Accessibility links

«Жүйрігімді Астана деп атамақпын» дейді Ирандағы қазақ


Иранда тұратын этникалық қазақ - Мехди Табынай.
Иранда тұратын этникалық қазақ - Мехди Табынай.

Иранда тұратын Мехди Табынай – жылқы ұстап, бәйгеге ат қосатын қазақтардың бірі. Ол сол елдегі қандастарының жүйрік баптауы туралы әңгімеледі.

Иранның Гүлстан провинциясы Бендер-Түркімен қаласында тұратын 33 жастағы Мехди Табынай – кезінде Маңғыстаудан ауып барған қазақтардың ұрпағы. Жасы 102-ге келген анасы, әйелі мен кішкентай екі баласы бар кәсіпкер жігіт ат баптау кәсібі емес құмар ісі екенін айтады.

Бәйгеге ат қосатын Иран қазағы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: – Ат баптаумен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

Мехди Табынай: – Төрт-бес жылдай болып қалды. Қаланың сыртында ат ұстайтын арнайы орынымыз бар. Сол жерде жем-шөбін беріп, бағып күтеміз. Демалыс күндері бала-шағамызбен барып серуендейміз. Ат жарысқа бала күнімнен қызығатынмын, бірақ мүмкіндік аз болды. Екі ағам мен екі інім бар – бірақ төртеуі де әзірге менің жылқыларымды қызықтаумен ғана жүр. Болашақта балаларымды ат ұстауға үйретсем деп жүрмін. Төрт жастағы ұлымды қазірден бастап атқа үйретіп жүрмін.

Мехди Табынайдың аттарының бірі.
Мехди Табынайдың аттарының бірі.

Азаттық: – Атты өзіңіз баптайсыз ба әлде көмекшілеріңіз бар ма?

Мехди Табынай: – Ирандағы қазақтардың арасында жүйрік ұстауды енді ғана қолға алып жатқандықтан бұл саладан мүлдем хабарсызбын. Білетін кісілер де жоқ. Мүлдем ұмытылған. Өйткені қазақтардың барлығы қалалы жерде тұратындықтан ат ұстауға мүмкіндік болмады. Оған қоса аталарымыз бұған дейін тек-сауда-саттықпен айналысып келді ғой. Сол себепті бұл саланы білетін қазақ жоқ. Мен тұратын қалада ескілікті білетін үлкен адамдар азайып кетті. Қазір ат баптау ісімен жергілікті түркімендер айналысады.

Азаттық: – Бендер-Түркіменнің негізгі тұрғындары – түркімендер ақалтеке жылқысын баптай ма, әлде басқа тұқымдар бар ма?

Мехди Табынай: – Ақалтекенің сыртқы келбеті жақсы болғанымен шаба алмайды ғой. Жүйрік емес. Сондықтан ағылшын текті жылқы ұстаймыз. Араб тұқымды жылқылар да бар. Жергілікті түркімендер де, парсылар да ағылшын текті жылқыларды ұстауды жөн көреді. Олардың бағасы да қымбат. Мен үш-төрт жылқым бар, алты айлық біреуін 10 мың долларға сатып алдым. Атын «Астана» деп қоймақшымын. Қазір Иранда жүйрік атқа қызығушылық артып келеді.

Мехди Табынайдың Мехраса есімді жүйрігі.
Мехди Табынайдың Мехраса есімді жүйрігі.

Азаттық: – Жүйрік ұстау сіз үшін кәсіп пе әлде ермек пе?

Мехди Табынай: – Жылқы ұстауды құмарлық деп есептеймін. Ал кәсібім – тоқыма өндіру және оны сату.

Азаттық: – Иранда сізден басқа атбегі қазақтар бар ма?

Мехди Табынай: – Иранда жылқымен айналысатын екі қазақ қана бармыз. Екінші қазақ бұрындары бәйгеге ат қосып жүретін. Бір жүйрігі төрт мәрте бәйге алған. Қазір бәйге аттарын қойып, ене жылқылар өсіре бастады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG