Accessibility links

Батыс бизнесі Иран нарығына кіргісі келеді


Иран көлік өндірісі. (Көрнекі сурет)
Иран көлік өндірісі. (Көрнекі сурет)

Тегеранға салынған экономикалық санкциялар босаңсыды. Батыс кәсіпкерлері 80 миллион халқы бар, шикізатқа бай Иранда бизнес ашуды ойлай бастады.

Қаңтардың 20-сы күні Тегеранға салынған санкцияларды жеңілдету туралы шешім қабылданды. Батыс компаниялары Иранмен әріптес болуға ынталы екендерін білдіріп жатыр. Келесі айдың басында Францияның энергетика және автокөлік өнеркәсібі жетекшілері Тегеранға бармақ.

ИРАН ҚАҚПАСЫ АШЫЛДЫ МА?

Осы айда Иран Ұлыбритания заңгерлерін қабылдады. Ал өткен жылдың соңында, ядролық бағдарламаға қатысты аралық келіссөз өткен соң Иранға Италия, Австрия, Грузия, Қазақстан, Түркия және басқа да елдердің бизнес-делегациялары келіп кеткен еді.

Келіссөздер арқылы санкцияларды жеңілдетуге мүмкіндік алған Иран бұрын жұмсауға тыйым салынған 4 миллиард 2 миллион доллар қаржыны келесі 6 айда бөліп-бөліп пайдалануға рұқсат алды. Бірақ бұл елге салынған халықаралық санкциялардың көбі әлі күшін жойған жоқ.

Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзде отырған (солдан оңға қарай) Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кэтрин Эштон және Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Женева, 24 қараша 2013 жыл.
Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзде отырған (солдан оңға қарай) Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кэтрин Эштон және Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Женева, 24 қараша 2013 жыл.
Ол санкциялардың жойылу-жойылмау мәселесі Иранның ядролық келіссөздерде қаншалықты мәмілеге келетініне тәуелді болып тұр. Бірақ санкциялардың сәл босаңсуының өзі әлем кәсіпкерлерінің Иранға деген қызығушылығын тудырды.

Иранға экономиканы жаңарту үшін Батыс тауарлары мен технологиялары қажет, ал Батыс бизнесі оларды ұсынуға даяр.

Ираннан шыққан экономист, британдық Betamatrix халықаралық консалтинг компаниясының маманы Мердад Эмади «Иран 20 жылдан астам уақыт Батыстың жаңа технологиясын ала алмады. Соңғы 5-6 жылда шектеулер тіпті күшейді, Иран экономикасының кейбір секторлары ноу-хаудан құр қалды» дейді.

САНКЦИЯДАН ЗАРДАП ШЕККЕН САЛАЛАР

Эмадидің айтуынша, АҚШ-тың ерекше қырына іліккен Иран мұнай және газ өнеркәсібі айрықша жапа шеккен.

- Иранның көптеген саладағы өндіріс деңгейі көрші Катар немесе Ирактағы өндірістің ширек пайызын ғана құрайды, - дейді ол.

Жаңадан енгізілген санкциялар Иранның бір кездегі табысы жоғары автокөлік өнеркәсібін де әлсіретті. 2011 жылы бұл сектор 1 миллион 500 мың жаңа көлік шығарса, қазір жылына осының жартысындай - 800 мың ғана көлік шығарады.

Иран көлік зауыты. (Көрнекі сурет)
Иран көлік зауыты. (Көрнекі сурет)
- Ирандағы автокөлік өнеркәсібі екі жарым жыл бұрын жалпы ішкі өнімнің 9 -10 пайызын құрайтын. 950 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ететін. Осы сектор күйреуге шақ қалды, себебі құрал-жабдық импорттай алмады, - дейді Эмади.

Иранның авиация саласы да 1979 жылдан бері Батыстың жаңа ұшақтары мен бөлшектерін ала алмай, қиын жағдайда қалды. Иранның ұлттық әуе тасымалдаушы компаниясы қосалқы бөлшектерін қолдан жасауға, Қазақстан мен Өзбекстаннан ескі ресейлік ұшақтарды сатып алуға мәжбүр болды. Бірақ бұл шаралар қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады.

Батыс дәрі-дәрмектері мен медициналық жабдықтарына, азық-түлік өнімдері мен халық жиі тұтынатын тауарларына да сұраныс көбейген.

Қазір Батыс компанияларының Иранға қандай салада, қандай тауар мен қызмет түрлерін ұсынатыны белгісіз. Иран нарығына оралуды қалайтын Батыс компаниялары өз үкіметтерінен осы мәселеге қатысты жауап күтеді.

БАТЫС ҮМІТІ МЕН АҚШ КҮДІГІ

Лондондағы халықаралық стратегиялық зерттеу институтының қарусыздану және қаруды таратпау бағдарламасының директоры Марк Фицпатрик Ирандағы саяси ахуал келіссөзді (Иран ядролық бағдарламасына қатысты аралық келісімді айтады - ред.) бұзып, Иранмен коммерциялық келісімге келуді қауіпті етуі мүмкін дейді.

- Аралық келісім сақталады деп ойлаймын. Екі жақ та оны сақтап қалуға ынталы. Бірақ кейбір елдерде, әсіресе Вашингтон мен Тегеранда саяси қысым болса, оның бұзылуы да мүмкін. Мысалы, жаңа санкциялар ұсынып отырған Вашингтондағы сенаторлар АҚШ-тағы оппозиция ықпалымен ол ұсыныстарын өткізуге тырысуы мүмкін. Әрине, оның Иранмен қарым-қатынастарға теріс әсері болады - Ирандағы парламент мүшелері де "АҚШ әрекеттеріне қарсы шаралар қабылдау керек" деп шығады, - дейді Фицпатрик.

Базар аралап жүрген ирандықтар. (Көрнекі сурет)
Базар аралап жүрген ирандықтар. (Көрнекі сурет)
Бірақ дәл қазір Иранмен іскерлік қарым-қатынас жасау мәселесі көптеген елдерді қызықтырып отыр.

Иран президенті Хассан Роухани Давоста осы апта өтетін бүкіләлемдік экономикалық форумда ғаламдық бизнес мәселелеріне қатысты баяндама жасайды деген болжам бар. Ал Вашингтон кәсіпкерлерді «Иранмен іскерлік қатынастар орнату кезінде сақ болу керек, бұл елге жан-жақты ойланып бару керек» деп ескертті.

Өткен аптада Еуропаға іссапармен келген АҚШ қаржы министрінің орынбасары Дэвид Коэн «Иран іскерлік қатынастарға әлі дайын емес. Ол жаққа терезе ашылды. Бірақ оның өзі сенімсіз» деді. Қалай дегенмен Батыс пен Иран коммерциялық байланыстарды нығайтуға ниетті екені анық.

Саяси сарапшылар «аралық келісім нәтиже бергенін қаласа, екі жақ та осы келісімнің орындалуына жағдай жасауы тиіс» дейді. Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер діттеген жеріне жетіп, санкциялар толығымен жойылса, Батыс кәсіпорындары Тегеранға ағылады.

Қаңтардың 17-сі күні америкалық шенеунік «аралық келісім нәтижесінде айналымға шыққан 4 миллиард 200 миллион доллар - Иранның жұмсауға тыйым салған 100 миллиард доллар активінің бір бөлігі ғана» екенін айтты.

Мұндай мол қаржы Иран экономикасын жаңартуға серпін беретіні сөзсіз. Иран нарығына кіру мүмкіндігі де таласуға тұратын сыйлық. Иранда 80 миллион тұтынушы мен 500 миллиард доллар қаржы қоры бар. Бұл қор үлкендігі жағынан аймақта Түркия мен Сауд Арабиясынан кейінгі 3-орынды иеленеді.

Қазір Иран экономикасы Қытай және Үндістанмен алыс-беріс жасап тұр, бірақ Батыс кәсіпкерлеріне жабық. Батыс кәсіпкерлері осы жағдайды өзгерткісі келеді.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG