Accessibility links

АҚШ-тың Қытайға жариялаған "сауда соғысы"


АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға баж салығын көтеру туралы құжатқа қол қойғанын көрсетіп отыр. Вашингтон, 22 наурыз 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға баж салығын көтеру туралы құжатқа қол қойғанын көрсетіп отыр. Вашингтон, 22 наурыз 2018 жыл.

Ас үй құралдары, велосипедтер, пәтердегі дабыл беру жүйесі, шабадандар мен жол сөмкелерін не біріктіреді? Осы заттардың бәрі (және тағы басқалар) АҚШ президенті Дональд Трамптың жарлығымен баж салығы көбейген қытай тауарларының тізіміне енді. Екі мемлекет арасында сауда соғысының үшінші кезеңі басталды, оның салдары бүкіл әлемдік экономикаға ықпал етуі мүмкін.

Бұл жолы Вашингтон құны 200 миллиард долларды құрайтын қытай өнімдеріне 10 пайыздық алым енгізді. Дональд Трамп тағы 267 миллиард доллардың тауары кезекте тұрғанын ескертті, Қытай жауапты шара қабылдамаса, олар да бастапқының күйін кешпек.

Қытай билігі елге кіретін америкалық өнімдерге тарифты көтеруге уәде берген еді, бірақ олар 60 миллиард долларға ғана өсірмек. Егер Трамп қаһарынан қайтпаса, қытай өнімі үшін импорттық тариф өсімі 500 миллиард доллардан аспақ.

ДОНАЛЬД ТРАМП НЕ ІСТЕДІ?

Дүйсенбі күні Трамп әкімшілігі қыркүйектің 24-інен бастап жалпы құны 200 миллиард долларды құрайтын қытай тауарына импорттық тарифті өсіретінін мәлімдеген. Тариф мөлшері – 10 пайыз, бірақ ол 2019 жылы 25 пайызға дейін өсуі мүмкін.

Жаңа тарифке енген тауарлардың бастапқы тізімінен велосипед шлемі мен балалар қауіпсіздігіне қатысты басқа да заттар алынып тасталды. Оған қоса, өндіріс тізбегі қытай жабдықтаушыларға қатты тәуелді электронды өнімдер – мысалы, Apple және Fitbit америкалық маркаларының фитнес-білезігі сияқты заттар тізімге кірмеді.

Пекиндегі автосалон. АҚШ-пен сауда соғысы Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан автокөлік өнеркәсібіне кері әсер етуі мүмкін.
Пекиндегі автосалон. АҚШ-пен сауда соғысы Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан автокөлік өнеркәсібіне кері әсер етуі мүмкін.

Биыл жазда Вашингтон Қытайдан келетін тауар үшін тарифті көтерген: 800 астам өнімге 25 пайыздық баж салығы енгізілген, оның ішінде 50 миллиард долларды құрайтын автокөліктер бар. Қытай дәл осындай сомаға америкалық 659 тауарға тариф енгізіп, жауап қатқан.

Вашингтонның қазіргі шешімі күшіне енген соң тарифтік шектеу Қытайдан келген америкалық импорттың жартысына жуығына ықпал етпек, оның көлемі 506 миллиард долларды құрайды.

НЕГЕ ОЛАЙ ІСТЕДІ?

Вашингтон Қытаймен арадағы сауда саясатының әділетсіз екені туралы шағымды бұрыннан айтып келеді.

"...Қытай көптеген жылдар бойы АҚШ-пен сауда жасасудың пайдасын көрді. Олар бұны тоқтататын жалғыз адам – мен екенімді біледі. Егер біздің фермерлер, ранчо қожайындары және/немесе өнеркәсіп жұмысшылары жапа шексе, Қытай жазасыз қалмайды, үлкен әрі жылдам экономикалық соққы алады!" деп жазды Трамп Twitter-парақшасында.

АҚШ өкілдері Қытайдың "Made in China 2025" ресми экономикалық даму бағдарламасы туралы айтады. Онда ақпараттық технология, робототехника, электромобильдер өндіру, аэроғарыш техникасы, биофармацевтика тәрізді салаларда өз өндіруші компанияларын құру қарастырылған.

АҚШ-тың пікірінше, Қытай өз нарығынан америкалық фирмаларды ығыстыру саясатын жүргізіп жатыр. Америкалық сауда министрлігі дерегі бойынша, бұл мақсатына жету үшін Қытай түрлі әдісті қолданып жатыр: Қытайда жұмыс істейтін америкалық фирмаларға қысым жасап, оларды технологиямен "бөлісуге" мәжбүрлемек, өнеркәсіптік тыңшылық орнатқан, тіпті ашық ұрлау да бар.

Телекоммуникация саласында жұмыс істеген ең ірі қытай компанияларының бірі - ZTE Corporation-нің күйреуі Пекиннің өз күшіне сүйену туралы ниетін күшейте түсті. АҚШ фирмаға 7 жыл бойы технологиялық құрамдас бөлшектер сатуға тыйым салды, енді ZTE Corporation жабылатын тәрізді. "Әділетсіз бәсекелестік жүргізді" деп айыпталған ZTЕ компаниясы 1 миллиард доллар көлемінде айыппұл төледі және топ-менеджментін толықтай ауыстырды.

Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Citigroup экономикалық сарапшысы Лю Ганьлю "Қытай басшылығы елде маңызды технологиялардың тапшы екенін мойындайды, сондықтан "Made in China 2025" басым мақсат деп танылды" дейді.

ПЕКИННІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қытац сауда министрлігі "заңды құқығымызды және мүддемізді сауда еркіндігі туралы халықаралық келісімдерге сай қорғаймыз" деп мәлімдеді. Тамыз айында Пекин сомасы 60 миллиард долларды құрайтын америкалық өнімнің жаңа тізімін жариялады, оның ішінде сұйытылған газдан бастап авиациялық техниканың бірқатар үлгілері бар. Трамптың жаңа жарлығы күшіне енсе, осы тауарлар үшін импорттық тариф бағасы өседі.

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, қараша, 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, қараша, 2017 жыл.

Сарапшылар болса Қытай мен АҚШ-тың жағдайы тең емес дейді, Америкаға баратын қытай экспортының көлемі қарсы бағыттағы тауар айналымынан әлдеқайда көп. Мэриленд штаты университетінің экономика профессоры Питер Морисидің айтуынша, Вашингтонның бұрынғы сауда соғысынан Қытай айтарлықтай зиян шеккен жоқ.

- Қытай билігінің Трамптың шарасына қарсы жауап беруге мүмкіндігі бар, мысалы, олар өз валютасының бағамын өзгерте салады. Американың сауда санкциясының бірінші айналымында 25 пайыздық тариф енгізілді, Қытай экономикасы одан жапа шекпеді. Енді 10 пайыздық тарифтен бастамақ, бұл жолы да Пекин алаңдай қоймас, - дейді Мориси.

Бірақ кей сарапшылар бұған келіспейді. Рейтер агенттігі Oxford Economics сарапшыларының пікірін келтірген, олар АҚШ-пен арадағы сауда соғысы Қытай экономикасына ықпал етеді, оның жылдық өсімі 6 пайызға кемиді деп санайды. (Биыл екінші тоқсанда Қытайдың жалпы ішкі өнімі былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен).

Бұл әрине, апатты жағдай емес, бірақ экономикалық өсім қарқыны өте жоғары Қытай үшін айтарлықтай төмендеу саналады. Қытай үкіметінің жетекшісі Ли Кецян мемлекеттің "валютаның бәсекелес девальвациясына" араласпайтынын мәлімдеді, яғни, экспортты күшейту үшін қаржы бірлігін құнсыздандырып, экономикалық бәсекелестермен жарыспаймыз деді ол.

КІМДЕР ЖАПА ШЕГЕДІ?

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынан ең алдымен америкалық соя бұршағын өндірушілер, сондай-ақ Қытайда өндірілетін және "Трамп тізіміне" енген соңғы өнімге арнап бөлшектер мен құрамдастар дайындайтын компаниялар жапа шекпек.

Merrill Lynch сарапшылары шиеленіс неғұрлым ұзаққа созылса, америкалық экономика соғұрлым жапа шегеді деп болжайды. Олардың пікірінше, бұрыннан қалыптасқан өндірістік байланыс пен тізбекті бұзу бірқатар салада бизнеске деген сенімді жояды, тіпті "экономиканы толық ауқымды рецессияға итермелеуі" мүмкін.

Oxford Economics сарапшылары былай дейді: "Уақыт өте келе, АҚШ экономикасына сауда соғысының ықпалы байқалған сайын шиеленіс деэскалациясы күшейе бермек. Бұл Трамп әкімшілігін жауласу ниетінен біраз жуасытады. Ал Қытай болса өзіндік экономика үлгісіне өзгерістер енгізіп, икемге келмесе, әлемдік экономикаға кірігу қиындайтынын түсінеді".

АҚШ-тан әкелінген киімдер сатылатын дүкеннің қасында отырған адамдар. Пекин, 23 наурыз 2018 жыл.
АҚШ-тан әкелінген киімдер сатылатын дүкеннің қасында отырған адамдар. Пекин, 23 наурыз 2018 жыл.

Бұл ойынға басқа да ғаламдық ойыншылар қосылатын тәрізді. Еуропалық Одақтың сауда палатасы (EUCC) қыркүйектің 18-і күні мәлімдеме жасап, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық шиеленіс еуропалық компанияларға зиян келтіріп, халықаралық өндіріс байланыстарын бұзатынын ескертті.

EUCC жүргізген сауалнамаға қатысқандардың 54 пайызы АҚШ енгізген жаңа тарифты мақұлдамайды. 43 пайызы Қытай тарифіне теріс қарайды. "Америка-қытай сауда соғысы еуропалық компанияларға айтарлықтай теріс ықпал етеді", - дейді EUCC жетекшісі Матс Харборн.

АРЫ ҚАРАЙ НЕ БОЛМАҚ?

South China Morning Post басылымы сауда келіссөзінің жаңа айналымына қатысу үшін Қытайдың Вашингтонға делегация жіберетінін жазыпты. Бірақ сарапшылар екі тарап та беріле қоймайды деп отыр.

Қытайдағы Америка сауда палатасы Вашингтон мен Пекинді сауда соғысын аяқтау шарттары туралы келісуге шақырды. Ұйым басшысы Уильям Зарит "Вашингтон қанша дәмеленгенімен Қытай қырсыққанын қоймайды. Алдағы уақытта шиеленіс шешімін табады деп ойламаймын" деді.

Қытайдың құнды қағаздар жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Фан Синхайдың пікірі мынандай: "Президент Трамп – айтқанынан қайтпайтын бизнесмен, ол Қытайды көндіру үшін қысым жасайды. Бірақ Қытай ондай әдіске берілмейді".

Мэриленд университетінің профессоры Питер Мориси пат жағдайы орнайды, Трамп әкімшілігінің тариф саясаты нәтиже бермейді деп санайды. "Трамптың бір ерекшелігі – оның іс-әрекетін болжау қиын. Бірақ Қытайға тарифке қатысты жоспарын айтып, ойлануға уақыт берді. Тарифтерді біртіндеп көтерудің нәтижесі болмайды" дейді ол.

(Энтони Весоловски мен Ярослав Шимовтың мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG