Accessibility links

Қаза тапқандар саны сегізге жетті. Тегеран түрмесіндегі өрт туралы әзірге не белгілі?


Эвин түрмесінен шыққан түтін. Әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот. 15 қазан 2022 жыл.
Эвин түрмесінен шыққан түтін. Әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот. 15 қазан 2022 жыл.

Дүйсенбі, 17 қазан күні Иран билігі Тегерандағы атышулы Эвин түрмесіндегі өрттен қаза тапқандар саны сегізге жетті деп хабарлады. Түрме 16 қазанға қараған түні елді наразылық жайлаған тұста өртке оранған.

Түрмедегі өрттің егжей-тегжейі әлі де шектеулі. Иранның сот билігіне қарасты "Мизан" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, түрмедеген өрт кезінде алған жарақаттарынан көз жұмған, олардың бәрі ұрлық айыбымен сотталған адамдар. Агенттік өрт "қамаудағылар арасындағы қақтығыстан туды дейді, бірақ ешқандай дәлел келтіре қоймады. Шетелде жүрген ирандық белсенділер биліктің бұл сөзіне күмәнмен қарайтынын айтады.

Елде қыркүйектің ортасынан бері наразылық тоқтамай келеді. Полиция 22 жастағы құқық қорғаушы Махса Аминиді "хиджаб кию нормасын сақтамағаны үшін" ұстап әкетіп, құқық қорғаушы қамаудан тірі шықпаған. Туыстары марқұмның денесінде азаптаудың іздері барын айтқан. Бұл жайт елде наразылық тудырып, көше шыққан халық полиция озбырлығын доғаруды, Иранды демократияландыруды, үкіметті отставкаға жіберуді талап етті.

Эвин түрмесі саяси тұтқындар мен ел қауіпсіздігіне қатер төндірді деп айыпталғандар отыратын жазалау мекемесі саналады. Олардың арасында қос азаматтығы бар адамдар көп. Бұл түрмеден адам құқығының бұзылғаны туралы шағымдар көп түседі. 2018 жылы АҚШ үкіметі бұл түрмені "адам құқықтарын өрескел бұзғаны үшін қара тізімге енгізген.

Билік түрмедегі өрттің елдегі наразылыққа қатысы жоқ деп мәлімдеп отыр. Жексенбі, 16 қыркүйек күні мемлекеттік телеарна өрттің тігін шеберханасынан шыққанын, оған қамаудағылар арасындағы қақтығыс түрткі болғанын хабарлады.

Ал әлеуметтік желілерде түрме маңынан атыс пен жарылыстың дауысы естілетін видеолар тарады. Бұл видеолардың рас-өтірігін тәуелсіз жолмен дәлелдеу мүмкін болмай отыр. Алайда осы Эвин түрмесінде жаза өтеген құқық қорғаушы Атена Даеми күн батқанда шеберханалардың жабылатынын жазды.

Билік өрттің бірнеше сағаттан кейін сөндірілгенін, түрмеден ешкімнің қашып кетпегенін хабарлады.

НАРАЗЫЛЫҚТЫ КҮШПЕН БАСУ

АҚШ президенті Джо Байденнен Тегеран түрмесіндегі өрт туралы сұрағанда ол Ирандағы наразылардың батылдығына таңғалғанын айтты. Осыған дейін ол Иранды "өз азаматтарын негізгі құқығын қолданғанына бола басып-жаншуды доғаруға" шақырған.

Иран президенті Ибрахим Раиси болса "Байден бүлікке, террорға айтақтап отыр..." деп Иран көсемі Аятолла Хомейнидің "АҚШ – үлкен шайтан" деген сөзін еске салды.

Франция сыртқы істер министрі Эвин түрмесінде "бірқатар Франция азаматының жосықсыз қамауда отырғанын", ондағы жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.

Иран билігі наразылықты күшпен басып келеді. Құқық қорғау ұйымдары наразылық кезінде кемі 240 адам қаза тапқанын, оның 32-сі кәмелетке толмаған бала екенін мәлімдеді. Ирандағы HRANA ақпарат агенттігі сенбі күні наразылық кезінде 111 қалада барлығы 8000 адам ұсталғанын хабарлады. Иран билігі қаза тапқандар жөнінде ақпарат жарияламай отыр.

Көшеге шыққандарды басып-жаншу кезінде жас қыздардың қаза табуы наразылықты одан әрі күшейтіп отыр.

Иран билігі шерушілерді өлтіргенін жоққа шығарады, бүкіл айыпты елдің сыртындағы және ішіндегі "жауларына" тағады. Сенбі күні мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы "бүлікшілер" құқық қорғау органдарының 26 қызметкерін өлтірді деп хабарлады.

Қазіргі наразылық 1979 жылғы революциядан кейінгі ең үлкен толқулардың бірі деп бағаланып отыр.

Иран – ең қатты оқшауланған елдердің бірі. Батыс елдерін жау санайтын бұл мемлекеттен адам құқықтарын өрескел бұзу фактілері туралы шағымдар жиі түседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG