Иран парламенті ел билігі "Ислам республикасының жауы" деп таныған шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Мұны ирандық "Шарғ" басылымының хабарына сүйеніп Reuters жазды.
Сақшылар кеңесінің ресми мақұлдауынан соң күшіне енетін заң жобасына сәйкес, АҚШ пен Израильде тіркелген немесе сол елдерден қаржыландырылатын БАҚ-қа сұхбат бергендер екі жыл мерзімге дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Бұған қоса жаңа құжат бойынша, Иран азаматтарының басқа шетелдік медиамен сөйлесуіне де қосымша шектеулер енгізу көзделген. Егер шетелдік басылым сұхбат алуға өтініш білдірсе, азамат әуелі бұл жөнінде қауіпсіздік министрлігіне алдын ала хабарлауға міндетті болмақ. Ал шетелдік елшіліктермен немесе халықаралық ұйымдардың өкілдіктерімен байланыс орнату үшін алдымен Иран сыртқы істер министрлігінен рұқсат алу талап етіледі. Бұл талаптарды бұзғандарға айыппұл мен өзге де жазалар қарастырылған.
Заң жобасы сондай-ақ шетелдік мемлекеттермен немесе ғылыми және іскерлік ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға қатысты талаптарды да күшейтеді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл бастама Иранда "жау мемлекеттермен" араласуға тыйым салатын бұрыннан бар заң нормаларын одан сайын қатаңдатуды көздейді. Мысалы, бұған дейін ирандық фототілші Ялда Моайери АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылдарының салдарын суретке түсіріп, шетелдік БАҚ-қа сұхбат бергені үшін сырттай 15 жылға сотталған. Билік оны "сионистік режим мен АҚШ мүддесіне қызмет етті" деп айыптаған. Ялда Моайери түсірген суреттердің кейбірін Азаттықтан көре аласыз.