Accessibility links

Желіде талқыланған Иранның 39 жылдық бейнесі


Көлік күтіп тұрған адамдар. Тегеран. 7 ақпан, 2018 жыл. (Көрнекі сурет).

Билік ислам революциясының 39 жылдығын мерекелеп жатқанда ирандықтар әлеуметтік желі арқылы төңкерісте неден ұтып, неден ұтылғанын талқылады.

Бүгін Иран билігі ислам революциясының 39 жылдығын мерекелеп жатыр. 1979 ақпанның 1-інде революция көсемі 80 жастағы имам Хомейни 15 жылдық эмиграциядан, Парижден Тегеранға оралады. 11 ақпанда әскердің бейтараптығын жариялауы бұл күннің ислам революциясы жеңісі күні ретінде белгіленуіне себеп болады. Наурыз айында референдум өтіп, ел сол кездегі басшылықтағы саясаткерлер арасында даулы болған ислам республикасына дауыс береді. Желтоқсанда конституция қабылданып, содан бастап Иран заңдары мен заңнамалары исламдық канонға негізделеді.

«КЕТКЕНДЕР МЕН КЕЛГЕНДЕР»

Иран-Ирак соғысынан (1980-1988) кейін ел ішінде билікке қарсы бірнеше толқу болды. Оның соңғысы өткен желтоқсанның соңы-қаңтардың басында жаппай халық наразылығы сипатында өрбіді. Ал қаңтардың соңынан бастап көпшілік әлеуметтік желіде, әсіресе twitter беттерінде «неден айрылдық_неге кенелдік» #چی_دادیم_چی_گرفتیم хэштегімен революциядан кейінгі елдегі жағдайға баға бере бастады. Қолданушылар саясат, экономика, мәдениет, экология, оқу-білім және әлеуметтік мәселелерді салыстыруға тырысқан. Желідегі пікірлерде көбінесе соңғы 39 жылдағы ахуал сыналады. Дегенмен оларға қарсы осы аралықта жеткен жетістіктерді атап көрсетуге тырысқандар да бар.

Ислам революциясын қолдайтындығын білдіріп көшеге шыққан бір топ ирандық. Ақпан, 1979 жыл.
Ислам революциясын қолдайтындығын білдіріп көшеге шыққан бір топ ирандық. Ақпан, 1979 жыл.

Саяси тақырыптардың ішінде елдің саяси жүйесі, қазіргі исламдық респбулика мен одан бұрынғы монархия кезеңіндегі жағдайларды салыстыруға тырысқан қолданушылар байқалды. Елдің революциядан қатты үміттенгенін айтып, алайда оны билік теріс мақсатқа пайдаланып кетті деушілер де болды. Мәселен, қолданушының бірі оған «ұрланған халық революциясы» деп баға береді. Қолданушылардың бірі «Төңкеріс деп жүріп ғарыштан жерге жеттік. Халқымыз өзіне өзі қол жұмсады» дейді. Қолданушылардың тағы бірі Хафиз өлеңінің мақамына салып «40 жыл бұрын дию сыртқа кетіп, періште келуі керек еді. Сондағымыз өлім періштесі ме еді?» дейді.

Тағы бір қолданушы «Шах өз кезіндегі ең жетілген жойғыш ұшақтарды сатып алғанда, діни жетекшілер ел байлығын желге шашып, жыртық темірді қайтеміз деп еді. Қазір олардың өзі мемлекеттің мұнайын арзандатып Ресейге бермек те, олардың артта қалған жыртық темірін сатып алмақшы. Елге осынша нұқсан келтіргенше, өлсейші?» деп жазған.

Желі қолданушылары Иранның қазіргі сыртқы саясатын да сынап өткен. Олардың бірі революциядан кейінгі эмиграцияға кеткендер мен билікке келгендерді айтып былай деп жазған: «Ираннан кеткен адам ирандық еді, Иранды сүйетін еді. Келген адам Ливанды сүйеді, Палестина мен Иракты сүйеді. Кеткендер мен келгендердің кесірінен Иран ойран болды».

«ӘЙЕЛДЕР СИЯҚТЫ ЕР БОЛСАМ ҒОЙ»

Қазіргі Иранның исламдық келбетін сынап жазғандардың бірінің жазуынша, «Ел билігінің міндеті – халықты бейішке апару емес. Қайта міндет – ел байлығын дұрыстап игеріп, кедейшіліктен аршып, азаматтардың игілігін арттыру ғой». Тағы бір қолданушы өзі ес білгелі көрген елдегі жағдайдың мәз еместігін былайша бейнелейді: «Бүгін – менің туған күнім, 33 жасқа толдым. Алайда 33 жылым тоналғандай күй кешіп отырмын. Қандай аянышты?!»

Әлеуметтік мәселеге назар аударғандардың бірі дінбасылардың үздік аурухана мен дәрігерге қаралатынын, ал қарапайым халыққа «өтірік имамзада-әулиенің басына барыңдар» дегенін сынайды.

Тәжікстан Наурыз мерекесінің алдында тойланатын отқа табынушылардың «сәде» (жүздік) мерекесін жаңғырта бастаған еді. Бұл ирантілдес халықтардың исламға дейінгі дәуірдегі ортақ мерекесі саналады. Осыған да назар аударған қолданушылардың бірі: «Шынымен, біз, ирандықтар бақытсыз екенбіз ғой. Бәрінен айрылдық. Мысал үшін «сәде» мерекесінен айрылдық та оның орнына ондаған аза тұту рәсімдерін қабылдадық» деп жазады.

Қолданушы жүздеген жылдар бұрынғы имамдардың қаза тапқан күндері Иранда әлі де құдды кешегідей аза тұту, жоқтау рәсімдерімен өткерілетінін айтып, оған өзінің наразылығын білдіріп отыр.

​Иранда ислам революциясынан кейінгі бірнеше айда еркін болған әйелдерге кейіннен хиджаб, орамал тағу міндеттелді. Желіде осы мәселені сынағандардың бірі «Шаштан айрылып, орамалға кенелдік. Азаттықтан айрылып, желкелеуге кенелдік» деп жазған. Жалпы парсытілдес әлеуметтік желіде орамалға қарсы қозғалыс науқанға айналғалы біраз болған.

Наразылық шеруі кезіндегі Вида Мовахедтің акциясы. Тегеран. 27 ;елтоқсан, 2017 жыл.
Наразылық шеруі кезіндегі Вида Мовахедтің акциясы. Тегеран. 27 ;елтоқсан, 2017 жыл.

Әсіресе, соңғы толқу кезінде Тегеранда ақ орамалын таяқтың басына байлап үнсіз бұлғап тұрған 31 жастағы Вида Мовахед бастаған «Эңғелаб көшесі әйелдері» акциясын қазір тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да жалғастырып әкеткен. Сондайда желіге пікір қалдырғандардың бірі «Шіркін-ай, «Эңғелаб» көшесі әйелдері» сияқты ер болсам екен-ау» деп жазған.

ЭКОЛОГИЯ

Экологиялық мәселені айтқан қолданушылар елдегі құрғақшылық пен ауаның ластануына назар аударған. Сондайда желіден «70 мың жыл тұрған Урумие көлі соңғы бірнеше жылда набыт болды», «Суға толы Урумие, Зайендеруд, Каруннан айрылдық – құрғақшылыққа кенелдік», «Тегеран – әлемдегі бесінші таза астана еді» деген пікірлерді оқуға болады. Мұндайда Зайендеруд, Карун өзендерінің жағдайы және ауасы жағынан әлемдегі ең астаналардың біріне айналған Тегеранның экологиясы сөз болады.

Зайендеруд өзені. Исфахан.
Зайендеруд өзені. Исфахан.

Иран орталығынан ағып өтетін Зайендеруд суы соңғы жылдары Исфахан тұсында құрғап, бұрынғы арнасының деңгейіне жетпей қалып жүр. Жергілікті дінбасылардың бірі оны әйелдердің хиджабқа қарсылығынан туындаған зауал деп бағалаған кездері болды.

Қолданушылардың тағы бірі «Зайендеруд, Урумиеден айрылдық – құйынға кенелдік», «Хузистаннан айрылдық – құмстанға кенелдік» деп жазады. Олардың меңзеп отырғаны - соңғы жылдары Иран батысындағы Хузистан провинциясында құмды боран жиі соғатын болған. Парсы шығанағындағы осы провинцияның аумағында Иран-Ирак соғысы кезінде химиялық қару қолданылып, бір кездегі құнарлы топырақ күлге айналып кеткен.

«ТОҚТАМАЙТЫН ПОЙЫЗ»

Желіден Иранның соңғы 39 жыл ішіндегі жетістігін тізбелеуге тырысқан пікірлерді де байқауға болады. «45 жыл бұрын Бахрейн Иранға қарайтын. Сол кезде Иран барған сайын кішірейіп бара жатқан еді. Қазір құдайға шүкір, 40 жылдан бері Иранның аумақтық тұтастығына ешкім қол сұқпады», «39 жылдан бері ислам революциясы пойызы жылдам жүріп келеді. Кейбір адамдар бұл пойыздан түсіп те қалды. Алайда жолаушының көбі ешқашан тоқтамайтын пойызда келе жатыр» деген сарындағы пікірлер – соның көрінісі.

Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында статистика келтіріп, бұрынғы және қазіргі Ирандағы спорт жетістігін, әйелдер арасындағы білім деңгейін салыстырып көрсетуге де тырысатындар бар. Сондай қолданушының бірі былай дейді: «Бұрынғы билік кезінде Иранда ең құрығанда бір де бір дербес компьютер болмаған еді. Ислам республикасы берекесінің арқасында қазір 10 миллионнан астам адам өз компьютеріне ие болды».

Сонымен бірге «Бір ұры кетіп, екінші ұры келді» деп монархиялық жүйе мен қазіргі режимді қатар сынайтындар да кездеседі.

Жер көлемі жағынан әлемде 17-орынға ие Ирандағы халық саны 80 миллионнан асады. 1979 жылдан бері халық саны екі еседен асты деп есептеледі.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG