Accessibility links

Иран мен АҚШ бір-біріне соққы жасады

Америка әскерінің Иранға жасалған соққы туралы видеосының скриншоты. 26 маусым 2026 жыл.
Америка әскерінің Иранға жасалған соққы туралы видеосының скриншоты. 26 маусым 2026 жыл.

АҚШ-тың орталық қолбасшылығы Иранның Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне қатысты "агрессиясы жалғасып жатқан шақта" Иран аумағындағы он шақты нысанға соққы жасағаны мәлімдеді.

Соққы негізінен әскери техника жиналған жер, байланыс жүйелері, әуе қорғаныс нысандары, ирандық дрон қоймалары мен теңіз минасы қондырғыларына арналған жабдықтарға жасалған деп айтылады.

Америка әскерінің мәлімдеуінше, алдыңғы соққыдан кейін Иранға "атысты тоқтату туралы келісімнің шарттарын орындау мүмкіндігі" берілген, алайда Иран күштері Ормуз бұғазына жақын жерде Панама туын ілген танкерді дронмен соққылаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде мұны атысты тоқтату режимін "бірнеше рет бұзған" Иранның әрекетіне жауап деп атады.

"Оларға бәлкім, бұл мүлде сабақ та болмауы мүмкін! Бәлкім, біздің шыдамымыз таусылып, өзіміз бастаған жұмысты соңына дейін аяқтауға мәжбүр болатын шығармыз. Ол кезде Иран ислам республикасы жойылады" деп жазды Трамп.

Иран ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-тың түнгі шабуылына жауап ретінде жексенбіге қараған түні АҚШ-тың Кувейт пен Бахрейндегі әскери базаларына соққы жасады. Бұл жөнінде Иранның мемлекеттік Tasnim агенттігіне сүйенген Reuters жазды. Шабуылға ракеталар мен дрондар қатысқан.

Иран ислам революциясы сақшылар корпусының тұжырымдауынша, соның салдарынан АҚШ-тың Кувейт пен Бахрейндегі әскери инфрақұрылымына тиесілі “8 маңызды нысан жойылған”.

Бұл бір тәулік ішіндегі екінші соққы: 27 маусымға қараған түні Америка әскері Иранның ракета және дрон, жағалаудағы радиолокациялық станцияларға соққы жасағаны белгілі болды. Бұған жауап ретінде Иран да Американың Таяу Шығыстағы базаларын атқылады.

Тараптар бір-бірін атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады. 25 маусымда Ормуз бұғазында Сингапур туын ілген Ever Lovely жүк кемесіне жасалған шабуылдан кейін тараптар арасында жағдай ушыққан.

Бұл оқиға Иран, АҚШ және олардың одақтастарының атысты тоқтату келісімі аясында Ормуз бұғазын ашу туралы келісімді тәпсірлеуде әлі де қайшылықтар барын айғақтайды. Иран бұғаздан өтетін кемелер сапарларын Тегеранмен келісуі керек деп санайды. Қазіргі кезде Иран ол үшін жарна алмайды, бірақ болашақта мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал бұл шарттарға келіспеген кемелердің қауіпсіздігіне Иран кепілдік бермейді.

АҚШ және Парсы шығанағының алты мемлекеті жұма күні Иранның әрекетін айыптап, Ормуз бұғазы арқылы өтуге ақы алынуына жол бермейтінін мәлімдеді. Мәлімдеме авторлары бұғаздан өту «еркін, шартсыз және шектеусіз» болуы керек деді. Ал бұған реакция білдірген Иранның сыртқы істер министрлігі бұғаздан Тегеранның "келісімінсіз" өту мүмкін еместігін мәлімдеді.

АҚШ пен Израильдің 28 ақпан күнгі соққысынан кейін Иран іс жүзінде Ормуз бұғазын жапқан. Ал АҚШ Иранның порттарына тосқауыл қойғанын айтты. Маусымның ортасында қол қойылған меморандумның шартына сәйкес, Ормуз бұғазы кемінде 60 күнде ашылуы керек, бұл уақытта түпкілікті келісім бойынша келіссөз жүрмек. Ал одан кейін не болатыны жөнінде тараптар әзірге келіспеді. Бұғаздың стратегиялық маңызы зор, себебі Парсы шығанағында өндірілетін мұнайдың басым бөлігі сол арқылы халықаралық нарыққа жол тартады.

Айдар
XS
SM
MD
LG