Accessibility links

АҚШ сенаты Мәскеуге қарсы бұрынғыдан қатаң санкциялар әзірледі


Вашингтондағы Капитолий ғимараты. (Көрнекі сурет.)

Америкалық бір топ сенатор Конгреске Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын ұсынды. Құжат авторларының пікірінше, жаңа санкциялар бұрынғылармен салыстырғанда әлдеқайда қатал болмақ.

"Америка қауіпсіздігін Кремль агрессиясынан қорғау туралы заң" деп аталатын жобаны Конгреске екі партияның ықпалды сенаторлары енгізді. Санкцияларды күшейту қажеттігін олар бұған дейін жеке-жеке мәлімдеген. Мысалы, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Хельсинкидегі кездесуінен кейін республикалық партияның өкілі Линдси Грэм телеарнадан сөз сөйлеп, АҚШ президентіне қатқыл ескерту жасаған болатын.

"Путинмен келіссөз жүргізген кезде өзіңіздің АҚШ-тың, демократияның дұшпанымен сөйлесіп отырғаныңызды түйсінесіз деп үміттенемін. Президент мырза, алданып қалмаңыз - Путин сізге дос емес", - деп ескерткен Грэм.

Республикашыл Бен Сасс та осыған ұқсас пікір айтқан:

"Владимир Путин – бізге жау адам. "Владимир Путин – озбыр. АҚШ президентінің оны құттықтағаны да, Ақ үй баспасөз хатшысының "Путин тәуелсіз әрі әділ жолмен қайта сайланды деуге бола ма?" деген қарапайым сұраққа жауап беруден жалтарғаны да дұрыс болмады. АҚШ халқы мұның жауабын біледі, мұны Ресей азаматтары да, бүкіл әлем де біліп отыр", - деген ол.

Сенаттағы республикашыл партия өкілдерінің бірі Марко Рубио "Тежеу заңы" (ал тағы бір нұсқада "қорқыту" деп аударылған) жобасын палатаға қаңтарда ұсынып қойған, енді ол бұл мәселеге оралу туралы ұсыныс айтып отыр. Сенаттағы республикашылар жетекшісі Митч Макконнел мен заң және сыртқы істер жөніндегі екі салалық комитет төрағалары Рубионың заң жобасын қазірдің өзінде қолдап отыр. Марко Рубио позициясын былай түсіндірген:

Марко Рубио.
Марко Рубио.

"Владимир Путин бір ғана нәрсені – қорқыту тәсілін ғана түсінеді. "Қорқыту заңында" ұлттық барлау қызметінің директоры біздің сайлауларға Ресей тағы киліккен деген ұйғарым жасаған бетте дереу күшіне енетін санкциялар тізімі бар. Сондықтан ол мұндай әрекеттері үшін қандай құн төлеуіне тура келетінін әлдебір әрекетке кіріспей тұрып ұғынатын болады. Владимир Путин сияқты адамдар әуелі пайданы таразыға салып барып әрекет етеді. Олар ұтқаны мен ұтылғанын таразылайды, тиісті шешімді содан кейін қабылдайды. 2016 жылы ол аз ұтылып, көп ұтамын деп ойлағанына күмән жоқ, сондықтан үлкен құн төлемесе, ол бұл әрекетке тағы жүгінетін болады".

Тамыздың 2-сі, бейсенбіде Ақ үйде өткен брифингте ұлттық барлау қызметінің директоры Дэн Коутс та дәл осындай мәлімдеме жасаған. Оны брифингке қатысқан ұлттық қауіпсіздік үшін жауапты өзге ведомство басшылары да қолдаған.

Дэн Коутс.
Дэн Коутс.

"Алдағы, яғни биыл қарашада АҚШ Конгресінің аралық және 2020 жылғы президент сайлауына төніп тұрған қатерлер барлау қызметін әлі де алаңдатып отыр. Ресейдің аралық сайлауға килігуіне қатысты айтар болсақ, Американы әлсіретіп, елімізде іріткі салуды көздейтін Ресейдің пропагандалық кампаниясын өрістетіп отырғанын әлі байқап отырмыз. Олар биылғы я болашақ сайлаулармен ғана шектелмей, мұндай әрекеттерімен АҚШ-тағы бүкіл сайлауларда айналысуға тырысатыны анық. Бұған қоса, біз орыстардың кандидаттар ғана емес, лауазымды тұлғалардың да компьютерлерін бұзып, ақпарат ұрлауға тырысқанын білеміз", - деген Коутс.

Ресейге қарсы салынатын санкциялар туралы негізгі заң жобасының тағы бір тең авторы республикалық партия өкілі Кори Гарднер өткен айда өз заң жобасын ұсынған болатын.

"Төрт жыл бұрын шығыс Украина территориясынан "Малайзия әуе желілеріне" тиесілі ұшақты ресейлік зымыранмен атып, 300-ге жуық адам мерт болды. Ресей жолаушылар ұшағын атып түсіріп қана қоймай, көршілері Грузия мен Украинаға басқыншылық жасады, Сирияда Асадтың қандықол режиміне, Ауғанстандағы жауларымызға қолдау көрсетіп отыр. Ол АҚШ пен өзге елдердегі сайлауларға килігу тәрізді әрекеттерімен Батыс демократиясына қарсы қарқынды ақпараттық соғыс жүргізіп отыр. Биыл орыстар одақтас елдің территориясында екі адамға химиялық қару қолданып, тағы да шектен шықты. Мен мемлекеттік департаментті алдағы 90 күннің ішінде Ресейді терроризмді қаржыландыратын елдер тізіміне енгізу керек пе, жоқ па деген мәселені анықтауға міндеттейтін заң жобасын ұсындым, әрі жоба көп ұзамай талқыланады деп үміттенемін", - деген Гарднер.

АҚШ Мемлекеттік департаментін Ресейді "терроризм демеушілері" тізіміне енгізу мәселесін қарауға міндеттейтін ереже "Кремль агрессиясынан Америка қауіпсіздігін қорғау туралы" заң жобасының бір бөлігіне айналды. Бұған қоса, жобада Ресей президенті Владимир Путиннің жеке активтері туралы есеп әзірлеп, "Путиннің мүддесін көздейтін заңсыз әрі зиянды әрекеттерге тікелей я жанама түрде көмектескен" саясаткерлер, олигархтар және олардың отбасы мүшелеріне санкция салу қарастырылған. Санкциялар Ресейдің энергетикалық жобаларына салынатын инвестициялар мен мемлекеттік құнды қағаздарымен жүргізілетін операцияларға салынуы тиіс.

Нью-Йорк қаржы биржасы ғимараты.
Нью-Йорк қаржы биржасы ғимараты.

Алайда жобаның бұл тармағы күткендегіден гөрі жұмсағырақ болып шықты. Яғни инвесторлар бұрын шығарылған федералдық займ облигацияларымен жұмыс істей береді, санкцияға жаңадан шығарылған облигациялар ғана ілігеді. Бұдан бөлек, заң сақтандыру компанияларын АҚШ-та сатып алынған жылжымайтын мүліктің түпкілікті иесін анықтап, тиісті органдарға хабарлауға міндеттейді.

Заңға сәйкес, АҚШ-та енді гибрид қатерлермен күрес орталығы, ал Мемлекеттік департамент жанынан киберкеңістік пен сандық экономика жөніндегі бөлім құрылатын болады. Киберқылмыстар, әсіресе аса маңызды инфрақұрылымды басқару жүйелерін бұзғаны үшін қарастырылатын жаза күшейтілмек. Сайлауға килігу әрекеттері АҚШ-та тұруға ықтияр хат беруден бас тартуға негіз болады. Бұған қоса, АҚШ НАТО-дан шығуы үшін енді Сенат мүшелерінің көбі, яғни үштен екі бөлігінің қолдауы қажет болмақ. НАТО-ға мүше кей елдердің Ресей қаруына тәуелділігін азайту үшін АҚШ оларға өзінің артық-ауыс қаруын жіберіп отыратын болады.

Ресейге қатысты қатаң саясат ұстану позициясын Өкілдер палатасы спикері Пол Райан да қолдайды. Ол Хельсинкидегі саммиттен кейін іле-шала осындай мәлімдеме жасаған:

Пол Райан.
Пол Райан.

"Владимир Путин біздің мүдделерімізге қарсы. Владимир Путин біздің құндылықтарымызға қарсы. Жуырда ғана еліміздегі сайлауға Ресейдің ықтимал килігуі туралы тергеуді аяқтадық. Сайлауға килігу әрекеті болған. Бұл – анық. Сондықтан біз Ресейге санкция салдық, бұл әрекеті үшін оларды жауап беруге мәжбүрледік. Мен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылу ниетін де, мұның қажет екенін де жақсы түсінемін. Бұл орынды. Бірақ Ресей – мүдделеріміз бен құндылықтарымызды мойындамайтын, бізге қатер төндіріп отырған ел. Бұл жағынан ешқандай күмән болмауы тиіс".

Сенат қарауына түскен заң жобасын Конгресс мүшелерінің көбі қолдап отыр. Әйтеуір әзірше депутаттардың ешқайшысы қарсы пікір білдірген жоқ. Жобаға қатысты көзқарасын президент те әлі айтқан жоқ. Бірақ бір жыл бұрын қабылданған санкциялар туралы өзге заң сияқты бұл жоба да консенсуспен қабылданатын болса, президент Дональд Трамптың оған қол қоюдан өзге амалы қалмайды.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Владимир Абариновтың мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG