Accessibility links

Өзбек билігі мәжбүрлеп үй салдыру айыбына ұшырады


Өзбекстан ауылдарында салынып жатқан үйлердің бірі.
Өзбекстан ауылдарында салынып жатқан үйлердің бірі.

Өзбекстан жүздеген аудан орталығы мен ауылды жаңалап, ондағы үйлерді, мектептерді және инфрақұрылымды жөндеу жобасын бастады. Бұл игі бастаманың сиқын кетіріп тұрған бір жайт бар. Біраз жұрт биліктің мәжбүрлеп асарға шақырып және ақша құйдырып жатқанын айтып арызданады.

Өзбекстан билігі биылдан қалдырмай ел бойынша 450 ауылда жаңадан жол, үй, мектеп, аурухана мен өзге де инфрақұрылым нысандарын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Бірақ кейбір жергілікті тұрғын үкіметтің "Обод қишлоқ" ("Абат ауыл") жоспарына мәжбүрлі түрде құрылысқа жегілгені туралы арыздана бастады.

Президент Шавкат Мирзияевтің ауылдардағы ескі үй-жайларды жаңартып беру туралы миллиондаған долларлық идеясы былтыр іске аса бастаған. Алайда Азаттықтың Өзбек қызметі маусым айында Самарқан облысындағы Жуш ауылында мыңдаған адамның еркінен тыс құрылысқа салынғаны туралы хабарлаған.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген Жуш тұрғыны Азаттыққа:

- Бас-аяғы бес мыңдай адам жұмысқа шығарылды. Кішкентайларына қарайтын адам таппағандар балаларын құрылыс басына ерте келді, - деген.

Тұрғынның сөзінше, билік көбіне мемлекеттік мекемеде қызмет істейтіндерді немесе мемлекеттен әлеуметтік жәрдем алып отырған адамдарды ақысыз қара жұмысқа тартқан.

- Келмегендерді "жұмыстан шығарамыз" деп қорқытты. Зейнетақы, баланың жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандарға құрылысқа шықпаса, жәрдемнен құр қалатындары ескертілді, - деді әлгі тұрғын.

Мәжбүрлі түрде құрылысқа салынған өзбекстандықтар
Мәжбүрлі түрде құрылысқа салынған өзбекстандықтар

КІРПІШ ТАСУ

Бірнеше тұрғын Азаттыққа Жуш тұрғындарының қайтіп "мәжбүрлі асарға" шыққаны туралы суреттер жіберді. Фотолардың бірінде жай киімді адамдар құрылысшылармен бір сапта тұр. Көбі күрек пен қайла ұстап алған. Суретте кішкентай бала ерткен егде адам көзге шалынады.

Азаттыққа жіберілген бір видеода жартылай салынған ғимарат шатырының үстіндегі құрылысшыларға жерден кірпіш тасып жатқан ер адамдар көрінеді.

Құрылыс қауіпсіздігі шарттарының мүлдем сақталмағаны байқалады. Ер адамдардың ешқайсысы құрылысшы каскасын, киімін және қолғабын кимеген.

Жуш ауылында кірпіш әперіп жатқандар
Жуш ауылында кірпіш әперіп жатқандар

Және бір фотода жай киімді адамдар траншея қазып жатыр. Жуштағы махалла басшысы Рахматилло Тогаев құрылыс басындағы жағдайды "асар" деп сипаттады. Кейбір тұрғындар "асарлату" туралы айтатын билік өкілдері бұл сөзді орынсыз қолданып, адамдарды тегін жұмысқа жегіп жатыр деп ойлайды.

Тогаев мұндай арыз-шағым барын жоққа шығарып, тұрғындарға әлеуметтік жәрдемнен айыру туралы қоқан-лоқы жасалғаны туралы хабарды "өтірік" деді.

- Жұмысқа әркім өз еркімен келіп-кетіп жүр. Жұмысқа шыққандарына разы. Абаттанып жатқан өз махалламыз, өз ауылымыз. Ешкім оларды мәжбүрлеп жатқан жоқ. Әлеуметтік жәрдемнен айырайын деп жатқан да ешкім жоқ, - деді ол Азаттыққа маусымның 17-сінде.

"Абат ауыл" жобасына сәйкес 26 мың тұрғыны бар Жуш билігіне жыл соңына дейін 200 шақырым жол, екі көпір мен бір аурухана салу тапсырылған. Ауылдағы сегіз махалланың әрқайсысында жаңа мини-футбол алаңы пайда болуы тиіс. Одан бөлек ауылдың мектебі мен мешіті жөнделіп, тұрмысы нашар 20 тұрғынға қолжетімді баспана салынуы керек.

Жуш - жаппай жаңару туралы міндеттеме алған 478 өзбекстандық ауылдың бірі. Жоспарды уақытында жүзеге асыра алмаған елдімекендердің қандай жазаға ұшырайтыны айтылмаған.

"МӘЖБҮРЛІ ДЕМЕУШІЛІК"

Мирзияевтің бұл бастамасы бойынша былтыр 417 ауыл "абаттандырылды" деп хабарланған. 2018 жылы жаңадан жол және мемлекеттік һәм жекеменшік ғимараттар салынған. Кейбір ауылдарға су мен газ құбыры және электр желісі тартылған.

Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметіне "мәжбүрлі түрде демеушіге айналғанын" айтқан адамдар көп болды. "Абат ауыл" жобасы былтыр мамыр айында жариялана сала Наманған облысындағы бір топ мұғалім күштеп ақша жинау туралы бұйрық түскенін айтып шағымданған.

Самарқан облысында мәжбүрлі түрде құрылысқа салынған адамдар.
Самарқан облысында мәжбүрлі түрде құрылысқа салынған адамдар.

Турақорған ауданындағы бір әйел мұғалім Азаттыққа:

- "Абат ауыл" жобасы үшін бір күндік жалақымызды аудару туралы тапсырма алдық. Ақша төлегісі келмеген мұғалімдерге "сағаттарыңды қысқартамыз" деді. Төлеуге мәжбүр болдық, амал қалмады, - деген.

Азаттық осы ауданның білім басқармасынысң өкілі Абдурасул Бойматовтан мұғалімдердің шағымы туралы сұраған. Ол қаржының "тек ерікті түрде жиналғанын" айтты.

Тәуелсіз БАҚ-тан ада, саяси қалтарысы көп елде мәжбүрлеп жұмысқа салу үрдісінің аясын анықтау қиын. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Өзбекстанды экспортқа шығаратын негізгі өнімі - мақта терімге ересектері мен балаларын күштеп шығарады деп сынап келеді.

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сәйкес, 2018 жылы Өзбекстан 170 мың тұрғынын еркінен тыс мақта теруге салған. Өзбек мақтасын сатып алуға бойкот жариялау туралы түрлі ұсыныс көбейген кезде Ташкент ресми түрде мақта индустриясы үшін ендігәрі бала еңбегін пайдаланбайтынын мәлімдеген.

Бірақ елден түскен соңғы хабарларға қарағанда Өзбекстан билігі ересек тұрғындарын әлі де ақысыз көше сыпыруға және қоқыс тазалауға жұмылдырып тұрады. Мәжбүрлі түрде демеушілік қылу да кең тараған - мұғалімдер мен ата-аналар мектеп шығындарын өтейді, мемлекеттік газет-журналға күшпен жазылады.

Мақаланы әзірлеуге Азаттықтың Өзбек қызметі қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG