Accessibility links

«Әкемнен мұраға қалған жерім бар» дейді Ирандағы қазақ


Байділла Ескелдінің отбасымен бірге түскен суреті. Иран, Бендер-Түркімен қаласы.
Байділла Ескелдінің отбасымен бірге түскен суреті. Иран, Бендер-Түркімен қаласы.

Иранда тұрып жатқан этникалық қазақ азаматы ол жақтағы жерді жекеменшікке берудің жайын, бұл іске үкіметтің қалай араласатынын әңгімелеп берді.

Иранның Гүлстан провинциясы Бендер-Түркімен қаласының маңында тұратын этникалық қазақ Байділла Ескелді жер шаруашылығымен айналысады. Қазақстанда жуықта шыққан жер дауынан хабардар ол кісі Азаттыққа берген сұхбатында бұл оқиғаның себебіне қатысты пікірімен де бөлісті.

Иран қазағы Байділла Ескелді
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:32 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: – Сіздің егін шаруашылығымен айналысатыныңызды естідік. Жерді жалға алып пайдаланып жүрсіз бе әлде жекеменшік пе?​

Байділла Ескелді.
Байділла Ескелді.

Байділла Ескелді: – Менің әкем үш ағайынды адам болған. Кезінде үшеуі де жекеменшікке жер сатып алып, егіншілікпен айналысыпты. Қазір әкеден қалған кәсіпті мен жалғастырып жатырмын. Жер – әкемнен қалған мұра. Өзіме тиесілі 40 гектар жер бар. Соның 20 гектарына бидай, жартысына арпа ектік. Қазір бидайды орып өткіздік.

Азаттық: – Өнімді қайда өткіздіңіздер?

Байділла Ескелді: – Егін екпес бұрын үкіметпен келісімшартқа отырамыз. Мәселен, бидайдың келісін 1280 туманға (яғни 12 мың 800 риал немесе 0,4 доллар), арпаның келісін 1000 туманға (яғни 10 мың риал немесе 0,3 доллар) қабылдап алады. Бидайды орып, өткізгелі 15 күн болды. Үкімет қабылдап алғаннан кейін 10 күннің ішінде ақшамызды берді. Енді арпаны оруға кірісеміз. Қазір базарда Қазақстаннан жеткізілген арпа бар. Оның әр келісін 700 туманнан сатады. «Қазақтың арпасы» деп сатылатын ол арпа ирандық арпа тұқымымен салыстырғанда қатты болып келеді. Диірменге тарттырып, жем ретінде пайдаланамыз.

Ирандағы суғармалы жер. (Көрнекі сурет)
Ирандағы суғармалы жер. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – Тек бидай мен арпа ғана егесіздер ме?

Байділла Ескелді: – Бұрын әкелеріміз жерді тыңайту үшін бір жыл демалдыратын еді. Қазір ондай мүмкіншілік жоқ. Өйткені жерді демалдыратын болсақ, кірістен айрылып қаламыз. Сондықтан жерді тыңайту үшін бір жыл бидай ексек, келесі жылы мақта немесе басқа бір дақылдың тұқымын егеміз. Кей жылдары ұсақ тары егеміз. Тек жер шаруашылығымен айналысып қана қоймаймыз. Техникаларды оңдаумен де айналысамыз. Басқа да айналысатын қосымша кәсіптеріміз бар.

Азаттық: – Иранда сізден басқа жекеменшік жерлері бар, егін егетін қазақтар бар ма?

Байділла Ескелді: – Ағайынды үш жігіт жер шаруашылығымен айналысады.

Ирандағы қазақ қыз-келіншектер. Бендер-Түркімен қаласы, 1998 жыл. (Көрнекі сурет)
Ирандағы қазақ қыз-келіншектер. Бендер-Түркімен қаласы, 1998 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – Қазақстанда жуықта жерді сату мен шетелдіктерге жалға беруге қатысты дау туып, шерулер өтті. Жер иесі ретінде бұл мәселеге қатысты пікіріңіз қандай?

Байділла Ескелді: – Қазақстанда болып жатқан жағдайдан хабардармыз. Сіздерде жердің бәрі мемлекеттік меншікте ғой. Сол себепті дау туындап отыр. Ал бізде жердің барлығы жекеменшік болғандықтан шетелдіктерге жалға беру деген нәрсе қозғалған емес. Жер – халықтыкі. Өз арамыздан бір-бірімізге жалға да бере аламыз, сата да аламыз. Қазір қолымызда жер жыртуға, тұқым себуге, дәрі-дәрмек шашуға арналған техникалардың барлық түрі бар. Жердің құнарланып тұруын үкімет қадағалап отырады. Жекеменшік болғандықтан тозып кетпеуіне өзіміз де мүдделіміз.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG