Accessibility links

Ресей мен Иран: одақтас па, әлде бәсекелес пе?


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани ШЫҰ саммитінде. Циндао, Қытай, 9 маусым 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани ШЫҰ саммитінде. Циндао, Қытай, 9 маусым 2018 жыл.

Әлемдік мұнай нарығында өзара бәсекелестігі күшейіп, соңғы кездері Ресей-Иран қарым-қатынасын ушықтыратын оқиғалар көбейсе де, Мәскеу мен Тегеран мәжбүрлі түрде стратегиялық серіктес болып қалады, бұл алдымен Сириядағы жағдайға байланысты.

Екі елдің одағын ұстап тұрған басты фактор – АҚШ-қа деген жасыруға келмейтін жеккөрініш. Ресей мен Иран арасындағы келіспеушіліктің көбейгенін Батыс сарапшылары мен америкалық Wall Street Journal тәрізді басылымдар да айтады.

Қарашаның 4-інен бастап Иран экономикалық оқшаулауға түспек, АҚШ бұл елге қатаң санкция енгізуге әзір отыр. Вашингтон өзара саудада Иран мұнайын сатып алуды тоқтатпаған мемлекеттердің бәріне, соның ішінде Еуропа Одағы мүшелеріне де біржақты шектеу шараларын енгіземін деп ескерткен.

Ал Ресей көмірсутек шикізатын өндіруді ұлғайтып, оның бағасын одан әрі арзандатып, Грекия мен Италия тәрізді Иран мұнайын сатып алушыларды өзіне тартып жатыр; оған қоса Тегеранның ымырасыз жаулары – Сауд Арабиясы және Израильмен сауданы, соның ішінде қару-жарақ саудасын өсіріп жатыр. Wall Street Journal Ресей мен Иран арасындағы әскери одақ экономикалық бәсекелестікке төтеп бере алмайды деген қорытынды жасайды.


Тегеран билігі мұнай өндіруді арттырған Ресей Иранның қиын жағдайын пайдаланып отыр деп санайды. Өткен демалыста Алжирде Мұнай өндіруші елдер ұйымының (ОПЕК) өкілдері кездесуінде "қарашада Иранға қарсы америкалық санкция күшіне енсе, әлемдік нарықта мұнай тапшылығы тәулігіне 600 баррельге жетеді" деген пікір айтылды.

АҚШ президентінің ОПЕК елдерін бағаны төмендету үшін мұнай өндіруді арттыруға шақыруына қарамастан, Тегеран Ресей мен Сауд Арабиясының сұранысты өтей алмайтынына сенімді. Қазірдің өзінде иран мұнайын экспорттау 40 пайызға азайған, болжам бойынша, қарашаның 4-інен соң ол күніне 1 миллион баррельге азаяды.

АҚШ президенті Дональд Трамп қыркүйектің 25-і күні Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінде тағы да Иранды қатты сынады. Оның айтуынша, 2015 жылы Иранмен арада жасалған ядролық қарусыздану туралы халықаралық келісім қателік болған, келісім арқасында Ислам Республикасы әскери бюджетін айтарлықтай өсірген.

"Иран хаос, ажал және талқандау әкеледі", - деген Трамп жақында Тегеранға қарсы жаңа санкция енгізетінін қайталап айтты. Оған жауап берген Иран президенті Хассан Роухани Трампты АҚШ-ты "өзіне алған міндетті бұзушы", "жанжалқұмар" деп атады. Роухани Вашингтонның ядролық келісімнен шығуын және "америкалық заңсыз біржақты санкцияларды" "экономикалық терроризмге" жатқызды.

Wall Street Journal пікірінше, Иран одақтасы Ресейдің де "лайықсыз" іс-әрекетіне ренжуге тиіс, бұл реніш Иран басшыларының мұнай нарығында Мәскеумен бәсекелес болуына (Кремль осы тұрғыда қолдау көрсетеді деп күткен) ғана қатысты емес. Сириядағы Ресей әскерилері Иран нысандарын Израильдің әуе соққысынан тасалаудан бас тартты, жақында Башар Асадтың әуе шабуылына қарсы қорғанысы (ӘШҚҚ) қателесіп, ресейлік Ил-20 ұшағын атып түсіргені соны көрсетті.

Ал Ресей мен Израиль сауда байланысы былтыр төрт есе артқан. Wall Street Journal Ресейдің 2017 жылы Сауд Арабиясына С-400 зениттік зымыран кешенін сатуға келіскенін еске салады, бұл зымыран Тегеранға жеткізілген С-300 жүйесінен әлдеқайда мықты.

Сонымен, Мәскеу мен Тегеран қарым-қатынасы расымен де ушығып бара ма? Сириядағы Башар Асадтың режимін сақтап қалу және АҚШ-қа барынша қарсы тұру мақсатында құрылған әскери-саяси одақтың күні батуға таяды ма? Азаттық радиосы осы мәселелер жайлы саясаттанушы һәм шығыстанушы Михаид Магидпен сұхбаттасты.

- Біріншіден, Иран мұнай өндіру саласы қазір аянышты күйге түсті ме?

- Әрине. Бұл бүгін басталған жағдай емес, ұзаққа созылған америкалық санкцияның салдары. Ирандықтарда технология нашар дамыған, өндіріс шығыны өте көп, мұнайдың өзіндік құны Ресеймен салыстырғанда екі есеге артық. Олар экономикамызға батыстан инвестиция келеді, экспорттық мұнай саласын дамытуға жағдай жасайтын жаңа технологиялар келеді деп үміттенгендіктен ядролық келісімге қол қойған. Ядролық келісім күшін жойса Иран экономикасына ауыр соққы болады. Келісім жасалған соң олар қолда бар қуат пен технологияны қолданып, мұнай экспортын екі есе көбейтті, одан артыққа шамасы жетпеді.

- Қарашаның 4-і күні, Американың "мұнай санкциясы" күшіне енгенде жаппай күйреуге әкелмей ме?

- Жаппай күйреу бола қоймас, Тегеран санкция жағдайында тіршілік етуге үйренген. Шетелге мұнайының бір бөлігін сата береді, бірақ экспорт екі есе азаяды. Иранда ішкі саяси толқулар көптігін, режимге қарсы наразылықтар жиі болатынын ескерсек (соның ішінде әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты) Иран мұндай соққыға ұзақ уақыт шыдай алады деп ойламаймын. Бірақ Тегерандағы режим дереу құлайды деуге келмес. Ол әлі ұзақ тіршілік етеді, бірақ жағдайы нашар болады.

Панамалық мұнай танкері Иран портында тұр. Шілде, 2018 жыл.
Панамалық мұнай танкері Иран портында тұр. Шілде, 2018 жыл.

- Бұл жағдайда Ресей мен Иран ымырасыз бәсекелестерге айналды ма? Көмірсутегін өткізу үшін Мәскеу Тегеранның сатып алушыларын өзіне тартып жатыр ма?

- Бірнеше ай бұрын Дональд Трамп әкімшілігі мен Сауд Арабиясы арасында келіссөз өтті, онда Иранның орнын Сауд Арабиясы басады деген келісім жасалды, бұл күніне 1,5-2 миллион баррель мұнайды құрайды. Келіссөз табысты өтті. Сондықтан Ирансыз қалған мұнай нарығы тұтастай Ресейге өтеді деуге келмес. Ол нарықты Сауд Арабиясы, Ресей және ОПЕК ұйымына кіретін өзге де елдер бөліп алар. Иран мен Ресейді байланыстыратын нәрсе көп, бірақ араларынан қара мысық өткені де рас.

Иран мен Ресейді байланыстыратын нәрсе көп, бірақ араларынан қара мысық өткені де рас.

Оларды біріктіретін негізгі фактор – Сирияда Башар Асад режимі әлі тұрақсыз. Сирияны диктаторлық әдіспен басқарып отырған Асадтың алавидтік отбасын халық жек көреді. Оны тек алавиттердің өздері мен Дамаскінің христиан және сүннит тұрғындары, бірнеше аудан қолдайды. Мұндай режим шетелдік әскерилердің арқасында ғана билігін сақтай алады. Оны басқыншылық десе де, немесе жұмсартып "әскер кіргізді" десе де болады – бұдан мәні еш өзгермейді.

Асад бақылап отырған Сирия территориясының 60-65 пайызын Ресей мен Иран өзінің ықпал ету аумағы етіп бөліп алған. Бұл күштерсіз Асад билікті сақтай алмайды, себебі оны бүкіл Сирияның сүннит тұрғындары жек көреді. Сондықтан Ресей мен Иран әлі ұзақ уақыт Сирияда әскерилерін ұстайды. Демек, Сирия мәселесі бойынша одақтас болып қалады.

Иран қорғаныс министрі Амир Хатами (сол жақта) мен Сирия президенті Башар Асад. Дамаск, тамыз, 2018 жыл.
Иран қорғаныс министрі Амир Хатами (сол жақта) мен Сирия президенті Башар Асад. Дамаск, тамыз, 2018 жыл.

Тағы бір маңызды фактор: Кремль Иранды америкалық саясаттың дөңгелегіне қойылған таяқ деп санайды, Иран АҚШ-қа қатты кедергі келтіреді (онысы рас) деп ойлайды, сондықтан "Аятолла режимін" қолдау арқылы Вашингтонның позициясына ықпал ете алады. Бұл тұрғыдан алғанда Иран Ресей сыртқы саясаты үшін маңызды құрал болып қалмақ. Сондықтан ресей-иран байланысы күйрейді демес едім. Дегенмен, салқындық бар, ол мұнай келісіміне ғана қатысты емес.

- Рас, Мәскеу мен Тегеран мұнай нарығында ғана бәсекелес емес деген пікір бар. Ресей Иранның жауларына қару сатып жатыр ғой?

- Иә, Ресей мен Сауд Арабиясы әскери келісім жасау туралы келіссөздер өткізіп жатыр, Ресей мен Израиль арасында сауда көлемі артып келеді. Ресей мен Израильдің Сириядағы келісімі де күшін жойған жоқ. Израиль ұшақтары ирандық нысандарды атқылаған кезде (олар жиі атқылайды) Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күші оларды атудан бас тартады. Мәскеудің ондай ұстанымы Тегеранның жүйкесіне тиеді. Ирандықтар: "Егер бізді Израильдің шабуылынан қорғамасаңдар одақтас болғандарыңнан не пайда, әуе шабуылына қарсы қорғаныс не үшін керек?" дейді.

- Сирияда Иран нысандары мен әскерилерін Израиль тарапынан болатын әуе соққысынан қорғау мүмкіндігі туралы айтсақ, Ил-20 ұшағы апатынан соң жағдай өзгеруі мүмкін бе?

Украинадан күші басым кез келген мемлекетпен қарулы қақтығыс қаупі төнген кезде Ресей әскери текетіреске барған емес.

- Жоқ. Ресей Асадқа С-300 жүйесін жеткізіп беруі мүмкін, қазір ол туралы келіссөздер жүріп жатыр – Кремльдің Израильге берер жауабы сонымен бітер. Ресей Украинадан күштірек ешбір мемлекетпен қарулы қақтығысқа түсуге даяр емес! Таяу Шығыстағы әскери-әуе күштері ең мықты, аймақтағы армиясы ең қуатты, Мәскеуде жоқ қаруларға ие Израильмен қарулы қақтығыс жасау Ресей үшін өте қауіпті, Кремль ондайға бармайды. Олай бола қалған жағдайда ресейлік армия кезекті Цусимаға тап болады. Мәскеуде ешкім басын ондай қатерге тікпейді!

Украинадан күші басым кез келген мемлекетпен қарулы қақтығыс қаупі төнген кезде Ресей әскери текетіреске барған емес. Түркия ресейлік шабуылдаушы ұшақты атып түсіргенде (қазіргідей емес, саналы түрде атқан) Ресей оған Түркиядан келетін қызанақ импортына тыйым салумен жауап берді.

АҚШ күштері биыл ақпанда Иран мен Асад күшінің алып тізбегін бомбалағанда ол жерде көптеген ресейлік жалдамалылар болды, бірақ Мәскеу Сирияда болғанын мойындамады. Жақында Түркия президенті Режеп Ердоған Идлибке танк енгізіп, ол жақта көтерілісшілерге қарсы майдан ашуға рұқсат етпейтінін айтқанда, Ресей оған көнді. Мәскеудің мықты қарсыластармен соғысқысы келмейтініне де шүкір, - дейді Михаил Магид.

(Александр Гостевтің мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG