейін аралдағы инфрақұрылым қалпына келтіріліп, кеңейтілді. Аралда күн сайын 1,5 млн баррель шамасында мұнай тиелетін болды. 2026 жылғы сәуірдегі мұнай бағасына қарағанда, оның ақшалай көлемі – 172 млн доллар.
АҚШ Харк аралындағы әскери нысандарға соққы жасап, 13 наурызда Трамп: "Біз аралдағының бәрін жойдық, тек мұнай орналасқан аудан ғана қалды..." деген.
Бүгінде аралда сегіз мыңға тарта адам тұратын. Аралды Ислам революциясы сақшылары корпусы күзетеді.
Сарапшылардың айтуынша, Тегеран Харк аралындағы мұнай нысандары арқылы жыл сайын ондаған миллиард доллар пайда көріп отыр, сол себепті ондағы мұнай инфрақұрылымына соққы жасалса, Иран режимінің өмірі қиындай түспек.
Алайда мұндай соққы әлемдік нарықта онсыз да бағасы артып жатқан мұнайды одан әрі қымбаттатуы ықтимал.