Accessibility links

Сирия ресейлік Ил-20 ұшағын атып түсірді


Ресейлік Ил-20 әскери барлау ұшағы. (Көрнекі сурет.)
Ресейлік Ил-20 әскери барлау ұшағы. (Көрнекі сурет.)

Мәскеу Башар Асадтың әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қыркүйектің 17-сі күні кешкісін Жерорта теңізі маңында ресейлік Ил-20 барлау ұшағын құрамындағы 15 әскери қызметкерімен бірге атып түсіргенін мойындады, бірақ оған Израиль әскери-әуе күштерін айыптап, "қатал әрі тез жауап" беруге уәде етті.

Ресейдің Сириядағы шығыны туралы хабарлама Сочиде Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Ердоған маңызды кездесу өткізген соң келіп жетті. Президенттер Асадтың Ресей және Иранның қолдауымен Идлибке жасамақ болған шабуылын тоқтатуға келіскен еді. Идлиб – Дамаскіге қарсы шыққан көтерілісшілердің соңғы қорғаны болып тұр.

Владимир Путин "Мәскеу Ил-20 ұшағын жоюшыларға жауап бергенде, оны "елдің бәрі байқайтын болады" деп мәлімдеді. Бірақ президент бұл оқиғаны 2015 жылы қарашада Түркия әуе күштері атып түсірген ресейлік Су-24 ұшағының апатымен салыстырмайды: "Ол кезде түрік жойғышы ұшағымызды саналы түрде атқан еді. Мына жерде қайғылы оқиға кездейсоқ болған сияқты" деді ол.

Бұған дейін әлемдік қауымдастықты 2014 жылы шілдеде малайзиялық "Боинг-777" ұшағын Донбасс үстінде Украина қарулы күштері ресейлік зымыранмен атты деп сендірген Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі генерал-майор Игорь Конашенков шұғыл брифинг өткізді.

Брифинг кезінде ол "Хмеймим әуе базасына қарай ұшқан Ил-20 базаға 35 шақырым қалғанда, жергілікті уақытпен сағат 22:00-де сириялық Латакия провинциясында Асад пен Иранның нысандарын атқылап жатқан израильдік ұшақтар Ресей зымыранын әдейі оққа төседі" деп мәлімдеді. Ұшақтың сынықтары Банияс елдімекені маңына, Жерорта теңізіне құлаған.

"Ресейлік ұшақты қалқан еткен Израиль ұшқыштары біздің ұшақты Сирияның әуе шабуылынан қорғаныс күштері құралының оғына икемдеді. Нәтижесінде тиімді шағылыстыру беті Израиль күштерінің F-16 ұшағына қарағанда әлдеқайда үлкен Ил-20 ұшағын С-200 кешенді зымыраны атып түсірді", - деген Игорь Конашенков бұл оқиғаны "изральдік ұшқыштардың әдейі арандатуы" деп атады.

Ол Ресей қорғаныс министрлігі "Израильге қарсы саналы жауап беру" құқығына ие дейді. Ресейдің Федерация кеңесі де Ил-20 апатына израильдік әскери авиацияны айыптады. Мемлекеттік дума "қатаң әрі тез жауап беруге" шақырды. Израиль әзірге бұндай мәлімдемелерге жауап қатпады.

Бұдан соң Мемлекеттік думаның Қорғаныс жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Александр Шерин "Говорит Москва" радиостанциясына берген сұхбатында изралиьдік ұшақтар ұшатын Израильдегі аэродромға соққы беру керек дегенді айтты.

- "Бастион", С-400, "Искандер" жүйелері қалай жұмыс істейтіндерін көрсетсе деймін. Бізде "Восток-2018" полигоны өтіп жатыр, ұшақтар келетін алаңға солай жауап қату керек, сонымен іс бітті... Америка, Германия, Франция, әсіресе Израиль ДАИШ ("Ислам мемлекеті" экстремистік тобы – ред.) әскерилерінің мүддесіне жұмыс істейтін сияқты, - деді ол.

Бірнеше сағаттан соң Израиль Ресейдің айыбын терістеп, ресейлік әскери ұшақ пен әскерилердің қазасына Сирия, Иран және "Хезболла" радикалдық тобы жауапты деп мәлімдеді. Израиль опат болғандардың туыстарына көңіл айтты, бірақ өз ұшақтары ресейлік Ил-20 ұшағын қалқан ретінде пайдаланды дегенге үзілді-кесілді қарсы шықты.

