Accessibility links

Желіні "жау" көрген Иран шетелдік БАҚ-қа шүйлікпеді


Әлеуметтік желідегі парақшасы ашылмай қалғанын көрсетіп тұрған қолданушы. Тегеран, 2 қаңтар 2018 жыл.
Әлеуметтік желідегі парақшасы ашылмай қалғанын көрсетіп тұрған қолданушы. Тегеран, 2 қаңтар 2018 жыл.

Толқудан кейін Иран билігі әлеуметтік желі мен мессенджерлерді бақылауды күшейту амалдарын қарастырып жатыр. Бұрынғы наразылықтарда үнемі шетел баспасөзін кінәлап келген идеологтар бұл жолы оны ұмытып, әлеуметтік желіден "жау" бейнесін іздестіре бастады.

ЖЕЛІНІ БҰҒАТТАП ЕДІ, САНКЦИЯ ДА ҰЛҒАЙДЫ

Иранда желтоқсан айының соңы – қаңтардың басында бас-аяғы 10 күндей уақытқа созылған, экономикалық талаппен басталып, саяси ұрандарға ұласқан, 100-ден астам қалада болған, 20-дан аса адам қаза тауып, мыңдаған азамат қамауға алынған халық толқуы кезінде елдегі әлеуметтік желілер бұғатталды. Әсіресе, Instagram және Telegram желілері Иранда белсенді пайдаланылатындықтан, бірден бұғатқа түсті. Бұл желілер тек толқу басылған соң ғана Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып табылатын президент Хассан Роуханидың бұйрығымен бұғаттан босатылды. Роуханидың бұл әрекетін ел прокурорының орынбасары Абдуссамад Хуррамабади "заңға қайшы" деп бағалады.

Ирандағы толқу мен толқу кезіндегі Иран басшыларының әрекеті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде де талқыға түсіп, оған мүше елдер әртүрлі баға берді. Кеңеске мүше елдердің көпшілігі Ирандағы адам құқықтарын қорғауға қолдау танытса, Франция, Қытай, Швеция және тағы бірқатар елдер Ирандағы жағдайды БҰҰ-да талқылаудың қисынына күмән келтірді. Ресей мен Иран "Қауіпсіздік кеңесін Иранның ішкі мәселесін талқылауға араластыруға әрекет жасап отыр" деп АҚШ-ты айыптады. АҚШ болса, адам құқығын аяқасты еткені үшін Иранға ескерту жасап, наразылыққа шыққан адамдарға қолдау білдірді. Соңынан АҚШ қаржы министрлігі Иранға халықаралық терроризмді қаржыландырғаны және адам құқықтарын бұзғаны үшін салынған санкцияны ұлғайтты.

ВИДЕО: Иранның Ахваз қаласындағы наразылық (2 қаңтар 2018 ж.)

АҚШ үкіметі бұрынғы санкциялық тізімге бұл жолы Иранның 15 жеке және заңды тұлғасын қосымша енгізді. Олардың арасында Иран жоғарғы сотының төрағасы аятолла Садық Лариджани да бар. Ол өзінің осы санкцияға түскенін "мақтан тұтатынын" мәлімдеді. Бұған қоса ислам революциясы сақшылар корпусының кибер-қорғау орталығы да осы санкция тізіміне алынды.

Оқи отырыңыз: Ирандағы наразылар кімдер?

ІШКІ ҚОЛДАНУШЫЛАР МЕН "СЫРТҚЫ ЖАУ"

Толқу басталғанда оны елемей, шағын топтардың болымсыз әрекеті ретінде көрсетуге тырысқан Иран билігі мыңдаған адамды қамап тастады. Қоғамды осылайша сезіктілерден аластаттық деп есептейтін билік енді толқудың себебін іздестіре бастады. Билік ондайда әлеуметтік желіні толқудың басты қоздырушысы ретінде танитынын ашық білдірді.

Тегеран көшесінде смартфоннан әлеуметтік желі ашылмай қалғанын көрсетіп тұрған қолданушы. Иран, 2 қаңтар 2018 жыл.
Тегеран көшесінде смартфоннан әлеуметтік желі ашылмай қалғанын көрсетіп тұрған қолданушы. Иран, 2 қаңтар 2018 жыл.

Бір қызығы – бұрынғы наразылық шаралары кезінде үнемі шетел БАҚ-ын кінәлап келген Иран бұл жолы салыстырмалы түрде сол әдетінен жаңылғандай әсер қалдырды. Ілгеріде толқулар сайын ел басшылары оны парсы тілінде хабар тарататын шетелдік БАҚ тұтатып отыр деп есептейтін. Ендігіде аятоллалардың айыптауы бойынша шетелдік БАҚ-тың әлеуметтік желіден кейінгі орынға ысырылғаны байқалды. Соңғы наразылық шарасы кезінде жұма намазында құтпа оқыған дінбасылар да әлеуметтік желіні кінәлай сөйлеп, оның "сервері сыртта емес, елдің ішінде болуы керектігі" жайлы айтып жатты.

23 қаңтарда елдің рухани жоғары басшысы Әли Хаменеи қатысқан Әлеуметтік желі жоғарғы кеңесінің жиыны болып, онда шетелдік мессенджерлердің орнына жергілікті желілерді қолдануды арттырып, бақылауды күшейту шаралары талқыланған. Иран жоғарғы сотының төрағасы Садық Лариджани осы жиыннан кейін қауіпсіздік мекемелерінің әлеуметтік желіге қарсы әрекет етуін өтінген. Лариджанидың айтуынша, қазіргі жағдайда әлеуметтік желінің "ішкі қолданушылары ислам республикасының дұшпандарымен және шетелдіктермен ынтымақтасып отыр".

Иран жоғарғы сотының төрағасы Садық Лариджани
Иран жоғарғы сотының төрағасы Садық Лариджани

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ "ҚҰТЫРҒАН ИТКЕ" ТЕҢЕДІ

Сараң тараған мәліметке қарағанда, президент Хассан Роухани төрағалық еткен Әлеуметтік желі жоғарғы кеңесінің жиыны бірнеше сағатқа созылған. Мәселен, конституциялық Қадағалау кеңесі мен Эксперттер кеңесінің басшысы аятолла Ахмад Жәннати бұл отырысқа "мамандардың" да қатысқанын, жиын қорытындысы бойынша "бір әрекет қолға алынатынын" хабарлаған. Әзірге оның қандай әрекет екендігі нақты айтылмайды. Әлеуметтік желіні "пәлекеттің көзі" деп атаған Жәннати "желілердің алдын бөгеу мүмкін емесін, алайда оның жылдамдығын төмендетуге болатынын" айтады. Оның айтуынша, тіпті "Қытай мен Жапония да әлеуметтік желіні ауыздықтап отыр, олай етпегенде, Ирандағыдан жүз есе жаман жағдай осы елдерде де болар еді".

Оқи отырыңыз: Иранда не болып жатыр?

Әлеуметтік желіге қарсы жиі үн қатып жүрген Эксперттер кеңесінің ресми өкілі, Тегеран жұма намазының имамы аятолла Ахмад Хатами 26 қаңтар күні "дұшпанның жаңа медианы теріс мақсатқа пайдаланатынын" айтып, "салауатты әлеуметтік желі" құру керектігіне тағы да тоқталды.

"Біз дұшпанның араласуынсыз ішкі мүмкіндікті пайдаланып, салауатты әлеуметтік желі құруға келісеміз. Алайда қазіргі жағдайға қарасақ, болуы керек деңгейден едәуір алшақ жатырмыз", - деген Ахмад Хатами.

Аятолла Ахмад Хатами. Тегеран, 5 қаңтар 2018 жыл.
Аятолла Ахмад Хатами. Тегеран, 5 қаңтар 2018 жыл.

Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын Фарда радиосының хабарлауынша, Ахмад Хатами, Макарем Ширази және тағы басқа консерватор саясаткерлер Telegram желісін бұғаттан босатуға қарсы болған. Әлеуметтік желіні "азғындықтың көзі" деп білетін Ахмад Хатами президент Хасан Роухани басқаратын үкіметтің Telegram желісін үнемі сүзгіден өткізіп ұстауға әзір болмағанын, ұлттық желіні тұтас ел бойынша тарататын деңгейге көтере алмай келе жатқанын да жиі сынап жүр. Бұған қоса Ахмад Хатами мемлекеттік арналардың біріне берген сұхбатында әлеуметтік желіні құтырған итке де теңеген. Хатамидың айтуынша, "құтырған итті босатып жіберсең, ол қайтадан қауып алады".

ЖЕРГІЛІКТІ ҚАУІП ПЕН МҮМКІНДІК

Мұның алдында Иран мәжілісінің 170 депутаты күштік құрылым тармақтарына хат жолдап, сыртқы мессенджерлерді ішкі мессенджерлермен алмастыру керектігін айтқан. Жоғары рухани басшы аятолла Әли Хаменеи де ілгеріде әлеуметтік желіні Иранға қарсы "атылып жатқан дұшпанның мыңдаған өтірікші зеңбірегіне" теңеген еді.

Тегеран университеті қалашығы ішіндегі наразылық акциясы. 30 желтоқсан 2017 жыл.
Тегеран университеті қалашығы ішіндегі наразылық акциясы. 30 желтоқсан 2017 жыл.

Кейбір даулы мәліметке қарағанда Instagram мен Telegram желілері Иранда бұғатталған кезде жергілікті Сруш мессенджерінің қолданушылары 1 миллион 700 мыңнан 3 миллионға дейін ұлғайғанға ұқсайды. Ал Telegram желісінің негізін салған Павел Дуров болса, таяу арада желіде ақпаратқа сүзгі қоюға мүмкіндік бермейтін тетіктердің іске қосылады деп мәлімдеген.

Иран үкіметі бірнеше жылдан бері ішкі мессенджерлерді дамытуды қолға алып, "ұлттық мәлімет желісі" жобасын құрған болатын. Алайда үкімет бақылауындағы желі сапасының төмен болуы үнемі сынға ұшырап келеді. Сынаушылар билік оны бақылау арқылы қолданушыларға қысым көрсетеді деп те алаңдайды.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG