Accessibility links

40 жылдық төңкерістің қырықтағыға әсері


Шахқа қарсы шеру кезінде демонстранттардың бірі Рухолла Хомейнидің суретін ұстап тұр. Тегеран. 1978 жыл.
Шахқа қарсы шеру кезінде демонстранттардың бірі Рухолла Хомейнидің суретін ұстап тұр. Тегеран. 1978 жыл.

Ирандағы ислам революциясына 40 жыл толды. Революцияны көргендер мен осы оқиға тұсында дүние келгендер төңкерістің өздеріне қалай әсер еткені жайлы ойларымен бөліседі.

Ақпанның 11-інде Иран ислам революциясының 40 жылдығын атап өтеді. 1979 жылы қаңтарда елді ұзақ уақыт үздіксіз билеген шах Мұхаммад Реза Пехлеви Ираннан кетіп, ақпан айында революцияның қарт көсемі 80 жастағы Рухолла Хомейни Париждегі қуғыннан Тегеранға қайтып оралған.

ТӨҢКЕРІСТІ КӨРГЕНДЕР МЕН КӨРМЕГЕНДЕР

Азаттықтың Парсы қызметі – Фарда радиосы Ирандағы ислам революциясының 40 жылдығына орай төңкерісті көрген және осы саяси оқиғадан кейін дүниеге келген толқын өкілдері видеоға түсіріп жолдаған пікірлерін жариялаған.

Брумәнд есімді ирандықтың айтуынша 1979 жылғы оқиғаны көзбен көріп, куә болғандарды да революция толқыны деп атаған теріс емес. Өзін осы буынға жатқызған ол революциядан кейін Иранда адам мәртебесінің түсіп кеткенін айтады. «Өткен 40 жылдың ішінде халық діни биліктің аса қатал, деспоттық сипатына көз жеткізді» дейді ол.

29 жастағы Бабек болса, кезінде өздерінің алты қабатты үйде тұрғанын еске алады. Айтуынша, бірде үшінші қабаттағы көршілері кетіп, басқа отбасы көшіп келген. Кейіннен көшенің де аты өзгерген. «Ислам революциясын осы көрші келгенде ғана сезіндім» деген Бабек жаңа көршісінің әрекетін әңгімелеп берген. «Көршіміз пакетке топырақ толтырып алып үйдің төбесіне алып шығып аулада хиджабсыз жүрген әйелдерге лақтыратын» дейді ол.

Шах Мұхаммад Реза Пехлеви билігіне қарсы наразылық. 1978 жылдың қыркүйек айы.
Шах Мұхаммад Реза Пехлеви билігіне қарсы наразылық. 1978 жылдың қыркүйек айы.

Революциядан кейінгі екінші буын өкілі – 25 жастағы Айдин 40 жылдың ішінде қоғам өкілдері арасындағы алшақтық ұлғайды деп есептейді. Ол бала кезде қатарластарының қуанудан да қорыққанын айтып еске алады. Айдин соңғы революция дәуірінде туындаған мәселенің бірі – экологияға назар аударған. Ол өзендер мен көлдердің құрғауын апат деп есептейді.

«ИСЛАМДЫҚ БИЛІК ЕЛДІ СЕКУЛЯРИЗМГЕ ҚЫЗЫҚТЫРДЫ»

Шахрам бала кезінде жергілікті телеарналар «бұрмалап көрсеткен» жапон сериалдары ғана есінде қалғанын айтады. Цензура Иранның ислам революциясынан кейінгі тағы бір сипатын аша түседі.

Шетелде тұрып жатқан Педрамито Иран мектептеріндегі өнер пәнінің аз оқытылатынына алаңдайды. «Аптасына оқу бағдарламасынан бір-ақ сағат бөлінген өнер сабағының өзі жиі болмай қалатын. Оқытушымыз «ойнап келіңдер» деп сабақтан босататын. Ал кейін шетелге қоныс аударып, сондағы мектепте көргеніміз мүлде басқаша болды. Би, скульптура, музыка мұнда тегін оқытылады» дейді ол. Оның айтуынша, Иран мектептерінде көркем жазу мен сурет салудан басқаны оқытпайды.

Рухолла Хомейни Парижден Тегеранға келген сәт. 1 ақпан 1979 жыл.
Рухолла Хомейни Парижден Тегеранға келген сәт. 1 ақпан 1979 жыл.

Саид есімді ирандық 40 жыл ішінде Иранда жеке адамдар мен қоғамдық құқық бұзылды деп санайды. Оның айтуынша, ислам революциясынан бері билік цензураны күшейтіп, адамдардың санасын бақылауға тырысқан. Саид осындай қысымнан соң Ираннан көшіп кеткен. Сөйтсе де ол Иран революциясына қазір басқаша көзбен қарай бастаған. Айтуынша, ислам төңкерісі ізденімпаз қоғамды қалыптастырған. Яғни, халық осы арқылы діни билік пен секуляристік биліктің айырмашылығына көз жеткізіп отыр. Исламдық революция елдің секуляризмге деген қызығушылығын арттырған.

«СЫНЫПТАСТАРЫМ СОҒЫСТА ҚАЗА ТАПТЫ»

Каве Иранда ислам революциясы болған 1979 жылы дүниеге келіпті. Ол өзінің Иракпен шекарадағы Ахвазда туып-өскенін айтады. Оның айтуынша, оқушы кезінде Иран-Ирак соғысын көрген. «Сыныптастарым көз алдымда бомбадан қаза тапты» дейді ол. Каве Иранда тұрған кезінде адам дарынын өшіріп, адам құдіретін құртуға бағытталған әрекеттерді көріп, ақырында елден көшуге мәжбүр болғанын әңгімелеген. Ол «еркіндікке жетемін деген үмітпен елден кеттім» дейді.