Израиль қорғаныс комитеті бас штабы ресейлік ұшақ израильдік әуе күштері жүргізген әскери операция аймағынан алыста болғанын, Асад армиясы Ил-20 ұшағын шатасып атқан кезде израильдік ұшақтар өз елінің әуе кеңістігінде ұшып жүргенін және әуе базасына жетіп қалғанын айтты. ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс армиясы) дерегі бойынша, олар Сирияның Латакия провинциясына "Хезболла" тобына тиесілі қарулар қоймасын жою үшін шабуылдаған.

Израиль армиясының F-16 ұшағы Сирия территориясының үстінде ұшып бара жатыр.
Израиль армиясының F-16 ұшағы Сирия территориясының үстінде ұшып бара жатыр.

Израильдің қорғаныс армиясы Асад әскерилерінің нысанына үнемі соққы береді, бұл нысандарды Дамаскімен одақтас, Иран бақылайтын тұрақты әрі жартылай әскери құрылымдар да пайдаланады. Қыркүйектің 5-і күні Израиль қорғаныс министрі Авигдор Либерман "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында өз мемлекеті "Сирия аумағындағы Иранның кез келген әскери құрылымын жоюға" тырысатынын айтып, Тегеран тарабынан төнетін қауіптен қорғану үшін "Сирия аумағымен шектелмейміз" деп ескерткен.

Ил-20 – Ил-18 жолаушылар ұшағы негізінде жасалған, радиоэлектронды және фотобарлауға арналған советтік әскери ұшақ. Ол СССР-дегі осындай типтегі алғашқы барлау ұшағы болды. Оның бүйірінде радиолокациялық шолу жүйесі, ИК-сканер, оптикалық датчиктер мен қолма-қол дерек алмасуға арналған спутниктік байланыс жүйесі бар. Бұл ұшақ 1968-1976 жылдары көптеп жасап шығарылған, алайда Ресей әскери-ғарыш күштері оны әлі күнге дейін қолданады. НАТО-да бұл ұшақты "Қасқалдақ" (Coot) деген бүркеншек атпен атайды.

Балтық теңізі әуесінде ұшып жүрген Ұлыбритания әскери күштерінің "Тайфун" ұшағы мен ресейлік Ил-20. Маусым, 2015 жыл.
Балтық теңізі әуесінде ұшып жүрген Ұлыбритания әскери күштерінің "Тайфун" ұшағы мен ресейлік Ил-20. Маусым, 2015 жыл.

Ил-20 ұшағын Жерорта теңізі үстінде сириялық күштер қателесіп атқанын АҚШ үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап CNN телеарнасы хабарлаған. Телеарнаның айтуынша, АҚШ халықаралық жиіліктегі келіссөздерді радиомен ұстау кезінде ұшақтың жоғалғаны туралы ақпарат алған, онда Башар Асадтың армиясы іздеу-құтқару операциялары басталғаны туралы мәлімдеген. Кейін Пентагон қандай ұшақтың, қандай жағдайда жоғалғанын анықтап білген. CNN дереккөзі бұл ақпараттың қайдан келгенін айтпады. Оны Ресей берген деген болжам бар.

Сирияда құлаған ресейлік авиация туралы инфографика. (Орыс тілінде.)
Сирияда құлаған ресейлік авиация туралы инфографика. (Орыс тілінде.)

Қыркүйектің 17-сі күні Сочиде Ресей мен Түркия президенттері Асад, Ресей және Иран күштері бірлесіп Идлибтегі көтерілісшілерге қарсы әскери операция жасаудан бас тарту туралы келісімге келгенін ескерсек, енді жағдай қалай өзгеруі мүмкін? Азаттық радиосы бұл туралы саясаттанушы-шығыстанушы Кирилл Семеновтің пікірін сұрады.

- Қорғаныс министрлігінің әдеттегі бірінші реакциясы - алдымен, "бұл біз емес" деді, сосын сол кезде зымырандарын ұшырған француздық "Овернь" фрегатына жабысты, "төтенше жағдай" болды деп күмілжіді, ең аяғында Ил-20 ұшағын Башар Асадтың әуе шабуылдарына қарсы күштері атып түсіргенін мойындады, бірақ сол сәтте Израильді айыптай бастады – бұның бәрі ресейлік әскери басшылықтың қорқып әрі абыржып қалғанын көрсетеді. Бұндайды басшылыққа қалай жеткізесің, қоғам мен БАҚ-қа қалай түсіндіресің? Ресейлік ұшақты асадшылардың атқаны дереу белгілі болды, бәрінің радары істеп тұр, кімді кімнің атқаны бірден көрінеді. Яғни, Идлибке қатысты жағдайды есепке ала отырып, ешкімнің көңіліне келмеу үшін бұны қалай түсіндіреміз деп кеңесті.

Бұл оқиғаға бірнеше сағат қалғанда Ердоған мен Путин Идлибке шабуыл жасауды тоқтату туралы шешім қабылдады ғой, ал Шойгу "сириялық әріптестеріне хабар беруді" мойнына алды. Сондықтан Асадпен және оның маңындағылармен ренжісіп қалмас үшін бәрін Израильге жаба салды. Тіпті Қорғаныс министрлігінің картасынан F-16 мен Ил-20 бағыттары тоғыспағаны көрініп тұр. Ил-20 үлкен биіктікте ұшқан, ал F-16 радарға түспеу үшін үлкен жылдамдықпен төменде ұшқан. Оларды қалай шатастыруға болады? Бұл асадшыл әскерилердің біліктілігіне қатысты мәселе. Үрейден жүректері ұшып бастары ауған жаққа ата берген сияқты.

- Совет одағынан келе жатқан ескі анекдот еске түседі: "Жер-әуе" зымыранын жеткізіп бердіңдер, енді "жер-ұшақ" зымыранын беріңдерші!" дейтін еді. Израиль әуе күштері Латакия провинциясында нені жоймақ болды?

- Латакия мен Тартус – Дамаск, Мәскеу және Тегеранның техникаларын сақтайтын қауіпсіз мекені. Ол жерде Иранның көмегімен әскери кәсіпорын құрылды, кей деректер бойынша, зымыран мен оның бөлшектері жасалған. Сондай-ақ, ол жерде Банияс порты бар, ол арқылы Иран мұнайы Сирияға тасымалданады. Сондай желеумен Ираннан қару-жарақ, өзге де техникалар келеді, мүмкін баллистикалық зымырандар келетін шығар. Себебі, қасында ресейлік Хмеймим мен Тартус базалары тұр, соларды қалқан еткен Сирия мен Иран өз қару-жарағын сақтағысы келеді, Израиль соққысынан жақсырақ қорғануды көздейді. Бірақ Израиль үшін шекара жоқ екенін көріп отырмыз, олар қауіпті байқаса, өзінше шешім қабылдайды. Ресейлік база алыс па, жақын ба деп қарамайды.

Ресей президенті Владимир Путин мен Сирия президенті Башар Асад (оң жақта) Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасында. Желтоқсан, 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Сирия президенті Башар Асад (оң жақта) Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасында. Желтоқсан, 2017 жыл.

- Расымен де, Израиль Иранның күшеюіне және Тегеран қолдайтын "Хезболла" тобының күшеюіне жол бермеу үшін аянбаймыз деп үнемі айтады. Демек, осы жағдайға қарамастан Израиль әуе күштері Сириядағы әскери операциясын жүргізе береді ғой?

- Иә, израильдіктер жағдайға қарамастан мақсатына ұмтылады. Бұдан соң кері шегінсе Израиль Израиль болмас еді! Олар алған бетінен таймайды және жағдайға өздерін емес, Иран мен "Хезболланы" айыптау керектігін Ресейге жеткізуге тырысады. Олар ресейлік әскери нысандарды алға тартып, Латакия мен Тартус аймағында жеке базасын құрып жатыр.

Басында Иранның Сирияда болғанының кесірі тиеді, онымен санаспаса болмайды деп айтылды. Егер Ресей Израиль мен АҚШ террорлық топтар санайтын Иран, "Хезболла" мен өзге де топтар қатысатын сириялық шиеленіске араласса, әлбетте, қауіп төнеді. Израиль ол туралы 2015 жылдан бері айтып келеді.

- Ресей ұшағын Түркия әскери әуе күштері атып түсірді, енді Мәскеудің көзқарасы бойынша, Израильдің кінәсінен жойылып отыр. Дейр-эз-Зор маңында америкалық әскери әуе күштері "Вагнердің жеке әскери компаниясы" ("ЧВК Вагнера") деп аталатын ресейлік жалдамалылардың көзін құртты. Жиі қайталанған осындай жағдайлардан соң Ресей Сирияда әскери операция жасаудан айнымаса да, ресейлік қорғаныс министрлігі әдісін өзгертер?

- Олар әдісін өзгертуге тиіс, себебі, сіз айтқан оқиғалардың бәрі Иранның қатысын көрсетеді. Израиль ирандық әскери нысандарды қазір атқылап жатыр ма? Дейр-эз-Зорда ресейлік ЧВК әскерилері жүрген ираншыл топтарға соққы берді ме? Барлық жерде Иранның ізі байқалады. Мәселені жаһандық тұрғыда шешу керек.

Түркия бұрыннан бері Сирияға қалыпты оппозиция мен радикалдардың ара-жігін ажырату керектігін айтып келеді. Сирияда соғысып жүргендерді де ираншыл құрылымдар мен оған қатысы жоқтар деп бөлу керек. Иранға еш қатысы жоқ аймақтар жасау керек. Сонда ғана ресейлік әскерилер Израильдің кездейсоқ соққысына ұшырамайды.

- Сочидегі Идлиб болашағы туралы келіссөзге оралсақ, Ердоған мен Путиннің қайсысы көбірек ұтты?

- Мәскеу мен Анкараның бастапқы ұстанымдарын еске алсақ, Ердоған басым түсті. Ресей әскери операция жүргізуді талап еткен болатын, қазір одан бас тартты. Демек, Түркия Идлибке шабуылдауға болмайтынын күшпен дәлелдеді. Ердоған қатаң шара қабылдады: ол жаққа қосымша әскери контингент енгізді, солайша операция нәтижесінде Ресейдің Түркиямен бетпе-бет келуі мүмкін екенін көрсетті. Қазір Анкарамен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтін Кремль ымыраға келіп, түріктердің позициясына келісті.

Дегенмен, Түркияның міндеті жеңілдеген жоқ – енді Идлибтегі радикал діншілдермен Анкара өзі күреседі. Әрине, Ердоғанның оған мүмкіндігі жетеді. Бірақ кедергілер де аз емес. Егер "Хайят Тахрир аш-Шам" Идлибтегі түрікшіл топтармен шайқасса, түрік авиациясы қандай әрекет жасайды? Ол жақтың аспаны Түркия үшін әзірге жабық. "Евфрат қалқаны" операциясы жүргізілгенде немесе Афринадағы операция кезінде түрік авиациясы әрекет етті. Егер түрік авиациясына әуе жолы ашылса, Асад Идлибке қарсы әскери операция жүргізу мүмкіндігінен мүлдем айрылмақ.

- Идлибте деэскалация аймағы бұрыннан бар еді, кеше соған ұқсас аталатын жаңа аймақтың бар екенін білдік. Айырмасы қандай?

- Ол деэскалация аймағы емес, қарусызданған аймақ, Путин мен Ердоғанның кездесуінен соң соны құру туралы айтылды. Оның контурын әлі түсінген жоқпын. Ені 15-20 километр болады деседі. БАҚ-та жарияланған ресейлік басшылықтың мәлімдемесіне сүйенсек, алдымен ол жақтан оппозициялық құрылым шығарылады. Кейін радикалды топ пен ауыр техника туралы айтылды. Дамаскідегі режимнің ауыр техникасы мен қарулы күштерін шығару туралы бір ауыз сөз жоқ! Соған қарап мен 15-20 километр оппозиция есебінен құрылады деп ойладым. Олай болса, Ердоғанның Сочидегі жетістігі керемет емес.


Екінші нұсқаға сай (сарапшылардың көбінің болжамы бойынша), қарусызданған аймақ осі Асад пен оппозицияның күштерін шектеу желісінің орталығынан өтеді. Яғни, 7,5 километр оппозиция топтарына және 7,5 километр Асадқа қарайтын аумақтан алынады. Олай болса Идлибтің басым бөлігі Асадқа қарсы күштердің қарауында қалады. Тағы бір маңызды мәселе – Алепподан Хамуға, одан әрі Дамаскіге баратын М-5 жолын қарусыздандыру ше? Ондағы қозғалыс қалай болмақ? М-4 жолы мен Алеппо-Латакия ше?

- Мен үшін маңызды сауал: қалайша Ресей басшысы кенеттен түрік президентінің айтқанына көне қалды? Ердоған оның келісімін алу үшін нені уәде етті екен?

- Керісінше, Путин Идлибті алу үшін Ердоғанды көндіре алмаған сияқты, биылғы жылдың басында Идлибтің оңтүстік-шығысы мен Шығыс Ғутада операция жүргізудің орнына Ердоған күрдтерден Африн кантонын тартып алды. Қазір Анкара ештеңе ұсына алмайды. Күрд аумақтарының бәрі АҚШ-тың бақылауында және қорғауында тұр.

Демек, Мәскеу Идлиб мәселесін күрдтер арқылы шеше алмайды. Сондықтан Ердоған "Астана келісімінде" жазылған статус-квоны еске салды. Мәскеу болса Дамаскіге Идлиб үшін Анкарамен қарым-қатынасты бұзбайтынын көрсетті, - дейді Кирилл Семенов.

(Александр Гостевтің мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG