Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында көшіп келушілер қазақ тілін ортадан жоғары – В2 деңгейінде білуі тиіс. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі Азаттық сауалына жауабында мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлескен бұйрық жобасына өзгеріс енгізіп, тілді білу деңгейін ортадан жоғары – В2 деңгейі шеңберінде кемінде 70% көлемінде белгілеуді ұсынды. Бұл бұйрық жобасы қабылданды", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Азаттыққа.
Қазақстан аумағында тұрақты тұруға ниетті шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау туралы ереже 2026 жылғы 1 ақпанда енгізілген. Пилоттық жобада көшіп келушілер үшін қазақ тілін қарапайым - A1 деңгейінде білу жеткілікті болған. Бұл жөнінде бірлескен бұйрықты 2026 жылғы қаңтарда Қазақстандағы үш мекеме - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері қабылдаған.
ІІМ ақпаратына сәйкес содан бері қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын "ҚАЗТЕСТ" жүйесінде ықтиярхат алуға өтініш бергендерге 4 рет тест өткізіліп, оған 2802 адам қатысқан. Оның ішінде 1714 адам сертификат алған. Министрлік бұл азаматтардың қаншасы қай елден екенін жіктеп көрсетпеді.
Тіл деңгейін анықтау бойынша тест онлайн өтеді, ол тыңдалым (20 тапсырмаға 20 минут) және оқылым (40 тапсырмаға 50 минут) деген екі бөліктен тұрады. Мүгедектігі бар адамдар өтініш берген кезде жеке көмекшінің немесе ымдау тілі маманының қызметін пайдалану қажеттігін көрсетеді және оларға 40 минут қосымша уақыт беріледі.
Пилоттық жоба ережесіне сай, Қазақстанға тұрақты тұруға келген шетелдіктер migration.enbek.kz платформасында тестілеуден, сауалнамадан және әңгімелесуден өтеді.
Бұған дейін ресейлік БАҚ және сол елден келген азаматтар Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу күрделенгені туралы мәселе көтерген . Онда қазақ тілінде тест тапсыру талабымен қатар келген елден сұралатын құжаттар қосылғанын, үміткердің жасы, қай мамандық иесі және денсаулығы да бағаланатыны да айтылған.
Ішкі істер министрлігі Азаттық радиосына берген ресми жауабында ресейліктерден "кету парағы" талап етілмейтінін атап өтті.
"[Құжатты] алу мүмкіндігі елдің заңнамасында көзделмесе және уәкілетті органның атына шет мемлекет тарапынан растау болса, мұндай құжаттарды ұсыну талап етілмейді", – дейді ІІМ орынбасары Айдар Сайтбеков.
Оның сөзінше, бұл өзгеріс тіл туралы талап деңгейі өзгертілген бұйрық аясында енгізілген.
Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін жарамды пилоттық жоба Қазақстанға оралатын қандастар мәселесін де қамтиды. Биыл ақпанда көші-қон ісімен айналысатын сарапшылар жаңа талаптар аясында проблема туындағанына шағымданған. Олардың сөзінше, қандас мәртебесін алғысы келетін адам өтелмеген соттылығы жоқ екенін дәлелдейтін құжат сұралады. Бірақ Қытайдан "соттылығы жоқ" деген құжат алу қиын және "мүмкін емесі" айтылған. Пилоттық жобаға дейінгі ережеге сәйкес, Қазақстан бұған түсіністікпен қарап, тек Қытайдан келетін қандастардан бұл құжатты сұратпаған еді.