Революциядан кейін дүниеге келген Умид «үрейлі күндер ғана есімде қалды» дейді. Оның айтқандарына қарағанда, Умид мектепте емтихан тапсырғанда да қорқынышты өткерген. Умид та Иран-Ирак соғысының бірнеше жылындағы оқиғаларға куә болғанын еске алады.

Иран-Ирак соғысына осы елде тұратын ұлттық азшылықтар, соның ішінде қазақтар да қатысқаны белгілі.

1980 жылы Ирак әскері Иран жеріне кіріп, бірнеше аймағын басып алған. Ирандықтар кейін өз аумағын азат етіп болған соң Ирак жеріне енуге тырысқан. Соғыста химиялық қару қолданылған.

Ислам революциясының 40 жылдығына орай Азаттықтың Парсы қызметіне жолдаған видеосында 24 жастағы Мужтаба «біз өзімізді жоғалған ұрпақ деп атағанымыз абзал» деген пікірде.

ИРАН ҚАЗАҒЫ КӨРГЕН РЕВОЛЮЦИЯ

Ислам революциясының ұлттық азшылықтарға қалай әсер еткенін Иран қазағы Әли Бөкен де Азаттыққа әңгімелеп берді. Оның айтуынша, ислам революциясынан кейін діни азшылықтарға бақылау күшейіп, еркіндігі шектелген. Олар діни, ұлттық рәсімдерін атап өту үшін билік тарапынан қысымға ұшыраған. Бұл басқа діндегілермен қоса, Иран сүнниттеріне де ауыр тиген. «Өйткені ислам революциясы исламның шиғалық бағытына ғана артықшылық беріп, сүнниттерге қатаң қарады» дейді Әли Бөкен.

Рухолла Хомейни халық алдына шыққан сәт. 4 ақпан 1979 жыл.
Рухолла Хомейни халық алдына шыққан сәт. 4 ақпан 1979 жыл.

​Оның айтуынша, Ирандағы күрдтер, түркімендер және басқа да сүнниттік мәзхабты тұтынатын ұлттарға қиын тиген. Ол Иранда ислам революциясы жеңіске жеткенде 11 жаста болғанын, ел көрген қиындықты өз отбасы да өткергенін айтады.

- Революцияның алғашқы жылдары нанға кезекке тұратынбыз. Қыста үйді жылытуға пайдалану үшін керосин алуға да ұзақ-сонар кезек болатын. Революциядан соң жеке еркіндігің шектеліп, ерлерге қысқа жең кигізбейтін, әйелдерге орамал тағуды міндеттеді. Ән, би жоқ. Революциядан кейін шетелге кеткен Иран әншілерінің ән-күйлерін жасырынып, тек кассетадан тыңдайтынбыз. Оның өзін билік біліп, көріп қалса, шара қолданатын еді, - дейді Әли Бөкен Азаттыққа.

Әли ислам революциясынан кейін 10 жыл өтіп Қазақстанға келген.

- Біз келгенде әлі СССР-дің кезі еді. Әуелде 15 күнге қонаққа келіп, кейін Мәскеудің рұқсатымен елде болу мерзімін ұзартып алдық, - деп еске алады Әли Бөкен. Ол сол келгеннен бері Қазақстанда тұрақтап қалған.

ФИЛЬТРЛЕНГЕН ЖЕЛІДЕГІ ЖЕТІСТІКТЕР

Иран революциясының 40 жылдағы сипаты әлеуметтік желіде де кеңінен талқыланып жатыр. Түрлі хэштег ашып, төңкерісті сынап жатқандар да, қорғап, жақтап жатқандар да көп. Жақтаушылар қазіргі биліктің бұрынғы монархиядан артықшылығын көрсетуге тырысқан.

Twitter желісінде шах дәуіріндегі Иран мен қазіргі исламдық билік үстемдік құрған Иранды салыстырған мына хабарлама көп таралды деуге болады.

Мұнда Бахрейннің Ираннан бөлініп шыққанын Мұхаммад Реза Пехлеви шахтың елге қиянаты ретінде түсіндіреді. Және ислам революциясынан кейін Иран жерінің бір сүйемі де бөлінбегені айтылған.

Желіде Иранның соңғы жылдары жасап шығарған зымырандарын да елдің жетістігі ретінде көрсетіп жатқандар бар.

Бұған қоса Иранның соңғы 40 жылда ғылым, білім саласында дамығанын көрсететін статистика да көп тарап жатыр. Мына хабарламада Иранда революция алдында студенттер саны шамамен 170 мың болғаны, ал революциядан кейінгі студенттер саны төрт миллионды шамалағаны айтылған.

Мұнда революциядан екі жыл бұрынғы санақтың назарға алынғаны айтылса, революциядан кейінгі қай санаққа негізделгені көрсетілмеген.

Бұған қоса ислам революциясының 40 жылдығы алдында әлеуметтік желіде Иранның әртүрлі саладағы орнын белгілеген хабарламалар қаптап кеткен. Ал Иранның өз ішінде шектелген кейбір әлеуметтік желілерге кіру үшін жергілікті қолданушылар фильтрге қарсы бағдарламаларды пайдалануға мәжбүр.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG