Accessibility links

Кінәні шеттен іздеуге шебер басшылар


Түркия президенті Тайып Ердоған (сол жақта), Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменеи (ортада) және Ресей президенті ВладимирПутин (оң жақта) бейнеленген коллаж.
Түркия президенті Тайып Ердоған (сол жақта), Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменеи (ортада) және Ресей президенті ВладимирПутин (оң жақта) бейнеленген коллаж.

Билікке монополия орнатса да, Ердоған, Хаменеи мен Путин сияқты автократтар кінәні аударатын сырт тарап іздеуге мәжбүр.

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған билікке тұтас монополия орнатты деуге болатын жағдайға жуық тұр. Экономика да, ақпарат құралдары да, әскер де - уысында.

Әйткенмен авторитарлық басшы елді шайқалтып жіберген валюта дағдарысы мен экономикалық қиындық кезінде кінәні "шетелден жеткен зауал" мен "ішкі бүлікшілерге" аударуға тырысып бақты.

Соңғы 15 жыл бойы Түркиядағы саясат сахнасының төрінен түспеген, әуелі премьер-министр болып, 2014 жылдан бері президентке айналған Ердоған лира бағамының құбылуын "әлеуметтік желілердегі экономикалық терроршылардан" көрді және мұның артында өзінің НАТО бойынша одақтасы АҚШ тұр деп мәлімдеді.

Түркия президенті Тайып Ердоған
Түркия президенті Тайып Ердоған



Ердоғанның арандатушы пікірлері біраз жұрттың назарын аударғанымен оның қиын-қыстау кездері айыптаушы риторикаға көшетінін көпшілік біліп алған.

Ол ешқандай дәлел келтірместен 2016 жылы болмай қалған әскери төңкерісті АҚШ-та тұратын түркиялық теолог Фетхулла Гүлен ұйымдастырды деп жариялаған. Кейін Түркиядағы Гүленнің мыңдаған жақтасы қудалауға ұшырап, бұл әрекетті адам құқығын қорғаушылар өзгеше ойлау мен саяси наразылықты тұншықтыру деп бағалаған.

Ердоған өз кінәсін жергілікті және шетелдік дұшпанға аударып жіберіп отыратын жалғыз автократ емес.

Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеи мен Ресей президенті Владимир Путин де елдері экономикалық және саяси дағдарысқа ұшыраса, Батысты жиі кінәлап, "жымысқы жоспарлар", "бесінші колонна" мен "шетел агенттері" туралы айтудан жалықпайды.

Стамбулда тұратын саяси сарапшы Гарет Дженкинс:

- Автократтар кінәліні сырттан табуға ерекше мұқтаж. Басқа шет ел болсын, этникалық топ болсын, діни азшылық болсын, автократтар бұлардың бірін қателіктің себебі ретінде, кінәлі тарап етіп көрсетеді. Олар табиғатынан осындай жандар, өйткені бар билік - қолдарында, - дейді.

Оқи отырыңыз: Түркияда доллардың қымбаттауы еңбек мигранттарының табысына жайсыз тиді

Түркия экономикалық дағдарысқа ұшырайды деген қауіп төнген шақта лира бағамы рекордтық деңгейге дейін құлдырады. Вашингтонмен қарым-қатынастың нашарлауы валютаның әлсіреуін тездетті, биылдың өзінде лира 45 пайызға құнсызданып кетті.

Вашингтон терроризм айыбымен америкалық пасторды қамап қойғаны үшін Түркияның екі министріне санкция салған. Өткен аптада АҚШ Түркиядан сатып алатын металл импортына салықты өсірді.

Бұған жауап ретінде Ердоған Түркияның "экономикалық соғыстың" нысанасына айналғанын айтып, түркиялық азаматтарды долларлары мен еуроларын жаппай лираға айырбастауға шақырды.

Стамбулдағы ақша айырбастау пунктінің алдында тұрған адам. 13 тамыз 2018 жыл
Стамбулдағы ақша айырбастау пунктінің алдында тұрған адам. 13 тамыз 2018 жыл

Түркиялық экономист, Стамбулдағы Экономика мен сыртқы саясат орталығының сарапшысы Джан Сельджуки ұлттық валютаның бұлайша құлдырауын тек шеттен жасалған шабуыл деп түсіндіру қисынсыз деп ойлайды.

- Лираның құнсыздануына анық экономикалық себептер әсер етті. Оған АҚШ-пен қарым-қатынастың нашарлауын қоссаңыз, тұрақсыздықтың неден туғанын түсінесіз, - дейді сарапшы.

Экономистердің сөзінше, өсіп бара жатқан инфляцияны тежеу үшін Анкара пайыздық мөлшерлемені азайтуға тиіс. Ал Ердоған бұлай жасау исламға қайшы деп санайды. Түркия президенті пайыздық мөлшерлеме өссе, инфляция шарықтай түседі деп ойлайды. Бұл ұстаныммен көптеген экономист келіспейді.

- Барлығы Ердоғанның уысынан шықпай тұрған себепті тұтас институттар тоза бастады. Сарапшылар қызметінің де қадірі кетті. Өйткені Ердоған төңірегіне тек бас шұлғи беретіндерді жинап алды. Оның экономика туралы жеке бас пікірі Түркияның экономикалық саясатына әмірін жүргізіп тұр, - дейді сарапшы Дженкинс.

Ердоғанның тактикасы "жемқорлық дендеп, экономикалық басқару бетімен кеткен" деп айыпталатын Иран мен Ресейдегі тәсілдердің көшірмесі тәрізді. Анкара сияқты Тегеран мен Мәскеу ішкі мәселелерін әлдебір шетелдік күштерден көреді.

Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеи
Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеи



Иранды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан, мемлекеттің маңызды саяси мәселелері бойынша түпкілікті шешім шығаратын Аятолла Хаменеи елдегі экономикалық дағдарысты, валютасы риалдың құнсыздануы мен үкіметке қарсы шерулердің өтуін "шетелдік дұшпандардың" ісі деп сипаттады. Хаменеи израильдік "сионистер" мен "Ібіліс" АҚШ-ты айыптауды да ұмытпады.

Бірақ экономистер АҚШ-тың санкциялары ахуалын нашарлата түссе де, Иранның экономикалық жаулары өз ішінде деп санайды. Мұнай мен газға, бағаны бақылау мен субсидияға тәуелді Иран экономикасын билік қатаң түрде бақылап отыр.

Балтимордағы Джонс Хопкинс университетінің экономисі Стив Хэнк:

- Иран үкіметі еркін нарыққа сай құрылымдық реформалар жасай алмады. Өсу үшін қажетті либерализацияға қол жеткізбеді. [1979 жылғы] Ислам революциясынан бері экономика қате басқарылып келеді. Егер ауқымды реформалар жасалса, экономика қарқынды түрде өсер еді, - дейді.

Ресей президенті Владимир Путин
Ресей президенті Владимир Путин



Ресейдің шикізат экспортына тәуелді экономикасы 2014 жылы әлем бойынша мұнай арзандап, Батыс Кремльге Шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдап, Қырымды аннексиялап алғаны үшін санкция салған соң рецессияға ұшыраған.

Бірақ Путин рубль бағамының құбылуын және соңғы жылдардағы экономикалық тоқырауды "Батыстың Ресейді әлсірету әрекеті" деп түсіндірген. Сарапшылар Мәскеу экономиканы тиімді басқару тетіктерін қолдан шығарып алды, мұнай мен газ экспортына тәуелді күйін оңалтпады деп санайды. Ресей билігі мұндай сынды әзірше елең қылмай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG