Accessibility links

Ресейдегі биліктің бизнеспен жымдасуы


Ресей президенті Владимир Путиннің ежелгі рим императоры бейнесіндегі мүсіні. Ленинград облысы, 16 мамыр 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің ежелгі рим императоры бейнесіндегі мүсіні. Ленинград облысы, 16 мамыр 2015 жыл.

Ресей билігі өз құралы санайтын бизнеспен біте қайнасып жатыр. Мұндай «гибридтік басқару» түрі әлдекімдерге оңтайлы көрінгенімен, ол Ресейдің болашағына үлкен қауіп төндіреді дейді сарапшылар.

ПАНАМАГЕЙТ АШҚАН ЖАЙТ

Ресейдегі биліктің бизнесті құрал ретінде пайдалану әдеті «клептократия», «мемлекеттік капитализм» деген ұғымдардың аясына сыймайды. Биыл көктемде көпшілікке жария болған «Панама қағаздары» Ресей президенті Владимир Путинге жақын адамдардың түрлі жолдармен тапқан қаражатын оффшорлық компанияларда жасырып келген үлкен бір жүйені әшкере етті. Ал олар бұл байлықты көбіне биліктің қолдауына ие болу үшін немесе әлдебір шешімді қабылдатқызу үшін олигархтар берген «садақа» есебінен жинаған.

Путиннің қызының өкіл әкесі, музыкант Сергей Ролдугиннің қорында жатыр делінген 2 миллиард доллардың өзі Ресейдегі бизнес мен саясаттың арасындағы тығыз байланыстың айқын көрсеткіші бола алады. Ролдугиннің оффшорда жатқан байлығының барлығы сарайлар мен курорттар салуға жұмсалмайды, оның аздаған бөлігі Ресей мемлекеті үшін маңызы бар стратегиялық компанияларға инвестиция күйінде қайта салынады.

Ресей преемьер-министрі Владимир Путин (оң жақта) мен музыкант Сергей Ролдугин. Санкт-Петербург, 21 қараша 2009 жыл.
Ресей преемьер-министрі Владимир Путин (оң жақта) мен музыкант Сергей Ролдугин. Санкт-Петербург, 21 қараша 2009 жыл.

Басқаша айтсақ, мемлекет пен бизнестің біте қайнасқаны сондай, қай жерде бюджет қаржысы ұрланып, қайсысында қызмет бабын асыра пайдаланғанын, қай жерде мемлекетке қызмет етіп жатқанын тап басып айту қиын.

Үкімет пен кәсіпкерлік жымдасқан мұндай «гибрид бизнес» Ресейдегі саяси биліктің басты сипатына айналып қоймай, оның өзіне және айналасындағы жұртқа қатер төндіре бастады.

СЕПАРАТИЗМДІ ҚОЛДАУ

Бизнестің саяси және геосаяси мақсаттарды жүзеге асыруда қалай құрал бола алатынын Marshall Capital инвестициялық тобының басшысы Константин Малофеевтің мысалынан байқауға болады. Телекоммуникация және ақпарат саласының ірі инвесторы ретінде ол стратегиялық маңызы бар экономика секторына бұрыннан етене араласып жүрген. Украина мен Еурокомиссия Малофеевті «Ұлы Василий» қайырымдылық қоры арқылы Шығыс Украинадағы сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп айыптады.

Малофеев мұны жоққа шығарғанымен, оның Донбастағы бүлікке шынымен қолдау білдіріп отырғанын дәлелдейтін айғақтар бар. Сепаратистердің өзін-өзі жариялап алған «Донецк халық республикасын» 2014 жылғы тамызға дейін басқарған Александр Бородай да, Шығыс Украинадағы «соғыс отын тұтандырдым» деп жүрген Игорь Стрелков те – Малофеевтің қоластында жұмыс істеген адамдар. «Ведомости» газетіне берген сұхбатында ол Бородайдың өзіне кеңесшісі болып жұмыс істегенін, Стрелковпен (шын фамилиясы – Гиркин) де сол таныстырғанын ашық айтқан.

Ресейлік бизнесмен Константин Малофеев.
Ресейлік бизнесмен Константин Малофеев.

2015 жылдың ақпанында Малофеевтің Украинадағы сепаратистік әрекет бойынша Кремльмен ауыз жаласқанын дәлелдейтін бұдан да маңызды айғақ табылды. «Новая газета» Малофеевке жақын адамдар әзірлеп, президент әкімшілігіне тапсырған Қырымды аннексиялаудың құпия жоспарын жариялады. Виктор Янукович Украина президенті болып тұрған кезде жазылған бұл құжат «Қырым мен Донбасқа егемендік алып беру және оны Ресейге қосу жоспары» деп аталады. Жоспар авторларының басты уәжі – Ресей Шығыс Украинадағы газ инфрақұрылымын бақылауы керек, егер оны уысынан шығарып алса, онда «Газпром» компаниясының Еуропадағы позициясы әлсірейді.

Егер рас болса, бұл құжат Кремль мен оның төңірегіндегі лобби жүйесін анық сипаттайды. Түрлі «саудагерлер» Путиннің көзіне түсіп қалу немесе оның «рақымына» бөлену үшін түрлі саяси реформалардың «сценарийлерін» оның өзіне не айналасындағыларға тықпалайды.

КЛИЕНТ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУШЫ

Малофеев ісінде үкімет ықпалының ара-жігі онша анық емес болса, акцияларының барлығы немесе басым бөлігі мемлекетке тиесілі компаниялардың саяси міндеттерді орындауға пайдаланылуы – Ресейдегі «гибрид басқарудың» ерекше белгісі саналады. Заң бойынша коммерциялық негізде жұмыс істеуге тиіс «Роснефть» немесе «Уралвагонзавод» тәрізді мекемелер шығын мен табыстың арасалмағын есептеместен, саясаттың қолшоқпарына айналып жатады.

Мәселен, «Вагнердің жекеменшік әскери компаниясының» (ЧВК Вагнера) жалдамалы сарбаздары Сирияда соғысып, оққа ұшып жатыр. Құжат жүзінде тәуелсіз, коммерциялық мекеме саналғанымен, бұл – үкімет бастамасымен құрылған, үкіметтен қаржыландырылатын және үкіметтің өзі жіберген топ.

Ресейлік «Генбанктің» Симферопольдағы бөлімшесі. Қырым, 9 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)
Ресейлік «Генбанктің» Симферопольдағы бөлімшесі. Қырым, 9 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Евгений Двоскиннің «Генбанкі» бизнес құрылымдарының үкіметтің ішкі және сыртқы геосаяси мақсаттарын орындауына ат салысуының және бір мысалы бола алады. Федералдық қауіпсіздік қызметінің қорғауында болған бұл банк ірі лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік корпорацияларға заңсыз қолма-қол ақша беріп отырған деген ақпараттар бар.

Ресей Қырымды аннексиялаған соң «Генбанк» ол жерде бірден 175 филиалын ашып, түбектегі екінші ірі банкке айналып шыға келді. Билік банкке ерекше жағдай жасап, оны ФСБ қорғап отыр, мұның үстіне онда күмәнді қаржыны заңдастыру жүріп жатыр, яғни барлық тараптар бір-біріне кіріптар, кімнің клиент, ал кімнің бақылаушы екенін ажырату қиын.

ПУТИННІҢ ДОСТАРЫ

Бизнестің мемлекет қызметінің құрамдас бөлігі болып жұмыс істеген жайттар бұдан да жиі кездеседі. Олар, мәселен, 2012-2015 жылдар аралығында Нью-Йоркте ресейлік тыңшы Евгений Буряковты қалқалаған «Внешэкономбанк» сияқты қарапайым шаруаларға араласуы мүмкін.

АҚШ-та тыңшылық жасаған деген айыппен жауапқа тартылған ресейлік Евгений Буряковтың (оң жақта) соттан салынған суреті. Нью-Йорк, 26 қаңтар 2015 жыл.
АҚШ-та тыңшылық жасаған деген айыппен жауапқа тартылған ресейлік Евгений Буряковтың (оң жақта) соттан салынған суреті. Нью-Йорк, 26 қаңтар 2015 жыл.

Немесе 2004 жылы «Газпром» мен Украина олигархтарының арасында құрылған «РосУкрЭнерго» сынды кешенді тапсырмаларды орындауы ықтимал. Бұл мекеме Ресей газын Украинаға импорттау мәселесінде арағайын болып қана қоймай, Украинаның сол кездегі президенттері Леонид Кучма мен Виктор Ющенконы Мәскеудің ыңғайына жығу мақсатында «тер төккен». Демек, «РосУкрЭнерго» бір мезетте белсенді экономикалық ойыншының да, заңсыз табыс көзінің де, Мәскеудің саяси ықпал құралының да рөлін атқарған.

Яғни, мұндай компаниялар кейде тіпті нарық талаптарына қарамастан, тек Кремльдің бұйрығы бойынша «мемлекеттің мүддесі үшін» шешім қабылдауға мәжбүр болған. Біраз компаниядағы мемлекет үлесін жекешелендіру науқаны санкция кесірінен қарызға батқан мекемелерді құтқару, олардың тиімділігін арттыру мақсатында ғана жүргізіліп отырған жоқ. Ондағы мақсат – билікке адал берілген компаниялар мен олигархтарға «сыйлық жасау». Мұны жай ғана «жемқорлық» деп сипаттай салуға болмайды.

Экономикалық тұрғыдан қолайлы жағдай жасау арқылы Кремль сараң да қатыгез элитаны Путин мен оның режиміне одан сайын құлай берілуге мәжбүрлейді. Негізі, Мәскеу бұл әдісті бұрыннан бері қолданып келеді. Бір ғана мысал: Сочи Олимпиадасының нысандарын салудан бастап мектепке оқулықтар әзірлеуге дейінгі жобаларды Путиннің жақын достары мен одақтасары Аркадий мен Борис Ротенбергтер жеңіп алды.

ҮГІТ-НАСИХАТ ҚҰРАЛЫ

Бизнес пен биліктің «будандасуы» – екіжақты процесс, мұнда екі тарап та өздеріне бірдеңе алуға тырысады. Билік ақша дәметсе, бизнес өзіне ерекше жағдай жасалғанын қалайды.

Мемлекет меншігіндегі «Уралвагонзаводқа» қатысты оқиға осыған дәлел бола алады. 2011 жылдың желтоқсан айында оның жұмысшылары қайтадан президент сайлауына түскелі жатқан Владимир Путинге теледидар арқылы «қажет болса Мәскеуге барып, сізге қолдау білдіреміз» деп уәде берді. Осы «уәдеден» соң Путин қорғаныс министрі шешімінің күшін жойып, осы зауытта Ресей армиясына қажетті заманауи танкілер шығару үшін 2 миллиард доллар бөлгізді.

Мәскеудегі "Останкино" орталығы алдында НТВ телеарнасына наразылық акциясын өткізіп тұрған белсенді. (Көрнекі сурет.)
Мәскеудегі "Останкино" орталығы алдында НТВ телеарнасына наразылық акциясын өткізіп тұрған белсенді. (Көрнекі сурет.)

Президент Владимир Путин билікке келгелі ақпарат саласында бизнес пен биліктің «гибрид шешімдері» көбейіп кетті. 2001 жылғы тәуелсіз «НТВ» телеарнасын «Газпромға» беру шарасы «еркінсіп кеткен журналистерді тәубесіне келтіру» мақсатын ғана көздеген жоқ. Телеарна басшысы Владимир Гусинскийге тағылған айыптардың саяси астары болғаны жасырын емес, дегенмен «НТВ» телеарнасының «Газпромға» жүздеген миллион долларлық қарызы да маңызды рөл ойнағаны анық.

Сол сияқты 2013 жылғы желтоқсанда мемлекеттік «РИА Новости» ақпарат агенттігін жауып, орнына жаңарған ақпарат құралын ашу туралы ұйғарым да сондай гибрид шешім болды. Нәтижесінде, агенттік басшылығына Батысты төпелеп сынайтын Дмитрий Киселев келді. Сөйтіп, Украина соғысы кезінде түрленген «Россия сегодня» медиа-құрылымы Ресейдің ұстанымын дәлелдейтін басты үгіт-насихат құралына айналды. Бірақ, мәселе тек саясатта ғана емес еді.

«Россия сегодня» агенттігінің бас директоры Дмитрий Киселев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және «Россия сегодня» агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньян.Мәскеу, 7 маусым 2016 жыл.
«Россия сегодня» агенттігінің бас директоры Дмитрий Киселев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және «Россия сегодня» агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньян.Мәскеу, 7 маусым 2016 жыл.

Бір ғимаратта орналасқан мемлекеттік «Россия сегодня» және «РИА Новости» жылдар бойы үкімет қаржысы үшін өзара таласып келген. Лоббист топтар «РИА Новости»-дің оппозицияға бүйрегі бұрады деп Путинге ықпал еткен. Ақыр соңында оны жабу туралы шешім шыққанда Кремль әкімшілігінің басшысы Сергей Иванов мұндай қадам «ақша үнемдеу, мемлекеттік ақпарат құралын анағұрлым тиімді жұмыс істеткізу» және «мемлекет мүддесін қорғау» мақсатында жасалып отыр деп түсіндірген.

«ЖАЛҚАУ» БИЗНЕС

Билік пен бизнестің бұлайша біте қайнасуы әлдекімдерге оңтайлы көрінгенімен, ол Ресейдің болашағына үлкен қауіп төндіреді. Ең алдымен, саяси қолдауға сүйенген кәсіпкерлер іскерлік пен тиімділікке ұмтылуды қойып, жалқауланады. Тыңшылар қарсылас компанияның құпияларын ұрлап беретін болса, тапсырыс алуға мүмкіндік жасаса, жақсы әрі арзан тауар шығаруға ұмтылудың қажеті қанша?

Егер табысты компанияларды саяси жолмен тұншықтыруға, тіпті тартып алуға болатын болса, онда жақсы бизнес құруға тер төгудің қажеті не? Мәселен, осындай монополия мен саяси қолдауға дағдыланған «Газпром» мен «Роснефть» компаниялары өте тиімсіз жұмыс істейді. 2012 жылдың өзінде «Газпром» жемқорлық пен тиімсіз жұмыстың кесірінен 40 миллиард доллар шығын шеккен. Соған қарамастан, Кремль оларды үнемі қолдап отырады.

Ал олар өз кезегінде үкіметтің қолшоқпары болып, саяси науқандарға араласады. Мәселен, «Газпром» 2015 жылы Украинаға қарсы «энергетикалық қару» ретінде қолданылып, соның кесірінен 6 миллиард доллар айыппұл арқалап, табыстан қағылды, ал «Роснефть» Сочи Олимпиадасына 180 миллион доллар бөлді.

(Марк Галеотти мен Анна Арутунянның материалы ағылшыннан ықшамдалып аударылды.)

XS
SM
MD
LG